Бүгінде «жасыл экономикаға» көшу, энергиялық тиімділікті көтеру, жел, су, күн энергиялары арқылы таза экологиялық қуат көздерін алуға қол жеткізу өзекті мәселелердің бірі болып отырғандығы белгілі. Бұл үшін мүмкіндік еліміздің барлық өңірлерінде бар. 2040 жылға қарай электроэнергияға деген әлемдік сұраныс 70%-ға артады деп күтілуде. Сонымен бірге дамыған елдердің таза энергияны көптеп пайдалана бастағанына қарап, тиімділігі мол екенін көруге болады, ал, экономикасы жаңартылмайтын, табиғи ресурстарды өндіруге негізделген дамушы елдердің табысы қысқара түсуде. Дамыған елдердің басым көпшілігінде баламалы энергетикаға қатысты бағдарламалар жасалып жатыр және жүзеге асырылуда.
БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. Тұрақты даму мақсаттары – елдің өркендеуіне бағытталған өршіл мақсаттардың жиынтығы болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстан дамуының негізгі міндеттеріне Тұрақты даму мақсаттары аясында жүргізілетін жұмыстар бірінші кезекте атқарылуы тиіс. Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ)» — бұл Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер 2030 жылдың соңына дейін қол жеткізуге бағытталған мақсаттарды қамтитын әмбебап әрекетке шақыру.Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі 7-мақсат: «Қымбат емес, сенімді, тұрақты және заманауи энергия көздерінің барлығы үшін жаппай қолжетімділігін қамтамасыз ету» екенін алға тартқым келеді.
Энергетикалық қорларды үнемдеу, өндірістің қуаттылығын арттыру, қоршаған ортаны қорғау – XXI ғасырдың ең басты, кезек күттірмейтін проблемасы. Мұның себебі, дүниежүзі бойынша халық санының көбеюі, соған сәйкес олардың тұтынатын тұрмыстық энергиясының артуы, яғни өндіріс орындарының пайдаланатын энергия қуатының өсуі, ауыл шаруашылығында жерді игеру мәдениетінің алға басуына орай энергия тұтынудың жоғарылауы, тіпті, мал күтімі үшін де энергия көзін жоғары деңгейде қолдану дәстүрлі энергияның жетімсіздігін дер кезінде шешуді талап етуде.
Энергияны тұтынудың әлем бойынша артуы, әрине, энергия көзінің потенциалына, нақтылай түссек, дәстүрлі жерасты қазбаларынан алынатын отын қорына тәуелді. Ал ол жыл сайын кемуде. Ғалымдардың зерттеуі бойынша жерасты отын қорын сақтаудың бірден бір жолы – жаңартылмалы (кейінгі кездері – баламалы деген термин қолдануда) энергия көздері – күн, жел, жерасты жылы суы, мұхит суларының тасуы және қайтуы, биомасса қуаттарын пайдалану болып саналады. Білімді, сапалы кадрлар Отанымыздағы аса бай, тегін күн, жел, су, т.б. энергия көздерін пайдаланып мемлекетіміздің экономикасын байытуға, экологиясын жақсартуға ықпал етіп, сөйтіп, шет елден тәуелсіз болатын қуатты энергетикалық қондырғылар еліміздің болашағына жұмыс істеп, жұртымыздың мерейін арттырары күмән туғызбайды.
Забих Ш.А,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының доценті,заң ғылымдарының докторы
Абайдельдинов Т.М
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы,з.ғ.к