Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлттық қор: бүгінгінің наны ма, болашақтың қамы ма?

10:04, 27 ақпан 2022 241
Ұлттық қор болашақтың емес, бүгіннің қамы үшін жұмсалып жатыр. Былтырдың өзінде қор активтері 3,4 млрд долларға қысқарған. 2020 жылы шикізат сатудан қорға түскен ақшаның  95,7 пайызын үкімет жұмсап қойған. Ал былтырғы бірінші жартыжылдықта қордан алынған қаражат, түскен ақшадан анағұрлым көп екені анықталды. Сарапшылар осы қарқынмен кете берсе, Ұлттық қор ақшасы алдағы 10 жылға да жетпейтінін айтып, дабыл қағуда. Бірақ үкімет бюджет бекітетін заңды таныстырған кезде «қордың ақшасын аздап жұмсаймыз», деуден жалықпайды. Сөйтіп, жыл сайынғы бюджетті нақтылау кезінде бұл сома екі есе артады. Былтыр нысаналы трансферт мөлшері 1 трлн теңге деп бекітіліп, кейін қосымша 850 млрд теңге тағы бөлінді. Ал есеп комитетінің аудиторлық тексерісі кезінде 70 объектіде 1 трлн теңгеден астам соманың тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Ұлттық қорға қатысты үкімет қабылдаған соңғы шаралардың ішінде – 2022 жылы қордан 3 трлн теңге, 2024 жылы 2,4 трлн теңге алынатыны айтылған. Мұнайдың барреліне 60 доллар болған жағдайда 2022-2024 жылдары Ұлттық қорға түсетін жалпы түсім 3,4-3,9 трлн теңге болды деген жоспар бар.

 

Айта кетерлігі, қор активі 2014 жыл 77,2 млрд долларға жеткен еді. Бұл ең көп жиналған қаражат көлемі. Содан бері бұл сома 26 пайызға қысқарыпты. Болашаққа деп жиналған қаражатты үкімет әлеуметтік салаларды қаржыландыруға, оның ішінде – зейнетақы, жәрдемақы төлеуге, мұғалімдер мен дәрігерлер, әскери қызметкерлерге жұмсап отыр. Одан бөлек, түрлі мемлекеттік бағдарламалар да аталған қордан қаржыландырылады. Бұған ұлттық компаниялардың шығынын да қосамыз. Басқаша айтқанда, «жыртықты жамауға» кетіп жатыр. Бюджетті толтыратын басқа салалардың жоқ екенін осыдан кейін болжай беруге болады. Ал әлемдік инфляциялық өсім бізді айналып кетпейтіні түсінікті. Сол үшін қазір Қазақстанның табысынан шығыны екі есе артық. Экономикасы шикізатқа байланған елдің қаржылық жағдайы расымен мүшкіл.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Мағбат Спановтың айтуынша, пандемияның белең алуы дамыған және дамушы елдердің экономикасына тікелей әсер етті.

«Қазақстан 2020 жылы дағдарыс шараларына 6 трлн теңге жұмсады. Бұл қаражат бюджет кірісінің 80 пайызын құрайды. Енді 6 трлн теңгенің бір бөлігі экономиканы қолдауға жұмсалса, енді бір бөлігі медицина саласына бағытталды. Оның ішінде – 4,7 трлн теңге ұлттық қордан алынды. Қазіргі доллар бағамымен есептесек – 11 млрд доллар. Қазір Ұлттық қорда 55 млрд доллар қалды деген ақпарат бар. Бұл қаражат бізге тура 5 жылға ғана жетеді. Оның ішінде – 22 млрд доллар АҚШ-та, одан бөлек 5 млрд доллар еуропада бұғатталған. Биілік бұл мәселені талқылаудан түбегейлі қашады. Біздің алтын-валюта резервіміз қазір 90 млрд доллар емес. Ұлттық банк пен Ұлттық қордың алтын-валюта резервін алатын болсақ, 60 млрд долларға жетеді. Қаржы институттары арқылы бөлінген қаражатты мемлекет қаншалықты тиімді игере алды? Бұған дейін айтылғандай, 6 трлн теңгенің 10 пайызы тиімсіз жұмсалған. Ақшаны тиімді жұмсау бойынша нәтиже өте төмен. Мысалы, 600 млрд теңге миллионнан астам халқы бар Алматы, Астана сияқты ірі қалалардың бір жылдық бюджеті. 2020 жылғы дерек бойынша елдегі «көлеңкелі экономиканың» үлесі ЖІӨ-ге шаққанда, 27 пайызды құрады. «Көлеңкелі экономика» ақшаны бір қалтадан екіншісіне салу деген сөз емес. Бұл қаржы ұйымдары арқылы бөлінген қаражат бюджетке түспеген немесе сол жерден «ұрланған» қаражат. Бұл заңды негізде қадағалауды, тексеруді қажет етеді», − дейді сарапшы.

Ұлттық қор дегенде, Норвегияның үлгісі есімізге түседі. Олар инвестициялық қор деп бағалайды. Онда мұнайдан түскен қаржы әлемнің 74 елінен 9 мыңнан астам компания акцияларына инвестицияланған. Қордың жалпы көлемі – 1,3 трлн доллар. Норвегия үкіметі жыл сайын мұнайдан ғана емес, ірі компаниялардың дивиденттерінен де пайда тауып отыр. GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы Асылхан Андашовтың айтуынша, Норвегия мұнайдан түскен пайданы әлемдік көшбасшы компаниялардың құнды қағаздарына инвестиция жасап отырса, Ресей, Қазақстан сияқты елдердің қорлары тәуелділігі төмен активтерге ақша салады.

«Қазақстан заңнамасы бойынша Ұлттық қор қаржысы Қазақстан ЖІӨ көлемінің 30 пайызынан кем болмауы тиіс. 2019 жылы ол көрсеткіш 40 пайызды құраса, 2020 жылы 35 пайызға жетті. Қазіргі таңда Ұлттық қор көлемі ЖІӨ көлемінің 30 пайызына жақындап қалды. Әлемдегі локдаундардан кейінгі экономикалық белсенділіктің артуы, Украина мен Ресей арасындағы дағдарыс, және Еуропалық одақ, АҚШ, Ұлыбритания және т.б. тарапынан күтілетін санкциялар Brent маркалы мұнай бағасын 97 долларға жетуіне алып келді. Ал Қазақстан үкіметі 2022 жылы бюджет бекіткенде, мұнай бағасы 60 доллар болады деп болжаған еді. Яғни, мұнайдан артылған қаражат Ұлттық қорға түседі. Сондықтан егер мұнай бағасы алдағы уақытта да осындай жоғары болатын болса, қорға түсетін қаражат өсуі мүмкін», − дейді сарапшы.

Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Әсет Ерғалиев «қордың валюталық активтерін 2022 жылғы 55,3 млрд доллардан 2024 жылы 61,6 млрд долларға дейін арттырамыз», — деп уәде берген еді. Бір сұхбатында Қайрат Келімбетов те «Ұлттық қордағы қаражат 55 млрд доллардан 2030 жылы 100 млрд доллар болады», деп сендірді. Бірақ қалай көбейетінін нақты айтпады. Ал мемлекеттік шығынды Ұлттық қор есебінен жауап отырғанымызды «онда тұрған алаңдайтын ештеңе жоқ», деп қысқа қайырды. Мемлекеттік бюджеттің 80 пайызын мұнайдан түсетін табыс құрайды. Ал сарапшылар елде мұнай қоры таусылуға жақын деп отыр. Бірақ үкіметтің жоспары әдеттегідей, «позитивті».

Ұлттық Банкінің бұрынғы басшысы Ерболат Досаев былтыр Ұлттық қорда 56,9 млрд доллар бар екенін хабарлаған болатын.

«Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры Шолпан Айтенованың айтуынша, Ұлттық қорды тиімді басқару үшін контрциклдық ереже қабылданды. Бұл бюджет кодексіне енгізілген маңызды жаңалықтардың бірі болды. «Ереженің мәні мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынына шектеу қою және Ұлттық қордың жинақтау мүмкіндіктерін күшейтуге басымдық беріледі. Алайда, ол тек 2024 жылдан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, Қазақстан дағдарысқа қарсы шаралардың қаржы құралы ретінде Ұлттық қор қаражатына бірнеше рет жүгінгені ешкімге құпия емес. Мысалы, алғаш рет Ұлттық қордың қаражаты 2008 жылы «қауіпсіздік жастығы» ретінде пайдаланылды, сол кезде республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгені, ал Ұлттық қордың трансферттері 1,06 трлн теңге болды. 2008 жылдан бастап, республикалық бюджеттің шығыстары 5,5 есе өсіп, 2021 жылы 14,9 трлн теңгені, ал Ұлттық қордың трансферттері 4,5 трлн теңге болды. Яғни, соңғы 13 жылда бюджеттегі шығыстың өсуіне ешкім шектеу қойған жоқ. Үкімет алдағы уақытта субсидиялауды қысқартып, орынсыз шығындардан бас тартуы керек. Сонымен қатар, шикізаттан өзге бюджетке кіріс әкелетін салалардың тамырына қан жүгірту маңызды», − дейді сарапшы.

Айта кетерлігі, қордан алынған қаражат Қазақстанның сыртқы қарызын төлеуге жұмсалмайды. Тек ішкі шығындарды жабуға кетіп жатыр. Ұлттық банктің мәліметінше, биыл жыл басында қордан 302 млрд теңге алыныпты.

Ұлттық қорды балталасаң, бұзылмайтын байлық деп бағалайтын үкімет, коронадағдарыс сияқты айтып келмейтін апат болған жағдайда тығырықтан шығудың қандай жолын ұсынады екен? Онсыз да 73 трлн теңге сыртқы қарызы бар мемлекеттің шикізаттан басқа табысы жоқ. Бейнелеп айтқанда, 30 жылда экономиканың драйвері болатын саланы әлі анықтай алған жоқпыз. Сондықтан ұлттық қордың түбі көріне бастады. Бұл бізге дамушы елден дамыған елге өтудің ауылы әлі алыс екенін аңғартады.

Ерке Жұматай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар