Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт рухы көтерілді. Солтүстік Қазақстан облысында «Киелі кимешек» көрмесі ашылды

20:00, 06 наурыз 2025 293

Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қара шаңырақ» РҚБ ұйымдастыруымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның «КИЕЛІ КИМЕШЕК» жеке көрмесі ашылды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Көрмені Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мафруза Тасболатқызы ашып, құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыс хат табыстады.

 «Құрметті қонақтар! Кимешек – әйелдердің дәстүрлі ұлттық бас киімі ғана емес, қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ әйелінің қорғаны әрі дәрежесі мен мәртебесінің көрінісі болған бұл ұлттық киім үлгісін мерекелерде, фестивальдерде және басқа да маңызды салтанатты іс-шараларда көріп жүрміз. Кимешектің сакралды маңызы зор.  Әйел адам басына кимешек киген кезде, ол өзінің қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен тығыз байланысын көрсетеді. Кимешек – қазақ әйелінің бекзат болмысы мен нәзіктігін паш ететін киелі мұра. 

Көрменің ұйымдастырушылары – «Қара шаңырақ» РҚБ директоры Тұрар Сәттарқызына және қолөнер шебері, этнодизайнер Тілек Сұлтанға қазақтың баға жетпес мәдени мұрасын дәріптеп, осындай құнды экспонаттарды тамашалауға мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптеле берсін!»,- деді өз құттықтау сөзінде Мафруза Тасболатқызы.

Ұлт рухын асқақтатқан көрме аясында шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдерден сән үлгісі көрсетіліп, кимешек кию мен шылауыш ораудан шеберлік сабағы өткізілді.



Он саусағынан өнер тамған бізкесте шебері, қазақтың ұмыт болған ұлттық киімдерін жаңғыртушы әрі дәріптеуші коллекционер, этнодизайнер Тілек Сұлтан көрмеге өзі тіккен және жинақтаған түпнұсқа 30-дан астам кимешекті көпшілік назарына ұсынды. Шебер көрмеге келушілерге әр аймақтың әйелдерінің кимешектеріндегі ерекшеліктерді көрсетіп, ұлттық киімдердегі ою-өрнектер мен олардың жас ерекшелігіне қарай қалай киілуі керектігі туралы құнды мағлұматтар берді. 



Айта кетейік, көрме келушілер үшін 6 сәуірге дейін ашық болады. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар