Қазақстан ресейлік CБЕР-мен цифрлық үкімет құру туралы келісімнен бас тартты. Нұр-Сұлтан бұл жобаны отандық IT-мамандарымен бірігіп, өз күшімен жүзеге асырады. Бұл жөнінде жұма күні цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин хабарлады.
"Геосаяси жағдай мен өз мүмкіндіктерімізді саралағаннан кейін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ымен бірігіп, отандық IT-платформада өзіміз жүзеге асырамыз деп шештік. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Отандық жүйеге екі-үш жылдан кейін көшеміз, осы жылдың соңына дейін алғашқы сервистері дайын болады" деді Жамбакин. Оның сөзінен ҚазТАГ сайты үзінді келтіреді.
- Қоғамда дау туғызған құжатқа Қазақстан үкіметі былтыр қыркүйекте қол қойған. Оған сәйкес, ресейлік СБЕР Қазақстанға қазіргі egov-қа балама "цифрлық үкімет" платформасын жасап беруі тиіс болған. Жоба құны 500 млн доллар деп айтылған.
- Бұл меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойған. Жеке дерек қауіпсіздігі мәселесі де көтерілген. Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы Қазақстанға "ең қолайлы жүйе" және "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген.
- Биыл наурыздың соңында министрлік СБЕР-мен келісімге қол қою күн тәртібінде тұрған жоқ деп айтқан.
- Кремль бақылауындағы "Сбербанк" 2020 жылы "банк" атауын алып тастаған. 2017 жылдан бері Сбербанк қаржыдан бөлек салаларға да инвестиция құя бастаған. Ресей басқыншылығына байланысты салынған Батыс елдерінің санкциясына "Сбер" басшысы Герман Греф те ілінген. Оның аты-жөні Ұлыбритания мен АҚШ-тың "қара тізімінде" кездеседі.