Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Теңге 30 жылда 7,5 мың пайыз құнсызданды - экономист

06:28, 17 қараша 2023 155
15 қараша Қазақстанның төл теңгесінің туған күні. Теңге биыл отызға толды. Экономистер Қазақстан тәуелсіздігін теңгенің туған күнімен байланыстырады. Отыз жылда дизайны ғана емес, теңге адам нанғысыз құнсызданды. Экономика ғылымының докторы, профессор Зиябековтен теңгенің туған күніне қатысты сұхбат алдық.    

Алғаш тәуелсіздік алғалы теңгенің еңсесі көтерілген жоқ. Қолданысқа енгелі бері 7,5 мыңнан астам пайызға құнсызданған теңгенің дизайнын өзгерте бергеннен ештеңе өнбейді. Ұлттық банк соңғы кезде жаңа банкноттар шығаруға қатты мән беріп кетті. Негізінде, бас банктің жұмысы теңгенің дизайнын өзгерту емес, теңгенің тұрақтылығын сақтау болуы керек.

Ұлттық банктің дизайнға емес, «теңгені қалай қорғаймыз» деген сауалға көбірек бас қатырғаны дұрыс. Ақша-несие саясатын реттеп, елдегі отандық бизнестің өркендеуіне, ұлттық экономиканың дамуына қатысты нақты жобалар, ұсыныстар жасау керек. Қазіргі құнсызданған теңгенің жағдайына қарап әлеуетімізді бағамдай беруге болады.

Ұлттық валюта - ұлттық экономиканың айнасы. Құлдыраған теңге экономиканы құтқармайды. Отыз жыл бойы теңгенің еңсе тіктей алмауы, үлкен сын. Ал дизайн жағына келсек, төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тарихын мейлінше терең таныта білді.

Бейсенбек Зиябеков, экономика ғылымының докторы, профессор
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?