Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақстан азаматтары үшін қажет жағдайдың бәріне бара алады": Ақорда Украинада қастандық жасалған Қазақстан азаматына қатысты пікір білдірді

12:33, 21 маусым 2024 457
Соғыс боп жатқан Украинада, майдан даласынан алыс астанасы Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Өз мәшинесінде әйелімен әңгімелесіп отырған Айдосқа белгісіз бір ер адам пистолеттен бірнеше рет оқ атқан да қашып кеткен. Оқтың бірі Айдостың басына тиіп, журналист қазір ауруханада өмір үшін күресіп жатыр. Жақсылығы жақын болсын!
 
Мен бұл оқиғадан бір сұлба көремін - іске Украина құпия органдарының қатысы болмаса мынадай дәрежедегі қастандық ой іске аса ма?.. Қайдам-ау...
 
Ел соғыс жағдайында. Әшейінде көшедегі бейсеубет жүрген адамды тоқтатып, құжатын тексеріп, "соғыстан қашып жүрген жоқсың ба" деп бір тиісіп алатын украин сақшылары тұмсығының астында тапаншамен жүргендерді қалай "көрмей қалғаны" түсініксіздеу...
 
Ресеймен де, АҚШпен де, Қытаймен де, БҰҰның болашақ Бас Хатшысымен де амандық-саулығы түзу, әңгімесі дұп-дұрыс Тоқаевтың тірлігі ұнамайтын шығар, бәлкім.
Расында, қазір "Қазақстанда кімнің қызығушылығы жоқ" деген сұраққа жауап берген оңайырақ. Араб та, қытай да, әміркен де, ағылшын да, француз да, неміс те, қысқасы кім мықтының бәрі Қазақстанға бір зауыт, кенорын немесе инвестиция салып қойған.
 
Президентіміз де әлемді шарлап тыным таппайды. Тақа болмаса елге қонақ шақырады, дамыған елдердің бизнес өкілдерін, ақшалы адамдарын әкеліп қазақтың іскер жігіттерімен таныстырады, бірге жұмыс істеп кетуіне іргетас қалап береді.
Соның арқасында Қазақстан көршісіндегі соғысқа қарамастан мысықтабандап болса да ілгерілеп барады әм болашағының да жарқын екеніне бек сенімді!
Міне, бұл басқаларға ұнамайды!!!
 
Президент Тоқаевтың өзі де бұл оқиға туралы пікір білдірген болатын:
- Украинада бір азаматымызға қастандық жасалғанын естідім. Бұл бей-жай қарайтын жеңіл-желпі іс емес. Қазақстан азаматтары үшін қажет жағдайдың бәріне бара алады. Біз бұл істі тергеу кезінде Украинаның құзырлы органдарымен тізе қоса қимылдауға, қажет көмектің бәрін беруге дайынбыз" депті үлкен кісі.
 
Президент Тоқаевтың бұл оқиға туралы өзінің пікірін ашық білдіргені әрі ақпарат шыққан бойда шұғыл түсінік бергені орынды-ақ болды. Қазақстанның әлемдік аренадағы атына қара күйе жағуға тырысқандарға жақсы жауап болды.
 
"Қазақстан билігі өзіне қарсы шыққан журналистердің өзін атып тастайды екен" деген ақпарат таратып, әлемнің сөз бостандығын сүйгіш адамдарының Қазақстанға деген сезім, сенімдеріне селкеу түсірмек болғандардың талабы тасқа соғылған сыңайлы!
Ақорданың ашық әңгіме айтқаны, бұқпай, бүкпей мәлімдеме жасағаны жөн-ақ болды!
Алмас Алтай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар