Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт жұмысы - үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек - Ахмет Байтұрсынұлы

23:50, 20 наурыз 2024 456

5-ші августа Орынбордағы киргизский учительский школаға кіремін деп келген талапкерлерге етмихан болды. Кіруге келген 80 кісі еді, оның жартысы қазақ, жартысы орыс балалары. Жаңадан аларлық қазына һәм стипендия орны алтау-ақ екен. Келген 80 кісінің алтауынан басқалары, ауқаты көтерсе, өз жанынан оқымақшы. Өз жанынан оқитындар пәтерде тұрып, сонан келіп оқып жүреді я жылына 150 сом төлеп школдан тамақ ішіп, киім киіп, сонда жатып оқуға да болады.

Бай адамдарға жылына 150 сом көп ақша емес, кедейлерге күшінен келмейтін көп ақша. Солай болған соң, дұрысы былай істемек еді: бай балалары өз жанынан оқып, жарлы балаларына қазына орнынан беру еді. Оны істейтін біздің Торғай мен Орал облысында байлар жоқ. Қазына орнына бай балалары жарлы балаларымен таласа кіреді. Қазақ байларының қалыбын істемей тұрған Мамановтар көрінеді. Медресесінде оқып жүрген балалардан зерек-зерек балаларды тандап алып, жылына 300 сом ақша расход кесіп, орысша, мұсылманша болсын, оқу оқып қайтуға жібереді екен. Сондай жіберген баланың бірі биыл киргизский учительский школаға кірді. Бұрын медресе «Ғалияда» оқып, былтырдан берлі орысша мұғалімдік ғылымын білу ниетпен учительский школа я семинарияға кіру үшін орысша оқыған екен. Талапкерлерге керекті ақшасын беріп, оқуға жіберіп жүрген байлар да, олардың ақшаларын адалдап орнына жұмсап жүрген бала да жарайды. Бір жыл орысша оқып, бірден соңғы болып школаға емтихан беріп кірді.

Жоғарыда айтылған алты бос орынның үшеуі қазаққа, үшеуі орысқа екен. Маманов талапкері қазынадан тиісті орнын емтиханнан 5-ші болып келген бір жарлы баласына беріп, өз Мамановтардан алатын ақшасының 150 сомын төлеп, школда жатып оқитын болды. Сөйтіп, биыл қазақтан келген қырық баланың төртеуі-ақ кірді, басқалары өз күшімен оқуға ауқаты жоқ болған соң, қазына орны жетпеген соң, еліне қайтты. Жылда учительский школаға 40-50 бала келеді, төртеу-бесеуі, яғни оннан бірі кіріп, басқалары оқуға қаржы таба алмай, еліне қайтады. Бұлар городской, губернский класты сельский школа бітіргендер. Олар барып оқырлық орындар шамалы: учительский школа, семинария, адам фельдшері я мал фельдшерінің школалары. Торғай мен Орал облысында фельдшерлік школалар жоқ. Семинарияларда қазақ стипендиясы я тіпті жоқ, я бар болса, аз-жоқ есебінде. Киргизский учительский школада қазына орны 60, оның жартысы қазаққа, жартысы орысқа деп, ол жағынан да үлкен ауыл үлкендігін қылатын көрінеді. Торғай мен Орал облысының қазағы дендеп, көбірек оқитын орны киргизский школа, бұған кіре алмай қайтқаны - оқи алмай қалғаны. Бұлардың 5-6 жыл оқып білгені шала-шарпы орыс тілі, шала-шарпы орыс жазуы. Білгендері шала-шарпы мұсылманша хат біледі, білмегендерінде ол да жоқ. Переводчик, хатшылық орын-морын табылса, жарады, табылмаса, елде тұрып тіл де, жазу да ұмытылып, оқымаған қалпына түседі. Санаға саңылау түскендей я мұсылманша, я орысша жете оқыған жоқ: «Аз білімін көпсініп, көп қазаққа епсініп», переводчик я хатшы болса, пысықсып тікектейтіндер осылардан шығады.

Жоғары һәм орта оқулыларымыз аз болса да, шолақ оқулыларымыз тәуір бар. Ең аз болса, әр облыстан шолақ оқумен қалатын қазақ баласы 50-60 болады. Бұлардың қызметке кіргендері қазаққа епсінумен болады, үйінде тұрғанының оқығанынан жұрнақ қалмайды.

«Асыл - тастан, өнер - жастан» деуші еді, шырақ ұстап жүріп алдына түсіп, түзу жолға бастайтын адамдар шығар деп үміт ететін жастарымыздың жайы осы. Орысша оқығандарымыздан пайда жоқ деп, қазақ өкпелейді. Сондағы оқығандарымыз дейтіні шолақ оқулылар болса, оларға өкпе жүрер ме? Егерде оқығандарымыз деп жоғары я орта оқулыларды айтса, олар тіпті аз-ақ есепте емес пе? Ұлт жұмысы - үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек. Үлкен үй салуға да қанша жұмысшы керек, - жеті облыс қазақтың жұмысы үй жұмысынан ұлырақ емес пе?! Жұмысшы аз болса, жұмыстың өнімі де аз, көп болса, өнімі де көп болмақшы. Егерде оқу іздеген талапкерлерімізге қырықтан ғана оқырлық орын тауып, басқалары қаңғырып далада қалып отырса, жұрт жұмысы көбейіп мандыр ма, жұмысшы көбеймесе, жұрт жұмысы ілгері басып өнер ме? Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе? Бұ да сол сияқты емес пе? Сол қаңғырып қалып тұрған балалар ұлттың ұлы емес пе? Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жон ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ балсы жоқ. Баққан - қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Егерде осы күнгі орысша, мұсылманша оқығандардың арасында жұртым дер ұл ер шығып жатса, жұрттың өткізгенін төлеу үшін емес, адамшылық борышын басынан атқару үшін. Мойындағы борышты білу - білім ісі, борышты төлеу - адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілері де көбеюі ықтимал.

Жоғарыдағы айтылған сөздердің ақтығы мынау: әуелі, қазақ, жұртшылық етіп, оқимын деген жастарыңды бүйтіп қаңғыртып қоймас үшін қам қылыңдар! Ол үшін әр жердегі оқитын орындарда көбірек стипендия ашу керек, оны ашу қиын да емес, қымбат та емес. Баланы оқыту ата-анасына ауыр болғанмен, жұртқа жеңіл. Екінші, стипендияларды түрлі школаларда ашу керек.

Ахмет Байтұрсынұлы,

"Орысша оқушылар" мақаласынан, 1913 жыл.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар