Қысқы спорттың әлеуетін көтеру мақсатында кеше «Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінде шаңғы спортын дамытып, кәсіби спортшылардың әлеуетін арттырудың мәселелері мен жоспарлары талқыланған баспасөз мәслихаты өтті.
Спорттың кез келген түрін дамытып, шыңдауды балалардан бастаған дұрыс, әлемдік тәжірибе солай. Бірнеше жылдан бері «Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінде балаларды шаңғымен сырғанауға баулитын арнайы мектеп ашылып, жұмыс істеп жатыр. Баспасөз мәслихатында «Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінің директоры Ринат Абдрахманов шаңғы мектебіне қатысушы балалардың арасында халықаралық турнирлерге барып бағын сынаушылар да шыққанын айтты. Өкінішке қарай, «Шымбұлақтағы» шаңғы мектебінің бар екенін, ол жерде балаларды қысқы спортқа, оның ішінде шаңғымен жүйткуге үйретінін алматылықтардың көпшілігі бейхабар. Қысқы спортты дамыту үшін насихаттау керек, балаларды қызықтыра білген абзал. Баспасөз мәслихатында осындай жайттар да талқыланды.
Жарас Кемелжан