Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстаниядан Қазақияға дейін

18:14, 04 желтоқсан 2024 73

Еуразияның жүрегінен орын тепкен қазақ даласы экономикалық, географиялық, саяси, тарихи тұрғыдан ежелден-ақ басқа елдердің қызығушылығын тудырды.

Осы даланы мекендеген тайпалар, жер бедері, георафиясы, көрші халықтары туралы мәлімет берген әуелі грек қолжазбалары. Әсіресе «Бехустин жазбаларында» сақ тайпаларының мекен ететін аймақтарының географиялық орны, Каспий мен Арал теңізі, Орал таулары жөнінде біршама құнды мағұлматтар келтірілген. Бұл жазбаның V бағаныныда «сақ әскерімен бірге теңіздің ар жағындағы сақ еліне бардым. Олар бастарына үшкір дулыға киеді екен. Сосын мен теңіз маңындағы бұрынғы су жолдарын қалпына келтірдім. Осы көпір арқылы өтіп, олардың тас-талқанын шығардым. Сөйтіп ол елді бағындырып алдым» деген жолдар кездеседі. Бұдан бөлек Герадот, Страбон, Птоломей, Плиний де өз жазбаларында сақтардың мекендейтін жерлерінің бедерін қағазға түсірген. Онда Гиркан, Оксий қоспасы, Акас өзендері тб жер-су аттары сөз болған. Кеңес тарихшысы әрі археолог С.П. Толстов бұл атаулар «қазақ жеріндегі Арал теңізінің өзі» деп жазады.

Ислам діні тарала бастағаннан кейін араб миссионерлері мен географтары да түркі даласына қарай бет бұрып, осы дала туралы молынан жазып қалдырды. Біз үшін құнды деректер болып, араб саяхатшы,геогрфтары Ибн Хордадбехтің «Ктаб алмасалик ва-л-мамалик» (Саяхаттар мен мемлекеттер кітабы), әл-Идрисидің «Нузхат ал-мущтакк» және авторы белгісіз X ғасырға тиесілі «Худдуд ал-Алам ал-машрик ил ал-Магриб» (Шығыстан Батысқа дейінгі әлем өлкелері немесе әлем шекараларының кітабы) еңбектері қазақ даласындағы көне қалалар мен өзен-көл аттары жөнінде көптеген ақпараттар береді. Кейіннен Махмұд Қашқаридың дөңгелек картасы құрастырылып, елдер мен тайпалар картаға түскен. Жә, ежелгі орта ғасырлардағы көне қолжазбалар бізге жеткіліксіз. XVII-XVIII ғасырда орыс географтары П.П. Семенов, Н.А. Северцов, Г. Потанин және тұңғыш қазақ ғалымы Ш. Уәлиханов қазақ даласының географиясы тұрғысында жүйелі мәліметтер бергенін де айта кетуіміз керек.

Біздің қарастырғалы отырғанымыз «Қазақстания» термині болғандықтан жоғарыдағы қазақ даласын зерттеген ғалымдарды бекерге келтірген жоқпыз. Себебі «қазақ» атауы бұл географтардың тіліне тиек болып, жазбаларында жазылды ма деген сұрақ туындайды. Ал «Қазақстания» атауы Еуропа елдерінің карталарында үлкен әріптермен баса көрсетілген. Мені қызықтыратыны еуропа ғалымдары картада неліктен «Қазақстан» деп емес «Қазақстания» деп көрсеткені. Біз бұл терминге үстіртін қарай салуымызға болмайды. Әр нәрсенің түпкі негізі (мотив) бар.

«Қазақстания». Түбірі- қазақ. Біз ойлап көрдік пе, қазақ сөзі қай ғасырдан бастап қолданысқа ене бастады және қандай мағына үстейді. Әрине, бәріміздің білетініміз қазақ-еркін, дербес деген атауды білдіреді. Бірақ бұл айта-айта тізесі шығып кеткен анықтама сияқты болып көрінеді.

Қазақ сөзін көп ғалымдар Каспий теңізінің маңын мекендеген каспий тайпасы мен сақ бірлестігінің бірігуінен пайда болған деген тұжырым жасайды. Бұл пікірді айтқан ғалым А.Н. Бернштам «Оңтүстік Қазақстанның көне тарихы мен этногенезінің проблемалары» еңбегінде «екі мүше қас-сақ-тан қазақ жасалуы мүмкін» деген дүдәмал пікір келтіреді.

Жазушы әрі тарихшы ғалым Қойшығара Салғара ағамыз болса өзінің «Қазақтар» (1995ж) роман-эссесінде «қазақ» атауына қатысты бірнеше дәйекті мысалдар келтіреді. Мысалы «қазақ сөзін Вамбери-көшу, қыдыру, жұртсыз, адасу; Гомбоц-жұртсыз, үйсіз, жұмыссыз; Рамстедт- батыр, алып; Әлішер Науаи-отансыз, кезбе, жасақ; П. Бутков күзетші, шекара сақшысы ұғымында түсіндіреді. Ал Шоқан Уәлиханов «қазақ» сөзін «Шайбанинамада» европалықтардың рыцарларымен тең мағынада қолданылатынын айтады, запорождық казактардың өздерін рыцарлармыз деуінің тегін еместігін ескертеді.»

Ақын, түркітанушы Олжас Сүлейменов болса«Аз и Я» кітабында «халықтық этимологияда ол әлі күнге дейін «қаз-ақ», яғни ақ-қаз, аққу деген ұғымды білдіреді (барлық түркі тілінде: «каз»- гусь, «ақ»- белый).» деп қазақ атауының пайда болуын тотемдік сенімге негіздейді. Алайда біз бұл пікірге де ноқталана алмаймыз. Жылдар жылжып, дәуірлер алмасқанда сөздің де мағынасы түрлене түседі. Әрине,  мотивін жоғалтпауы мүмкін бірақ «қазақ» сөзінің этимологиясы аң-құсқа арналып қойылды дегенге күмәнім бар себебі «қазақ» сөзі тотемдік сенімдерге байланысты қойылатын болса, неліктен өздері табынған, байрақтарына бедерлеген көк бөрінің атымен атамады деген сауал туындайды. Шығыстанушы, ғалым  В.П. Юдин «Центральная Азия в XIV-XVIII веках глазами востоковеда» еңбегінде «Қазақ= Қай+Сақ. Мұнда «Қай» көне түркі тайпаларының бірінің атауы, оған Сақ этнонимі қосылған» деп жазады. Тіл зерттеушісі, академик Ә. Қайдаров «Қазақ» атауының қалай, қай кезеңде басталуын Дешті-Қыпшақтағы тайпалар одағынан іздеу керек» дейді. «Қазақ» атауының шығуына қатысты нақтылы дерек жоқ, себебі әр ғалым, әр зерттеуші өз пікірі негізінде ой қорытып әртүрлі жорамал жасайды. Бүгінге дейін «қазақ» атауына қатысты жүзге жуық пікір айтылған. Бірақ бір арнада тоғысқан, нақтылы дерек кездеспейді. Алдағы уақытта жүйелі әрі нақты зерттеуді қажет ететін бір сала осы «қазақ» этнонимінің түп-төркіні болмақ. Өйткені мыңдаған ғасырлық тарихы бар еліміздің тамыры осы сөзден бастау алатыны анық. Демек қазақ елі 1465 жылы біртұтас болып құрылғанымен оның тарихы әріде жатыр. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы «Қайсақ атауын тарихи әдебиетінде Б.Ж.С. бұрынғы 119 жылдан бері белгілеп келген қытай және шығыс жұрты «тілі келмегендіктен» теріс атады ма? Жоқ әлде XVIII ғасырға дейін бұл ат-атау жайында бейхабар болып келген орыстар өздерінің «казак» (қашқын) атауымен ұқсастырып теріс атады ма? деген заңды сауал туындайды. Әрине, біз мұнда XVIII-XIX ғасырдағы орыс шығыстанушыларының қыруар еңбегін тауын аласартпай-ақ айтар болсақ шығыс халықтарының ежелгі жазылымдарында сенгіміз келеді. «Кай сак» атауы қытай және тунгус-моңғол тарихи жазылымдарында тым ертеден келе жатқан ұғым» дейді. Иә, әйтпесе патшалық Ресей үкіметі қазақтарды бекерден-бекер «қайсақ» деп атамаса керек. Олардың қытай жылнамаларынан алып, атап отырғаны әмбеге аян.Сонымен «қазақ» атауы XV ғасырда емес,сонау ерте замандарда (бзд) пайда болған.

«Қазақстания» сөзінің түбірін анықтап алдық. Енді «-стан» жалғауына тоқталатын болсақ, бұл жалғауға көп аялдап қажеті жоқ. Себебі  «-стан» тіркесі парсы тілнде «атамекен, жұрт, орда, ел» деген мағынаны береді.

Ал (-ия») жұрнағына қатысты тарихшы, жазушы Қойшығара Салғарин бір сұхбатында «Көне түріктер отырықшылардың мекенін ҰЯ дейді, көшпелілердің мекенін -АН дейді. Азия, Тұран деген сөзде осыдан шыққан.»

Осы себептен де «Қазақия» сөзі пайда болуы мүмкін. Мемлекет атауы Қазақстан атанбай тұрып, «Қазақ елі», «Қазақстания» аталуы да кәдік. Тарихтан Дешті Қыпшақ даласы депте аталғанын білеміз. Осы тұрғыда тарихшы Зардыхан Қинаятұлы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» еңбегінде «Константин Багрянородныйдың айналымға енгізген деректемелері негізінде «казахия» мәселесі тілдік, әріптік белгілерінен бастап, географиялық орналасу жайына дейін мұқият талдауға ұшырады. Ғалымдар грекше түпнұсқасындағы «Казахия» атауының басынан үшінші әрібін «дзета» (З) емес, «сигма» (С) деп таныды. Олай болғанда нысана «Казахия» емес, «Касахия» болып оқылады. В.Ф. Минорский нысана «Казахия» деп Касогтар сөз болып отырғанын айқындады» деп жазады. Демек қазақ мемлекеттілігінің тарихы сонау мыңжылдыққа дейін тереңдеген. Таяуда ғана «Егемен Қазақстан» газетіне Мұхит Сыдықназаровтың берген сұхбатында «1562 жылы сызылған сол картада «Қазақия» деп нақты көрсетілген. Неміс швед оқымыстысы Себестян Мюнстер 1544 жылғы картасында «Қозақи орда» деп жазған. Біз тарихи, тілдік тұрғыдан қарастырдық бірақ «Қазақстания» микроконтиненттің атауы екен. Бұл жайлы академик Әділхан Байбатша «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтқан. Яғни Қазақстания микроконтиненті мыңжылдықтардан бері жасап келе жатқан геогрофиялық маңызы бар мекен. Тарихи сабақтастық пен географиялық орны бар жердің тарихын мектеп оқушылары мен бұқара халықтың оқып, білуі халқымыздың іргесін бүтіндеп, тарихын тереңдете түседі деген ойдамын. Бірқатар академик,тарихшы, жазушылардың пікірлері мен ғылыми тұжырымдарын келтірдік, олардың пікірлері мен деректерін құрметтей келе, «Қазақстания» атауын «қазақ жерінің иелері» деген қортындыға келеміз.

                              Сейсенбаев Санжар

             Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 3-курс студенті

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар