Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ТҰЛҒА - КЕШІРІМХАН БОЗТАЕВ

05:38, 20 қараша 2023 247
29 қыркүйек 2023 жылы 85 жылдан астам тарихы бар, Аягөз қаласындағы білім ордаларының қарашаңырағының бірі, іргелі білім мекемесі Кешірімхан Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қырық жылдан астам адамзатқа ажал қаһарын сепкен Семей ядролық полигонының жабылуына бірден-бір ықпал еткен күрескер Кешірімхан Бозтайұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Есімі сөнбес ұлы тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция Абай облысы білім басқармасының Аягөз ауданы білім бөлімінің «К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ұйымдастырылды.



Ғылыми- практикалық конференцияның ашылу салтанаты Аягөз қалалық «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» мәдениет үйінде өткізілді. Ғылыми-практикалық конференцияны «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының үйлестіруші, модератор Манарбек Мұхамеджанов жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөз Аягөз ауданының әкімі, экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Салық қызметінің үздігі Қанат Әділбайға берілді.
Конференцияның басты баяндамасын «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының тарих пен мәдениетті балама зерделеу жобасының жетекшісі Айбек Кәрімов жасап, «К.Бозтаевтың 90 жылдығына арналған іс- шаралар әлемдік тарих парақтарында аты аталатын Аягөз жерінің маңыздылығын, ұрпақ үнінің сабақтастығын көрсетеді»- деп атап айтты.
Сонымен бірге Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры «Полигон -29 тамыз» төрағасы Нурлан Бозтаев, дәрігер-ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты Тәңірберген Тоқтаров, ақын, публицист Болат Дүйсембі , қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Совет Иманғалиев, Педагог, ғалым, қоғам қайраткері, ғылым докторы, профессор, ҚР атом саласының еңбек сіңірген қызметкері, ҚазақстанҰлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Серікбай Маусымбаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақтелеком» АҚ кеңесшісі Сайлаухан Раимбеков, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің полковнигі, заң ғылымының кандидаты «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының мүшесі Қайрат Оспанбеков, Қазақстан-Америка Тәуелсіз Университетінің кеңесшісі, «Байтақ» жасыл партиясының Шығыс Қазақстан филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Рысбек Касенов, Ақын, публицист, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, ақын, публицист, қоғам қайраткері Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, техника ғылымдарының докторы, профессор Садықбек Әбішұлы, қоғам қайраткері, желтоқсан көтерілісінің ардагері Бейсенғазы Нүкен, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ләйла Маусунбаева , зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасы «Білім озаты» төсбелгісінің иегері Нұртөлеу Дүйсембаев қатысты.
Сондай-ақ аталмыш ғылыми-практикалық конференция К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп- гимназиясында жалғасын тапты. Мектеп-гимназиясында қонақтарды Кешірімхан Бозтаев ұландары мен мектеп ұжымы қарсы алды. Мектептегі іс –шара К.Бозтаевтың мүсініне тағзым етіп, гүлшоқтарын қоюдан басталды. Мектепте Кешірім ағамызға арналған жаңартылған мұражай және Кешірімхан Бозтаев атындағы атаулы география пәні кабиенеті ашылды. Кешірімхан Бозтаев мұражайына мектептің түлегі, Қазақстан Республикасының Сенат депутаты, Қауіпсіздік Комитетінің генерал-майоры Нұржан Нұрсипатов Ахмед Иассауи мөрі бедерленген панноны сыйға тартты. Сонымен қатар мектеп кітапханасына өз туындыларын сыйға тартқан жазушыларымыз да болды. Олар: ақсақал жазушымыз, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Кешағаңның мерей тойының өтуіне көп еңбек сіңірген, көптеген кітаптардың авторы, қарымды қаламгер Ғаббас Қабышұлы —жазушы, публицист, аудармашы, сыншы, журналист «Қарапайым қаһарман»,Танен Мырза Тохтаров «Моя истина», Жұмаш Кенебай-Көкбөірі «Аягөз» тарихи романын, дарынды жазушы Сәуле Досжан Семей полигонының қасіреті жайлы жазған «Үзілмеген үміт», «Қасірет пен тағдыр» романын (1-2 кітабы), Болат Дүйсембі «Есіңде жүрсін, ұмытпа»,Бақытөмір Шалғынбай «К.Бозтаевтың 80-жылдығына арналған журнал», С.Асылбаева «Алтын адам тарихи этнографиялық қолөнерді дамыту республикалық қоғамдық бірлестігі» жетекшісі «Қазақстанның ядролық қасіреті», Международное антиядерное движение «Невад-Семипалатинск».Мерей тойға келген қонақтардың ішінде Кешірімхан Бозтаевтың қыздары: Жанат және Табиғат Кешірімханқыздары да болғаны белгілі.
Ғылыми конференцияда болашақта жүзеге асыру қажет етілетін бірнеше ұсыныстар жасалды, ол да жалғасын табары сөзсіз. Мемлекет және қоғам қайраткері Кешірімхан Бозтаев қасіреті жөнінен үшінші дүниежүзілік соғыспен пара-пар болған нәубетті тоқтатуға саналы ғұмырын арнады. Оның өнегелі де батыл, табанды істері өскелең ұрпақ үшін қай кезде де өшпес үлгі.
Қорыта келгенде айтарымыз, марқұм Кешірімхан Бозтаевтың 90 жылдығының Аягөз қаласында, жалғасы Кешағаңның атындағы гимназия-мектепте жоғары деңгейде аталып өтуіне аталмыш мектеп-гимназия директоры Гүлнәр Әбутәліпова бастатқан ұстаздар қауымының және мектеп оқушыларының еңбегі зор болғанын айрықша атап өткен жөн сияқты. Айтпақшы, ұйымдастырушылық қызметімен ерекше көзге түскен зейнеткер-ұстаз "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісінің, "Үздік ұстаз" белгісінің иегері Сәуле Есжанова және т.б. ұстаздардың айрықша еңбегі есімі ел есінде қалған тұлға Кешірімхан Бозтаевқа арналған салтанатты атап өтуде ерекше байқалғанын несіне жасырамыз!
(Өз тілшімізден)

КЕШІРІМХАН БОЗТАЕВ - АҚШАТАУЛЫҚ ЕДІ...
Иә, төменде әңгіме еткелі отырған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, 40 жыл қазақ жерінде атом сынағын жасаған әйгілі Семей полигонының жабылуына өлшеусіз үлес қосқан Кешірімхан Бозтаев - бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылының тумасы еді. Ақшатау - мына менің де атамекенім екені белгілі.
Кешағаңның туған інілерімен Ақшатау орта мектебінде бірге білім алдым. Мектеп бітіргеншеатына сырттай қанық болғаныммен Кешірімхан ағамен жүзбе-жүз кездескен адам емеспін. Бір ауылдан, бір жерден және ағайын адамдар болсақ та жақын араласудың сәті түспегені рас еді. Бірақ, біздің үй отыратын "Жалғызсу" қыстауымыз да қатар болған Құсайын аға Кешірім досы туралы небір қызықты әңгімелерді айтуға құмар болды. Ол әңгімелерден ұққаным - бала Кешірімхан мектепте өте жақсы оқыған. Ол бала кезінен өз ісіне мығым әрі тыңғылықты болыпты. Осы Ақшатаудан Алматыдағы Политехникалық институтқа Қалғұтыдағы Зада Қарғажанов екеуі оқуға өз күштерімен түсіп, институтты бітіргеннен кейін екеуі де Өскемендегі қоғасын-мырыш комбинатына жұмысқа тұрған. Алғыр екі азаматтың аты ерте шығады. Кешірімхан Бозтаев - партиялық қызметте танымал тұлғаға айналып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына дейін көтерілсе, ал, Зада Қарғажанов - Қазақстан ғылымына танымал экономист, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болады. Ақшатаулықтар негізінен осы екі азаматты ауыздарынан тастамай мақтан етіп отыратын.
Кешірімхан ағамен жақын араласудың сәті 1991 жылы Семей полигонын жабуға байланысты сол кезде марқұм Батырхан Дәрімбет екеуміз шығарып тұрған елдегі тұңғыш тәуелсіз саяси басылым "Азат" газетінде қызметте болған кезім еді. Батырхан - газеттің бас редакторы, мен - орынбасары болдым.
"Азат" қозғалысының бастамасымен Семей полигонын жабуға байланысты "Аттанайық, Семейге!" деген штаб құрылып, соның құрамында мен де Семейге аттанған едім. Осы сапардың алдында "Азат" газетіне Батырхан екеуміздің "Бозтаев - жарылыс жанашыры" деген мақала жариялағанымыз тағы бар.
Мұнда арнайы келген соң Семейде күнде митингі өткіземіз.
Семейдегі "Азат" қозғалысының ұйымдастырушылары, Рахат Алтай, Самат Сыпатайұлы, Гүлшат Еруованың ұйымдастыруымен Семейдегі жастар көп жұмыс істейтін "Больщевичка" фирмасы және т.б. кәсіпорындар жастарын осы митингілерге көптеп қатыстыруға күш салатын едік. Кей кезде Семей облыстық партия комитеті орналасқан ғимараттың алдындағы Ленин ескерткіші түбінде митингі өткізіп, жарылысты қолдап отырған обкомның бірінші хатшысы Кешірімхан Бозтаевты ашық сынай бастайтын едік. Біз болған бір ай ішінде небір оқиғалардың басымыздан өткені белгілі.
Бір күні кешке жақын мен орналасқан "Ертіс" қонақ үйіндегі нөміріме Кешірімхан ағаның көмекшісі келіп, мені бастықтарының шақырып жатқанын айтты.
Басында мен обком ғимаратына баратын шығармыз деп ойлап едім, жоқ мені көп қабатты бір үйдің алдына әкеліп:
-Кешағаңның үйі осы, сонда барамыз,-деді. Көмекші жігіт мені үйге кіргізді де өзі кетіп қалды. Ішкі бөлмеден Кешірімхан ағаның өзі шығып, қарсы алып жатып:
-Тәте, әлгі мені сынағыш Жұмаш бауырың келді, -деп дауыстап еді, арғы бөлмеден ол кісі де көрінді...
Кешағаң мені өзінің жұмыс бөлмесіне бастады. Жұмыс бөлмесінің төрт қабырғасы да сірескен кітаптарға бай екен. Байқағаным бүкіл әлемдік әдебиеттен бастап, небір көркем шығармалар көздің жауын алады.
Әңгіме барысында Кешірімхан аға:
-Жұмаш, екеуміз жерлес әрі ағайын екенбіз. Сенің Садық Кенебайұлы атаң сонау 1918 жылы Мұсағи, Мұсабай деген ағайындарымен бірлесіп, Ақшатаудың түбіндегі Қалғұтыдағы ел "Ақ школ" деп атап кеткен мектепте білім алғамын. Сенің батыр атаң жайлы, осы мектептің ашылу құрметіне келген Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Айымауытұлы және сендерге жиен болып келетін Шәкәрім Құдайбердіұлы(Күңке - әпкеміздің күйеуі Құнанбай қажы болса, олардан Құдайберді, одан Шәкәрім дегендей) ақ батасын берген сол "Ақ школдың" тарихан жақсы білемін. Ол жөнінде кейін жеке әңгімелесерміз. Ал, уақыт созбай бірден негізгі әңгімеме көшейін.
Сендер күнде шулатып жүрген "Бозтаев - жарылыс жанашыры" деген айыптауларыңа жауап берейін. Полигондағы ол жер астындағы екі атом бомбасын жарғызбаймыз десек те, ол түбі жарылады. Мәскеудегі басшылармен келістім, осы жарылысты жасағандары үшін олар Семей қаласына мол қаржылай көмек көрсететін болды. Жасыратыны жоқ қырық жылғы сынақта қанша жерлестеріміз радияция алды. Соларды емдеуге және жағдайларын түзеуге қаржылай көмектесеміз деп отырғандары тағы бар. Оның үстіне олармен қарсыласқанымызбен ештеңе өнбейді. Ана қаржылай көмекті алайық. Содан кейін әңгіме басқа болады,-деді.
Кешағаңмен сөйлескен бір сағат әңгімеден көп нәрсені аңғарғандай болғаным тағы да рас еді. Осы үйдегі жеңгей әзірлеген астан кейін қайтатын болдым. Кетерде Кешағаңның шешесі:
-Айналайын, Жұмаш, туыс әрі жерлеспіз. Ағаңды ренжіте берме. Міне, үйді көрдің, келіп тұр, -деп, маңдайымнан иіскеді...
...Семейде жүріп, Мәскеу жақтан Семей полигонының жабылғаны туралы хабарды алып, сол күні бүкіл Семей халқымен бірге Ертіс өзенінің бойына жиналып, қуанышты хабарды халыққа жеткізіп жаттық. Осы қалың халықтың арасында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірімхан Бозтаев та бірге жүріп, халықпен емін-еркін араласқанын көріп, біздің де көңіліміз өсіп қалғандай болған еді.
Біз Семейде жүрген бір айдың ішінде Семей полигонын мен жаптырам деп жүрген Олжас Сүлейменов бірде бір рет төбе көрсетпеген еді. Анада Кешеағаңның үйінде қонақта болғанымда осы Олжас туралы сұрағанымда, ол туралы әңгіменің ұзақ екенін, кейін бір уақыт тауып әңгімелесетінін айтқан.
Кешірімхан аға зейнет жасына байланысты қызметінен кеткеннен кейін, асыл азаматқа Алматыдан үй алып, өздері көшіріп әкелген Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақиянов болғаны - өз алдына бөлек әңгіме...
Бұдан бұрын "Кешірімхан Бозтаев кім болған?" деген көлемді мақалам әлеуметтік желілер де, бірнеше сайттар да жарияланып, көпшіліктің назарын аударғаны өз алдына бөлек әңгіме. Ал, мен бұл жолы сол мақаламда айтылмаған әңгімелерді ғана қозғағаным тағы да рас.
Осынау шаған мақаламды Кешағаңа арнаған өлеңіммен аяқтағалы отырмын.
КЕШІРІМХАН АҒА КІМ ЕДІ?
"Ұлтым!" деп соққан жүрегі,
Сол ұлты болған тірегі,
Кешағаң білген адамға
Қазақтың арда ұлы еді.
Жылылық дәйім өңінде,
Асылдық жатқан тегінде,
Ақшатау сынды өлкеде
Ол келген еді өмірге.
Аңыздай бәрі бүгінде,
Хош иісі ғажап гүлінде,
Ақшатау - жердің жәннаты,
Қалғұты - оның түбінде.
Ақ бұлттар көкте көшетін,
Жұмбақты алуан шешетін,
Қарақат, мойыл, бүлдірген,
Долана... сыңсып өсетін.
Таусылмас рыс қонған ғой,
Шаттыққа көңіл толған ғой,
Қалғұты бойы ғажайып,
Сыңсыған қалың орман ғой.
Қуаныш қанша күтпеген,
Самалы қандай "үп" деген!
Осынау сұлу өлкеде
Кешағаң бойын тіктеген.
Бара ма уақыт азайып,
Білімнің кенін қазайық.
"Ақ школ" - оның алғашқы
Мектебі болған ғажайып!
Білімі алған санада,
Ол ғашық ұлы далаға,
Бастауыш мектеп "Ақ школ"
Тауысып кетті ол қалаға.
Мамандық жолын таңдаған,
Білімге бәрін арнаған,
Қаласы ару Аягөз,
Білімін сонда жалғаған.
Жарасқан текті, кеңдігі,
Ұлтының болған белді ұлы,
Дулат пен Әріп... елінен
Кешағаң шыққан белгілі.
Қонды ма бақыт - қомсын ба,
Көңілге шуақ қонсын да,
Осындай текті әулеттің
Тұқымы осал болсын ба!
Несіне ұлтым, баптандың,
Несіне ұлтым мақтандың?
Қырық жыл Семей өңірін
Атоммен улап жатқан кім?
Сұмдық қой мынау, сұмдық қой,
Қазаққа келген құлдық қой!
Қаншама жандар жазықсыз,
Уланып жатты, шындық қой!
Неден де ол енді саспайды,
Жалтақтап, қорқып, қашпайды!
Семейге келе Кеш ағаң,
Үлкен бір істі бастайды!..
Ойлады, бәрін байқады,
Деме сен оны қайтады!
Мәскеуге барып сан рет
Шындықты ашып айтады...
"Бұл қазақ неткен кең еді?
Қорлыққа неге көнеді?"
Полигонға да сан рет
Ол барып, бәрін көреді...
Тіресер жерде тіресті,
Кім ессіз, өзі кім есті?
Қажымай, талмай Кешірім,
Мәскеумен жалғыз күресті.
Қайратын, күшін сынады,
Сүрінді, талай құлады...
Қырық жыл қырғын жасаған
Полигонды жауып тынады!
Қайратын ұлтқа жолдады,
Қазағы іштен қолдады!
Бозтаев ұлы Кешірім
Ажалдан елін қорғады!
"Ұлтым!" деп соққан жүрегі,
Ерекше туған ұл еді!
Кешірім сынды тұлғаны
Ұмыту - бізге сын еді!
Ұмытам қалай өткенді,,
Қысасты аға көп көрді...
Полигонда алған зардаптап
Кешағаң да ерте кеткен-ді.
Өткен күн бүгін елес қой,
Кімге ұмыт өзі көмескі ой?
Осындай ұлттың батырын
Ұмыту - мүмкін емес қой!..

Жұмаш Кенебай-Көкбөрі
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?