Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Зеленскийдің АҚШ-қа барды. Байден не уәде берді?

07:52, 22 желтоқсан 2022 284
 


Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтон қаласына барып, АҚШ президенті Джо Байденмен және Конгресс мүшелерімен кездесті.

АҚШ президенті зайыбымен бірге Украина басшысын Ақ үйдің кіре бересінде сән-салтанатпен қарсы алды. Содан кейін үшеуі Рождество мерекесіне орай әдемі безендірілген Ақ үйдің төрінде орындыққа жайғасып, әңгімелесті. Осы жерде Зеленский Байденге Бахмутта болған сапары кезінде украин сарбазының берген орденін табыс етті.

Оның айтуынша, HIMARS батареясының капитаны болған сарбаз бұл марапаттың АҚШ президентіне берілуін қалаған. Байден бұл орден құнды екен деп, ишара білдірді. Ол АҚШ Украина халқы және оның көшбасшысымен бірге екенін айтты.

Зеленский АҚШ-қа ертерек келгісі келгенін, бірақ «жағдай тым қиын болғандықтан» келе алмағанын жасырмады.

«АҚШ-қа енді келгенім, біз қолдаудың арқасында жағдайды бақылап отырғанымызды білдіреді. Әрине, бірінші кезекте сіздің қолдауыңыздың арқасында», –  деді ол америкалық әріптесіне бұрылып.

Кездесуде Украинаның президенті Вашингтонға сапарының маңыздылығын айтып, Ресейді айыптады. Байден басын изеп, оның әрбір сөзін қолдап отырды.

Зеленский АҚШ басшысына РФ-ның қыс мезгілін пайдаланып, Украинаның бейбіт халқына шабуылдарды күшейтіп жатқанын, соның кесірінен көптеген жылу-электр орталықтарының істен шығып, тұрғындар жылу мен жарықсыз қалғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, шабуылдардың кесірінен тұрғындар Рождество және Жаңа жыл мерекесін жарықсыз және жылусыз қарсы алайын деп отыр. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Осы кезге дейін украин халқы бәріне шыдады. Біз тәуелсіздігіміз үшін күресе береміз. Енді екі күннен кейін жаңа айтқанымдай, біз Рождествоны майшаммен қарсы аламыз. Өйткені, бізде жылу да жарық та жоқ. Оны Ресей талқандады. Сондықтан, біз көмек сұраймыз», –  деді ол.

Осыдан кейін Джо Байден Америка Құрама Штаттарының Украинаның өз жерін, тәуелсіздігін қорғауға көмектесетінін,  әуе қорғанысы жүйесін одан әрі нығайтуға қажетті құралдардың бәрін беретінін айтты.

«Біз Украинаны барлық жағынан қолдауды жалғастырамыз. Украина бейбітшілік үшін күресіп жатыр. «Бізге осы қару керек» десе, оны да береміз», – деді Байден.

Кездесуде Зеленский АҚШ президентінен 300 шақырымға дейін жететін ATACMS кешендерін, Grey Eagle мен Reaperс соққылаушы және барлаушы дрондарын сұрағысы келген деген дерек бар. Әзірше бұл ақпарат туралы мәлімет еш жерде айтылып жатқан жоқ.

Украина президенті Ақ үйден шыққан соң, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Нэнси Пелосимен кездесті. Одан кейін Конгресте сөз сөйледі. Оған конгресмендер тік тұрып қошемет көрсетті.



Конгресте Зеленский әуелі Бахмуттағы Украинаның сарбаздары қол қойып, алғыстарын жазған туды табыс етті.

Зеленский Конгресте Ресейдің ендігәрі Украинаға бақылау жасап, украин халқының санасына ешқашан ықпал ете алмайтынын айтты.

«Украина соғыс басталғалы бері өз елін, өз жерін, тәуелсіздігін қорғап жатыр. Мен жақында Бахмутқа барып келдім. Бұл қаланың шетінде қиян-кескі шайқастар болып жатыр. Бүгінгі Бахмут шайқасы жалпы соғыстың ертеңгі сценариін анықтайды. Егер сіздердің Patriot жүйелеріңіз Ресейдің бізге қарсы террорын тоқтататын болса, онда ол біздің бостандығымызды сақтап қалады», –  деді ол.

Одан әрі Зеленский Ресей Украинаның қалаларын жойып, жермен жексен етіп жатқанын, бұл геноцидтік соғыста ол өзіне жақтас тапқанын айтты.

«Ол – Иран. Иран өзінің жүздеген, мыңдаған дронын Ресейге беріп отыр. Бұл – біздің маңызды инфрақұрылымдарымызға төнген қауіп. Осылайша, екі терроршы бір-бірін тауып, бір-бірін қолдап отыр», –  деді ол сөзін жалғастырып.

Конгресте Зеленский АҚШ-қа не үшін келгенін жасырмады. Оның айтуынша, Украинаның Қарулы күштерінде артиллерия бар. Бірақ, ол жауды жеңуге жеткіліксіз.

«Артиллерия жауды жеңуге жеткілікті ме? Жоқ! Сол себепті біз сіздерден көмек сұраймыз», –  деп ашық айтты.

Осы ретте Зеленский АҚШ-тан Украина үшін соғысуды сұрап жатпағанын, Американың берген қаруларымен өздері соғысып, жеңіске жете алатынын жеткізді.

«Біз сіздерден біз үшін соғыс демейміз. Украина сарбаздары америкалық ұшақтар мен танктермен өздері-ақ соғысады», –  дегенде Конгресс мүшелері бір адам қалмай орындарынан түрегеліп, қол шапалақтады.

«Сіздердің ақшаларыңыз қайырымдылық емес. Сіздердің қолдауларыңыз – жаһандық демократияға инвестиция. Біз осы инвестиияны тиімді пайдаланып келеміз және пайдалана береміз де», –  деді ол.

Осыған байланысты Зеленский АҚШ Patriot қаруын берсе, майдандағы жалпы ахуал 180 градусқа өзгеріп шыға келетінін айтты.

«Басқыншылар Бахмутты жаулап алғысы келеді. Ресей Бахмутты мамырдан бері ала алмай, күн сайын шабуылдап жатыр. Бахмут берілген жоқ. Оларда ұшақ пен танк және басқа да техника көп. Адам саны бізден әлдеқайда көп. Артиллериясында сан жоқ. Солай дегенмен біздің жауынгерлер қолда бар мүмкіндікпен соғысып жатыр. Бізде де артиллерия бар. Бірақ ол жерлерімізді азат етуге жете ме? Жоқ. Жетпейді. Сондықтан соғыстың траекториясын өзгерткіміз келсе, бізге жаңа қарулар керек. Егер бізге Patriot қаруын берсеңіздер біз азаттығымызды қорғай аламыз», –  деді ол.

Содан кейін Зеленский АҚШ-тың Украинаға көмек ретінде 45 млрд доллар беретініне сенім білдірді.

Кейін Джо Байден Украинаға 2 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек беруге қол қойғанын, басқа көмектің алдағы уақытта болатынын айтты.

Осылайша Зеленскийдің АҚШ-қа сапары аяқталды. CBS телеарнасының мәліметіне қарағанда, Украина басшысы Құрама Штаттардан кейін Ұлыбритания, Франция және Германияға баруы мүмкін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар