Қазақстанның батысынан тағы бір дрон табылғанын Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті растады, деп жазады Alash.KZ.
Алайда аппараттың суреті, болмаса видеосы жарияланған жоқ.
Белгісіз зат 26 наурызда тағы да Жәнібек ауданы аумағынан, елді мекеннен аулақ жерден табылған. БҚО полициясы уәкілетті органдармен бірлесіп "Жәнібек ауданынан табылған пилотсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттарды тексеру шараларын жүргізіп жатқанын" айтты.
Ресеймен шектесетін Батыс Қазақстан облысы аумағында биыл 18 ақпаннан бері осымен төртінші рет кімге тиесілі екені белгісіз ұшу аппараты табылды.
Бұған дейін 24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған.
18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.
18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.
Бұлар кімдікі? Қазақстанға қайдан келген? Қазақстанның құзырлы органдары ол заттарды тексеру нәтижесін неге жарияламай отыр?