Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаңтар оқиғасы: Азаптау бойынша 170 қылмыстық іс қозғалған

02:12, 13 ақпан 2022 263
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардан 305 шағым түсті. Сенбі күні Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов осылай деп мәлімдеді. Құқық қорғаушылар мен адвокаттар, ұсталғандардың туыстары тарабынан қамаудағы азаптауларға қатысты шағым көбейген тұста осындай мәлімет айтылды. Бұл туралы Азаттық жазды.

Нұрдәулетовтің айтуынша, "заңсыз тергеу әдістері" бойынша түскен 62 шағым расталмаған. Азаптау және билік өкілетін асыра пайдалану фактілері бойынша 170 қылмыстық іс қозғалған. Қалған 73 шағымға қатысты Ақорда хабарламасында ештеңе айтылмаған.

"Әрбір жағдайды мұқият қараймыз, бұлтартпас дәлел бар болған жағдайда ғана жауапқа тартамыз" деп Ақорда сайты бас прокурордың сөзінен үзінді келтіреді.

Қазақстана қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақты ұрлау" және өзге қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынған. Ұсталғандардың көбінің туыстары қамау кезіндегі азаптауларға шағымданды: олардың сөзіне қарағанда, полиция бөлімшелерінде жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен және электрошокермен күйдірген, қатты ұрып-соққан.

Қазақстанда азаптаулар туралы істер сотқа сирек жетеді және көп жағдайда айыптау үкімі шыға бермейді. Мұндай істер әдетте "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" жабылады.

Нұрдәулетовтің айтуынша, арнайы прокурорлар жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу тобында "жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі" бойынша 177 іс бар. 779 адам қамауда отыр.

"Азаматтардың жеке бас мәліметтері, денсаулығы мен өзге де материалдар анықталғаннан кейін 109 адамның қамау шарасы ешқайда кетпеу және жеке кепілдік беру туралы қолхаттармен алмастырылды. Прокурорлар тәртіпсіздікке қатысы бары дәлелденбеген 103 адамды босатты" деді Нұрдәулетов.

  • Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында басталған наразылық елдің өзге өңірлеріне жылдам жайылды. Кейбір өңірде тәртіпсіздіктер болды. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Билік қаза болғандардың тізімін жарияламады.

  • Азаматтық белсенділердің айтуынша, қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар көп.

  • 6 қаңтарға қараған түні Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет "террорист" сөзін қолданды. Ол Қазақстанға "іс жүзінде халықаралық террористік топ" шабуыл жасады деп мәлімдеді. Ол бұл тіркесті ҰҚШҰ-дан "әскери көмек" сұрау үшін және күштік құрылымдарға "арнайы операция" кезінде "ескертусіз оқ атуға" бұйрық беру үшін пайдаланды. Билік "сырттан агрессия болғаны" туралы тұжырымына әлі күнге дейін дәлел келтірмеді.

  • Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаптауды доғаруға, оған кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған.

  • Бас прокуратура азаптау бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айтқанмен қанша полицейдің ұсталғаны туралы ақпарат бермеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар