Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқсанға толған ҚазҰУ журналистерге не көрсетті?

11:16, 21 қараша 2024 170

Кеше Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай баспасөз турын өткізіп, Астана мен Алматыдан және басқа облыстардан келген қырықшақты БАҚ өкіліне оқу ордасының жетістіктері мен жасаған жұмыстарын таныстырды, деп жазады пресс турда болған Alash.KZ тілшісі.

Сағат 11: 00 де жиналған журналистер алдымен жаңадан бой көтерген «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен танысты.

Бұл орталықтың жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады деп таныстырды. Ғимарат кезінде әскери кафедраға арналған орталық болатын, қазір замануи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген мүлде бөлек әлемге айналған.

Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары мен университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасыпты.

Ғимарат алдында электр қуатымен жүретін бірнеше көлік қуат көзіне қосылып тұрды. Бір қарағанда бір жағында өндіріс, бір жағында ғылыми институт деген мысалдың нақты көрінісі. 

Орталықта одан бөлек дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары көрсетілді. Үлкен жұмыстар жасалып жатқаны орталықтың ішінен де, сыртынан да айқын көрініп тұр.

Одан кейін ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелері көрсетілді. 

Оқу ордасындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған өкілдер ҚазҰУ ғалымдарының құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асырып жатқанын сөз етті. 

Бірінші, оқу орны 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр.

Бұл жерді зерттеу жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді дейді.

Екінші, ғалымдар ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған болатын. Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығында мамандар аймақтың тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерінде шешім жолдарын табады. 

Үшінші, университет зерттеушілері 3 млрд теңгенің Мегагрантына қол жеткізді. Яғни ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді. Мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу, Жаңа нысан бүкіл елдің зерттеушілеріне озық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізу үшін қажетті ресурстарды ұсынбақ.

Журналистер ғылыми орталықтан шыққаннан кейін қалашықтағы №9 жатақханаға барып, студенттер үйінде жастардың игілігі үшін жасалған жұмыстарды көрді. Қонақтарға жатақхананың күрделі жөндеуге дейінгі және кейінгі жай-күйі көрсетілді.  Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта әрленген. Есік-терезе ауыстырылып, электр жүйесі жүргізілген. Бұған қосымша, ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі қайта ауыстырылыпты.

Бұған дейін Республика партиясының өкілі, мәжіліс депутаты Нұргүл Тау ҚазҰУ жатақханасындағы санитарлық жағдай туралы айтқан болатын... 

Оқу орнында 15 жатақхана бар. Биыл 3 жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жатақханалардағы асханаларға 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы пайдалануға берілгенін айтты қызметкерлер. Бүгінде ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында 3 жаңа жатақхананың құрылысы қолға алынбақ көрінеді. Ол туралы да баспасөз отырысында айтылды. Бұл студенттер үйінің әрқайсысы 677 орынға, барлығы 2 031 орынға арналған.

Одан кейін БАҚ өкілдері суперкомпьютер орталығының қызметімен танысты. Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай  Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесу нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған болатын. Биыл Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату туралы келісілген. 

Журналистер жылдамдығы көз ілеспейтін сол суперкомпьютерлерді де көрді. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді деп отыр.

Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының  жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді.  Қазіргі таңда құрылғыны орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Баспасөз турының келесі нүктесі химия және химиялық технология факультетінде жаңадан ашылған «Farabi Chem Science» кластері болды. Бұл кластер химия мен материалтану саласындағы озық зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Журналистер кластер құрамына кіретін 9 зертханамен танысты. Мұнда  ғалымдар химия өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған түрлі жобалармен айналысуда. 

Баспасөз турынан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қатысуымен Баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов БАҚ өкілдеріне университетте атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, алдағы жоспар туралы баяндады. Проректор өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 50 жылдық тарихы бар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталатынын айтты.

Баспасөз конференциясында журналистер ҚазҰУ құрылысының II кезеңін іске асыру, жатақханаға қатысты мәселелер және оқу ордасы қызметінің басқа да өзекті тақырыптарына қатысты сұрақтар қойды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар