Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әділетті Қазақстанды құру – соттардан басталуы керек!

11:42, 17 қараша 2022 234
Қазақстан Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы үш қағидатқа негізделген. Олар: Әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам деп аталады. Өзінің бағдарламасы туралы Қ.Тоқаев «Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру», - деді.

Әділетті Қазақстан құру – бүгінгі күн тәртібіндегі ең өзекті, ең негізгі таңдау. Бұл туралы елге белгілі азаматтардың бәрі шынайы пікірлерін білдіріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ашығын айтайын, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көп жүйелі проблемалар жиналып қалды, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі өсіп кетті. Бұның барлығы еліміздің тұрақты дамуын тежеп отыр, ұлтымыздың жасампаз мүмкіндігін шектеп жатыр. Енді, әділдік идеясы мемлекеттік саясатымызда ең басты идея болады. Біздің барлық ұлттық идеологиямыз Әділдік идеясына негізделеді», - деп атап айтқан болатын. Тоқаевтың өз бағдарламасында әділдікті ту етуінің басты себебі содан.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы туралы біз белгілі заңгер Абзал Құспанның пікір сұрадық.



Абзал Құспан:

«Мен бұл бағдарлама туралы өз ойымды практикалық тұрғыда айтамын. Отыз жыл бойы Қазақстанды бір отбасы мүшелері ғана билеп-төстеді. Оның бәрі түсінікті. Сол себепті, Қазақстан халқы, оның ішінде қазақ тілді қауым осы уақытқа дейін берілген уәделердің бос сөз болып қалатынына еті үйренген. Өтіріктерге тойды. Ал қазір жүйе өзгерді. Бұл жүйе 2019 жылы емес, биылғы қаңтардан кейін ғана өзгерді. Бұл өзгеріс қантөгіспен келді. Қазақ тарихында солай қалады. Мен өз басым Тоқаевтың өз жоба-жоспары, өз бағдарламасы енді ұсынылып жатыр деп есептеймін. Тіпті, Қазақстан тарихында бірінші рет жаңа адам жаңа бағдарламасымен келіп жатыр деп санаймын. Сол себептен бағдарламаның орындалуына халық болып бірге атсалысуы, жұмыс жасауы керек!

Өз басым заң саласының маманы ретінде «Әділетті Қазақстан» концепциясын іске асыру үшін қолымнан келгенше қызмет ететін боламын. Осы уақытқа дейін айлап-апталап үйімнен жырақта қаңтар оқиғасымен айналысып жүрмін. Шен-шекпен алайын деген ойым жоқ. Еңбегімнің бәрі ел үшін, халық үшін. «Әділетті Қазақстан» концепциясы бір ғана жағдайда іске асады. Абай «Сөз түзелді, ағайын, сен де түзел» деген жоқ па. Мемлекетіміздің бірінші басшысы жыл басында Жаңа Қазақстан деп «Әділетті Қазақстан» туралы ұран тастаса, енді сол сөзін өзінің сайлауалды бағдарламасына енгізіп отыр, онда неге оны қолдамасқа, неге атсалыспасқа?

Әлеуметтік, қоғамдық белсенділігі төмендеп кеткен азаматтарға сын айтудан аулақпын. Ең бастысы, елдің алдында жүрген азаматтар Тоқаевтың бағдарламасын жария түрде болса да, іспен қолдауы керек деп есептеймін. Өмір өте өлшеулі. Уақытымыздың бәрін билікті, Президентті сынап-мінеумен өткізсек, ондай өмірдің бағасы, құны болмайды. Бойында күш-жігері бар, білім-білігі, өмірге құлшынысы бар адам елдің дамуына өз үлесін қосу керек. Үйінде жатып алып «диван батыр» болатын уақыт өтті. Бағдарлама Тоқаевтың жеке басына ғана қажет емес, бұл Қазақстанның дамуы үшін қажет. Бұл бағдарламаға бұрынғы бағдарламалар сияқты қарамау керек. Себебі, бұл жаңа жүйе.

Әділеттілікті қамтамасыз ететін бірден бір сала – сот саласы. «Сот түзелсе, ел түзеледі» десем, артық болмас. Полиция болсын, құқық қорғау саласының қай саласын алып айтсақ та, проблема көп. Негізгі күшті сот саласының әділдігін қамтамасыз етуге бағыттауымыз керек. Сот әділетсіз істерді өткізбейтін жағдайға жетсе, кез келген адамның бойында сотқа деген сенім орнаса, онда күштік құрылымдардың тергеу сапасы өздігінен түзеледі. Кейбір жерлерде құқық қорғау органдары мен сот жүйелері өзара жымдасып кеткен. Көптеген істер қозғалмай жатып, сот төрағаларымен келісілетінін білеміз. Ондай соттарда әділдік қанша жерден дәлелденсе де, жеңіледі. Сондықтан соттарда басшы деген ұғым болмауы керек. Әрбір судья тәуелсіз болу керек. Соттардың қайталанған қателігі үшін судьялар жауап беруі керек. Сонымен бірге, сот саласында үлкен тексерістер болуы керек. Сот дегеніміз ағайын, тума-туыстардың кланына айналды. Бір облыстың сот төрағасының ұлы да, келіні де, қызы да судья болатын жағдайға жеттік. Олардың білім деңгейлері де өте төмен. Сондықтан, Әділетті Қазақстанның негізгі күшін сот жүйесіне жұмсасақ, құқық қорғау органдарының да, сот жүйесінің де әділдігін қамтамасыз ете аламыз.

Қанша жерден ащы сұрақ қойса да, азаматтық қоғамның белсенділігіне тыйым салынбауы керек. Адвокактураға мүмкіндік берілу керек. Сол үшін бұрынғы президенттің кезінде орындалған жоқ, бұл қашан орындалушы еді деп жатып алсақ, онда «Әділетті Қазақстанды» құра алмаймыз. Уақыт ешкімді күтпейді. Кертартпалықты қою керек. Келсін-келмесін билікті сынауды қою керек. Ел өзіміздікі, биліктегі азаматтар да өзіміздің жігіттер.

Кемел ЖАН    

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар