Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

СКЛЯР МЕН ҚАРАШӨКЕЕВ ОТСТАВКАҒА КЕТСІН!

03:54, 21 ақпан 2022 267

Маңғыстаулық азаматтар Ақтау қаласында өтіп жатқан шаруалардың өңірлік құрылтайында Үкіметке осындай талап қойды. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы жазды.


Олар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жауапты лауазымды тұлғалар – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.




– Ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утиль алымын алып тастау мәселесі әлі шешілген жоқ. Біз, шаруалар бұған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр кінәлі деп есептейміз. Сондықтан оның отставкаға кетуін талап етеміз. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те қызметінен кетуі керек. 2021 жылдың қарашасында Елордада өткен шаруалар құрылтайына келген жоқ. Көп уәде берді. Орындаған жоқ. Ол ең алдымен шаруаның жағдайын ойлауы керек. Біз мұңымызды кімге айтуымыз керек?! – дейді жаңаөзендік шаруа Нұрболат Темірбаев.



Мал шаруашылығымен айналысатын Әділет Шыртанов та Ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі керек деп санайды.




– Өткенде министр Ербол Қарашөкеев ZOOM платформасы арқылы маңғыстаулық шаруалармен жиын өткізді. Сонда 1 ақпаннан бастап маңғыстаулық шаруаларға жеңілдетілген бағамен жем мен шөп келеді деген. Бірақ Жаңаөзен қаласына 1 ақпаннан бері 660 қаптан басқа ештеңе келген жоқ. Бізге уәде етілген 2 мың тонна кебек енді қашан келеді? Бұл өзі қайдан келе жатыр, Қытайдан ба?! Осы мәселені реттей алмаған министр Ербол Қарашөкеевтің отставкаға кетуін талап етеміз, – деді Әділет Шыртанов.



Еске сала кетейік, бүгін Маңғыстау облысының Ақтау қаласында «Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен маңғыстаулық шаруалардың өңірлік құрылтайы өтіп жатыр. Оған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев, аудан әкімдері, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері келген.


Құрылтайда ауыл шаруашылығын несиелендіру, ауыл шаруашылығын субсидиялау, жанар-жағар май бағасы, агротехника утиль алымы, ветеринария реформасы, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, жер алу мәселесі және аграрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар