Басқа қалалар мен облыстар сияқты Астана қаласына да дәрігер жетіспейді. Қазіргі уақытта Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басты міндеттерінің бірі, әрі бірегейі – бас қаладағы дәрігер тапшылығын азайту. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Астана қаласындағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бірнеше түрлі нақты шаралар қабылдауда. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы қабылдаған шаралардың біріншісі – биыл, яғни 2023 жылы жергілікті бюджеттен медициналық факультеттерде білім алу үшін 381 грант бөлінген. Былтыр 128 грант бөлінген-ді.
Екінші, медициналық ұйымдардың қажеттілігіне сәйкес, 300-ге жуық жас маманды бөлу қарастырылып отыр. Кадр тапшылығын азайтудың нақты факторларының бірі – жас дәрігерлердің ел астанасында баспанасының болмауы. Сондықтан, медицина саласы білікті әрі білімді кадрларды тарту мақсатында толық әлеуметтік пакет ұсынып отыр. Оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету де бар. Осы мақсатта Астана қалалық құрылыс басқармасы Астана-Қарағанды күрежолының бойынан медицина қызметкерлеріне арнап арнаулы жатақхана салу сияқты нақты жобаны қолға алуда.
Үшінші – дәрігерлердің біліктігін арттыру үшін жергілікті бюджет есебінен былтыр 800 маман білім алған. Оның ішінде 69 дәрігер шетелде білім алса, қалғаны өзіміздің отандық медицина университеттерінде білім алған. Биыл бұл көрсеткішті арттыру қолға алынуда. Яғни 1700 дәрігер білім жетілдіреді.
Төртінші, биылғы жылдың алғашқы тоқсандық қортындысы негізінде дәрігерлердің орташа еңбекақысы барлық төлемдерін ескере отырып 544 мың теңге болып бекітілді. Орта медициналық персоналдағы қызметкерлер үшін 337 мың теңге. Осы орайда ескерте кететін бір жайт: Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін 2023 жылдың қаңтарынан бері дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, ал орта медицина қызметкерлерінің айлық еңбекақысы 20 пайызға көбейді.