Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт қайраткері Мағауин елтаңба өзгерту дүрмегін "еріккеннің ермегіне балап", ұлттық санасы кемшінді сөз сүйменімен түйреді

19:40, 22 мамыр 2024 819

Ұлт руханиятының сайыпқыраны, терең танымды қаламгер, биік болмысты жазушы Мұхтар Мағауин елдегі елтаңбаны өзгеруге қатысты айтылып жатқан дүрбелеңнің жазу арқылы жөнін атты. Қаламгер таңбаланған «Елтаңба өзгермек» атты толғау сарынды мақаласы оқырмандар арасында қызу талқыға түсіп, ақпараттық кеңістікте кең өріс алып жатыр, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Құрметті оқырман, назарларыңға мақаланың толық нұсқасын ұсынамыз:

«Қазақстанның отыз жылдан бері тұрған мемлекеттік гербі, яғни біздің негізгі елтаңбамыз өзгермек. Президент Қ.Тоқаев тікелей жарлыққа парапар нұсқау берді.

Қандай қажеттілік?

Жалпы жұртқа түсініксіз екен. Ньютонның «Бүкілəлемдік тартылыс заңы» да жалпыға ұғынықсыз. Ұғынықсыз ғана емес, көпшілік жұртқа беймəлім. Өзімізге тақап келсек, Абайдың өлеңдерін де көрінген кісі түсіне бермейді. Алайда, Абайды біржола мансұқ қылайық деген ұран естімедік. Ньютонның атындағы əйгілі заңды өзгерту туралы сөз де жоқ.

Біздің елтаңба сауатты, сауатсыз біраз адамға түсініксіз ғана емес, ескіліктің қалдығы, баяғы советтік гербтің көлеңкесі сияқты көрінбек. Өйткені... бітімі шеңберше кейіпті. Советке ешқандай қатысы жоқ қаншама жұрттың осы эллипс, немесе дөңгелекше тағы қаншама елтаңбасы бар... Десе де, ұқсайды. Ең бастысы – жоғарыда, қақ төбеде бес құйрықты жұлдыз тұр...

Ендеше... Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік туында... бір емес, елу жұлдыз бар. Ал Түркия жұмхұриятының туында, бір өзі жүзге тартар, қасқайған жалғыз жұлдыз. Американың ала туында жыпырлаған көп көрінбейді, Түріктің қан-қызыл туында жəне жалғызсырап тұрған жоқ. Тағы қаншама елдің туындағы жəне қаншама жұлдыз. Ешкім ешқайсын советтік жұлдызбен шендестіріп көрмеген. Анығы – біздің жұлдыз да əлемдік сыпаттағы таңба. Яғни, бастапқы сөзді кейінгі қостаушылар мақұлдап дəйектемек сыныққа сылтау.

Енді, бүгінгі қолданыстағы елтаңбамыздың сын-сыпаты туралы жалпылама сөз алдында, өткенге азғана шегініс.

Қазақ қауымын талықтырған тəуелсіздік – Советтік жыртқыш империя тарап кеткеннен соң, барлық жұрттың артында келгені мағлұм. Біздің азаткер халқымыздың керенау жайбасарлығы емес. Сол бір тұста Қазақ елінің Бірінші басшысы болып отырған Назарбаевтың, кейінде жазылып жүргендей, тартыншақ сақтығы да емес, көпе-көрнеу ұлттық опасыздығының нəтижесі. Тоқтаусыз ыдырап бара жатқан советтік қызыл империяның тым құрса бір бөлігін бұдан əрі ұстап қалу үшін Мыйсыз Мекайыл – қайткенде топас шовинист Горбачевтің өз қолымен отырғызған сателлит резиденті Назарбаевтың саналы түрдегі, күйкі есеп-қисабының нақты көрінісі болатын.

Хош. Түн – түрілмейін десе де, таң атты. Бүткіл қазақ халқы бір жарым ғасыр бойы аңсаған, риясыз тілеген тəуелсіздік енді шет жұрт шылауындағы билеуші агенттің қырсығына қарамастан, жарияға шықты. Де-юре, шартты түрде болса да.

Амал жоқ, Түркия мен Ираннан бастап, Америка Құрама штаттары, бүткіл дүние жүзі таныған жаңа елдің мемлекеттік жаңа құрылымын қалыптаумен қатар, дербестік көрінісі – атаулы рəміздерін де белгілеу шарт еді. Сөйтіп, осы, аса қажетті сыртқы белгілерді айқындау үшін, өрісі кең, білгір саналған ұлт зиялыларының бір тобы тартылған, өкіметтік арнайы комиссия құрылды. Шамасы отызға тарта алпауыт.

Əуелгі кезекте ту мен герб, бұдан соң мемлекеттік гимн жобасы мақұлданып, парламент бекіміне ұсынылуға тиіс екен.

Сонымен, ішінде біз де бар, айқындаушы, тұтас бір топ жұмысқа кірісіп кеттік. Жұмыс болғанда, алғашқы нұсқаларды талқылау жəне ең тəуірін іріктеу. Бұл – жаппай теңдік, яғни ұл мен құлдың дəрежесі бірдей, ешкімнің сөзін ешкім қаперіне алмайтын, атаулы отыз кісі қырық жаққа тартқан, берекесіз, алақұйын заманның бастауы екен. Бір жарым, əлде екі ай межесінде жеті-сегіз рет жиналдық.

Алғашқы күннен бастап-ақ бар шаруа теріске айналған.

Ең алдымен – мемлекеттік ту жобасын қабылдау керек еді. Арғы қазақ ескілігінен жəне атаулы рəміздер жөнінен біршама хабардар болғандықтан, мен əуелгі бір кезекте нақты ұсыныс түсіріп едім. Тəуелсіздік туы қандай болуы керек? Ең алдымен өң-түсіне келісіп алайық. Содан соң осы ту бетінде бекітілетін рəсім жөніне. Менің ұсынысым – бұрнағы Қазақ ССР-ның туы тым өңді жəне көрнекі еді, қайткенде бүгінгі тəуелсіз Қазақстанның алғашқы нұсқасы, ең бастысы – елдің меншікті шекара аймағы нақты белгіленген кездегі өз туымыз, əрине, сол қалпында жарамсыз, десе де, кері айналдырсақ, қызылдың орнына – көк, көктің орнына қызыл, əрине, басқаша өлшеммен, қайткенде, біздің еркін байрағымыз – қызыл мен көктің өзара астасуы негізінде қалыптануы лəзім... Бұл сөзге жалпы жұрт өре түрегелді. Қызыл – ол советтік символ, аулақ, десті. Мен: тəуелсіз Түркияның байрағы – түгелдей қызыл, Австрия, Польша, тағы қаншама жұрттың мемлекеттік туы – қызыл аралас, қызыл түс – жалаудың түсін ашады, жəне ескілікті қазақ туларының бір парасы қызыл түсті болған, дедім. Ешкім қабылдамады. Сонымен, өткен советтік заман қалдығы ретінде қызыл түстен құтылдық. Осыған орай, жаңа туымыздың түсі де айқындалмаған.

Бұдан соң, ту бетіндегі таңба туралы айтқан едім. Баяғы Түрік қағанаттары заманында көрініс берген, Алтын Орда тұсында біржола орныққан, Қазақ хандығы дəуірінде одан əрі жалғасқан, əлемге əйгілі Төре- таңба бар. Əрқилы кейіпті, алайда негізі ортақ, басы біріккен үш тармақ. Арыдағы қазақ туы сақталмаған, бірақ Алтын Орда заманындағы тарихи документтерде жаппай көрініс береді, бұдан соңғы қазақ хандарының құлпытастарында қаз-қалпында тұр, біздің мемлекеттік, ең негізгі таңбамыз, содықтан да Төре-таңба аталған, төрелердің, яғни хан тұқымының белгісі емес, ұлттық, яғни ең басты, таңбалардың төресі – Төре-таңба атанған, дедік. Бұрнағы тарихты мойындамайтын, енді түгелдей демократ шыққан жалпы жұрт жаппай қарсы болды, тіпті, Абылай хан əулеті Шота Уəлихановтың өзі мақұлдай алмады, анығы – өз аталарына тартып отыр деген айыптан қорықты. Сонымен, қазақтың арғы бабалар заманынан келе жатқан, кемі он бес ғасырлық тарихы бар Төре- таңба да мансұқ болды.

Сөз аяғын соза бермейін, Мемлекеттік рəміздердің қым-қуыт талқысы мен қисынсыз қабылы туралы бұдан көп бұрын, арнайы жазсам керек. Түптеп келгенде, əуелгі бір нұсқасы өтпей қалған бүгінгі туымыз парламент талқысында төтесінен қабылданды. Айта кету керек, мына біз қарсы болған, əдеттегіше атаулы комиссия көпшілік дауыспен мақұлдап, ұсынған, түрки-исламдық ай мен қазақы шаңырақ таңбалы нұсқасы да ешқандай сын көтермейтін. Ал ақыр түбі бүгінге жеткен көк байрағымыздың бетінде қаншама шимай – тек Қазақстанның толық картасы ғана кірікпей тұр еді. Оны да кезінде жазғанбыз.

Ал мемлекеттік гимннің жөні басқаша шешілді. Мен атаулы комиссия мүшелігінен бас тартқам. Біз қатыссақ та дəп осылай шешілер еді. Өткендегіден де сорақы жағдай. Қазақстан гимні, жаңаша терминология бойынша əнұран, Үш Жүздің үш өкілінің қатысуымен ғана жазылуға тиіс дейтін сорақы нұсқау түсіпті. Біздің дəмелі ақындарымыз үшеу-үшеуден біріге бастапты. Ақыры не болғаны мағлұм. Төртінші Жүз есебінде əйел заты кірігіп, ең жоғарғы билік тарабынан мақұл тапты. Сөзі де қораш, сүреңсіз. Сол төрт ақынның қайсы болса да, жекелей жазса, бұдан əлдеқайда артық шығар еді. Көп ұзамай, осының өзі жоққа айналды. Жамандығынан ғана емес. Бұл кезде аз-маз жан біткен оппозиция əрбір жиында «Менің Қазақстаным» дейтін əуенді шырқап айтады; соның əсері ме, басқа бір кесел ме, атаулы тойлар мен мерекелі отырыстарда, тағы да осы көрініс. Яғни, дүние теріске ауып бара жатыр екен. Яғни, қатердің алдын алу керек. Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» гимнге, кешіріңіз, əнұранға айналып шыға берді. Шынында да əн. Кəдімгі əн. Тартымды, тəп- тəуір. Алайда, ұлттық гимннің сарыны басқаша болса керек-ті.

Сонымен, мемлекеттік ең басты екі рəміз – ту пен гимн, шын мəнісінде өзінің аты мен затына сəйкеспейтін, тым əлсіз, əлсіз болмаса да шалағай шықты. Өзгертсек, ең алдымен осы екеуін жаңарту қажет еді.

Ал ертеңгі күні мүлде теріске айналмақ «елтаңба», яғни мемлекеттік герб – осы үш нысанның ішіндегі озығы болатын. Жəне нағыз ұлттық сыпаттағы. Жəне ежелгі тарих пен бүгінгі күн берік жалғастық тапқан.

Қанатты, мүйізді қос арғымақ. Бұл – Көне ғұн, Ежелгі Түрік заманынан келе жатқан, əспетті, рəсімді нысан. Қанатты тұлпар, мүйізді тұлпар. Қадым ғасырлардан тартылған, етене тарих таңбасы жəне ешкімге ұқсамайтын, таза ұлттық символ.

Енді, қазақтың қазақтығын əйгілейтін, əулие рəмізден бас тартуымыз керек екен!..

Осы орайда, ел астанасы Қара-Өткелдегі Ақ Орда – Президент сарайының ұшар төбесінде бекіген... тағы бір ұлттық белгіміз жоққа айналыпты. Орнында – шаншылып, футбол добы тұр. Тəрізі, доп емес, жер шарының белгісі. Бар əлемді біз ұстап тұр екенбіз. Бастапқы нұсқада жайылған қос қанатының екі шалғайы ішке қайырылған Бүркіт еді ғой. Түрік қағанатына тəн рəміз болатын! Күл-Тегін тəжінің маңдайында тұр. Кейінгі бар айырма – барельеф бедеріндегі бүркіттің басы – тұпа-тура емес, оң жаққа бұрыла біткен. Көрнекілік үшін. Кім де болса, Қазақ тарихының білгірі, жəне ұлттық санасы жоғары, əлдебір мүсіншінің озғын танымы мен ұтырлы еңбегі. Енді қазіргі күнде Президент сарайы осы, ұлттық сыпаттағы жалғыз белгісінен айрылыпты. Келесі кезекте – ең негізгі таңбамыз – мемлекеттік герб те ұлттық тұрғысынан біржола аулақтамақ.

Қай жағынан алғанда да, қиын демейік, күрделі ахуалда тұрған Қазақ республикасында оңдайтын, түзейтін, жетілдіретін басқадай бір қам- қарекет қалмаған сияқты. Сыпайылап айтқанда, еріккеннің ісі. Сонымен қатар, ұлттық идея, ұлттық таным, ұлттық сыпатымызға өлшеусіз зиян келтіретін қисынсыз жағдаят.

12-13.ІV.2024, Кемер, Түркия».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар