Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ҚазҰУ-дың жері мемлекетке қайтарылды: Құлыбаев пен Тасмағамбетов "тандемі"

10:53, 27 маусым 2024 651

Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті аумағындағы Тимур Құлыбаевтың иелігіне өтіп кеткен жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек айтты, - деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың айтуынша, ҚазҰУ-дың жері толығымен мемлекеттік меншікке өтті, тиісті соттың шешімі шыққан.

"Жер аманаты" республикалық жер комиссиясы аясында Алматы қаласы жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы бойынша ҚазҰУ-дың заңсыз кеткен жері бойынша Алматы қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 2 қазандағы қаулысы мен бірқатар сатып алу-сату шарттары 2024 жылғы 9 сәуірдегі Алматы қаласы мамандандырылған экономикалық соты шешіміне сәйкес заңсыз деп танылған болатын. 2024 жылғы 27 мамырда Алматы қаласының апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырып, ҚазҰУ-дың көлемі 0,7168 гектар жерінің (кадастрлік нөмірі: 20-313-009-029) қаулысы мен сатып алу-сату шарттарын заңсыз деп таныды.

Енді жер үстіндегі 10 қабатты бизнес орталығын Тимур Құлыбаев компаниялары ҚазҰУ-ға беруі тиіс, мұны мен Парламент Мәжілісінің жалпы жиналысында Бас прокурорға үндеу жасағанда ескерттім. Бұл соттың шешімі әділдіктің шыңы,"Жаңа Қазақстанның" бастауы болғай", - деді ол.

Сонымен қатар, депутат жер Иманғали Тасмағамбетовтің кезінде заңсыз иелікке өткенін де айтты деп жазды Dalanews.kz.

"ҚазҰУ-дың жеріне байланысты үзілді-кесілді нүкте қойылды. Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында ҚазҰУ-дың өтіп кеткен үлкен жері бар. Сол жері кезінде Иманғали Тасмағамбетовтың заңсыз қол қойған қаулысы, әсіресе, 2007 жылғы қаулысына сәйкес ҚазҰУ-дың иелігінен мемлекеттік қажеттілік үшін алынған болатын. Ол жер кейін SKY ENGINEERING ЖШС-ға сатып алу-сату шартымен беріліп кеткен", - деді Базарбек.

Кейін жер бірнеше ЖШС-ға қайта сатылған. Ақыр аяғында 2017 жылы ATLAS DEVELOPMENT ЖШС-ға сатылған. Бақытжан Базарбек бұл ЖШС-ның иесі Тимур және Динара Құлыбаевтар екенін айтты.

"...Әділдік орын алды. Құлыбаевтың иелігіндегі үлкен ҚазҰУ-дың жері бизнес орталықпен бірге мемлекеттік меншікке өтті деуге болады", - деді депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар