Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Софы, сен үйіңе барасың. Ал мен қайда барамын?». Белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжановтың панасыз қалғаны белгілі болды

14:51, 30 тамыз 2024 2873

Қаламгер Софы Сматаев Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сйылықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжановпен ауруханада жолығып қалғанын айтып, оның мүшкіл хәлін баяндады, деп жазды  Alash.kz ұлттық порталы turkystan.kz порталына сілтеп.

«Естуімше қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптап алшақтау кеткен бірінші, екінші жұбайларынан туған бес қызын Нұрағаң кезінде шет елдерде оқытып, қолынан келер мүмкіншіліктердің бәрін жасаған екен. Тіршілікті кейде сана билемей, көлденеңдеп киліге кететін ірілі-уақты керіс-кикілжіңдер илеп ала жөнелерін ескерсек, от басы, ошақ қасынан таба алмаған түсінісу мен ұғынысудың болмауы Нұрағаны ақыры бірінші һәм екінші жұбайларынан ажырастырып тынады. Жалғыз қалып, орыс пен ұйғырдың босағаларын паналаған ұлы әнші қандала мен бүргеге таланып, жүрек талмасы – инфарктқа ұшырайды. Бағып, қаққан қыздарынан балалық ықылас мейірім таппаған Нұрағаң 80-ге қараған шағында аяқ-қолынан әл кетіп тұра алмай қалады. Екі-үш жылдай келіп-кетіп көмек-жәрдемін тигізген Жадыра қарындасы жедел жәрдемді шақырады. Дәрігерлер әкетіп бара жатқанда: «Қарағым Жадыра, жүрегіме жасалатын операция біткенше тосып отыршы. Кетпеші!» деген өтініш-өксігін жеткізеді. Операция сәтті аяқталып, әлсіреп қалған азаматты қыздарының бағып-қақпайтынын көріп айдалаға тастап кете алмаған Жадыра біржола Нұрағаның басы-қасында болуға келісімін береді. Енді екулеп әкімдікке қол жаяды. Сағынтаевты сағалайды. Досаевты жағалайды. Жақындап қалған 85 жасын уайымдай бастайды. Кешегі өзін алақанына салып ардақтаған қазағының, тілеулестерінің алдына шығып, рухын асқақтатып өнер кешін, шығармашылық тіршілігінің бір белесін түйіндеп, шалқар Шәмшінің, телегей Нұрғисаның асыл аманаттарын – әсем әндерін ұлты мен жұртына аялап тапсырғысы келеді. Бірақ... Биіктегі төрінен, төмендегі елінен қол ұшын созған ешкім табылмады», - деп жазды жазушы әлеуметтік желіде.

Алдайда уақыт өте келе Нұрғали Нүсіпжановқа Алматы қаласының әкімі Е. Досаев мырза екі бөлмелі пәтер бергенін де атап өткен.

«Ал пәтері – қаланың шетіндегі үйдің 22-ші қабатынан тиген ғой. Өнер академиясында сабақ беретін ұстаздығын жалғастырған Нұрекең лифті бірде істеп, бірде істемейтін үйінен оқу орнына екі-үш автобусты ауыстырып мініп, әбден шаршап-шалдығып әрең жететін. Ақыры Жадыра екеуі ақылдасып, әлгі пәтерді сатады да, жиған-тергендерін қосып, орталықтан мекенжай алмақ болады. Содан бір күні есіктерін бір жігіт қағады ғой. «Нұраға! Сіздің мүшкіл халіңізді естіп, қол ұшын созғалы келдім. Мен Өзбекәлі Жәнібековтың немере інісімін. Жоғары жақта таныстарым көп. Он күннің ішінде үш бөлмелі пәтерге ие боласыздар» деген соң, аспаннан күткені жерден табылғандай болмай ма. Кеудесіне адалдық ұялаған жан әркімнің де адал болатынына сенімін жоғалтпайды ғой. Жиған-терген бар ақшасын әлгі жігіттің қолына ұстата салады. Он күн өтеді. Ай өтеді. Жылжып екінші ай жақындайды. Ақша да жоқ, үй де жоқ. Алаяққа алданғандарын сонда ұққан екеуі енді сотқа арызданады. Былтырғы жылдың желтоқсанында басталған сот отырысы әлі жүріп жатыр. Алаяқ: «Төлей қоятын ақшам жоқ. Бірер айда тауып қалармын» деп маңайына жолатпай жүрген көрінеді. Бүгінде әділетті үкім шығаратын соттың қалмағаны белгілі», - деді күйінген жазба авторы.

Осындай ілік-тартыстан әбден болдырып, денсаулығы нашарлған танымал әнші бүгінде ауруханада жатыр.

«Қашанға дейін дәрігерлері шыдап жатқыздарын бір құдайым білсін. Үш-төрт күн бұрын ауруханадан шығарымда палатасына кіріп едім. «Софыжан, сен үйіңе барасың. Балаларың мен немерелеріңнің ыстық ықыласына бөленесің. Ал мен... мен қайда барам? Қай–да–а?» деп көзіне жас алған ағамды құшақтап, шыланған кірпігімді жасырып шығып кеттім. Не істейін? Қырық жылдан бері бір тиын қаламақы алмаппын. Қандай көмек-жәрдемімді тигізе алармын. Уысымның бос ашылып-жұмыларын қайтейін. Ау, төрдегі билік иелері! Қазақстанның халық әртісіне қол ұшын беріп, көкіректегі өксіктің орнын мейірім-қайырымдарыңмен толтыра алармысыңдар.  Ау, қазақтың ақшалы, қалталы абзал азаматтары! Кешегі олимпиадаға қатысқандарға үш-төрт автокөлік, қос-қостан пәтер беріп, алдарына үйір-үйір жылқы салғандарыңды көрдік. Мынау 70 жыл қазақы рухымызды асқақтатып, қазақы әуенімізбен ұлтымыздың ұлылығын әспеттеп келген күміс көмей әнші ағамызға да оң қабақтарыңды түсірсеңдерші. Жомарт көңілді жомарттықтарыңмен аялап көрсеңдерші бір... Мен бұл постымды Нұрағаға көрсетпей салып отырмын. Көрсе, жаратпауы мүмкін. Нартәуекел! Қолымнан бар келгені осы», - деп жазды С. Сматаев әлеуметтік желіде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар