Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жастарға жол көрсетті

09:26, 01 наурыз 2022 284
Елімізде 29 жасқа дейінгі азаматтар саны 4 миллионға жуықтайды. Тепсе темір үзетін сол жастардың 40 пайызы екі қолға бір күрек таппай, бос сандалып жүр.



Жұмыссыздықты жою мақсатында оқушыларды мектеп қабырғасында кәсіпке баулу керек дейді мамандар. Тіпті Президент те жастарды техникалық мамандықтарға тарту керектігін айтқан. Өйткені қазір лақтырған таяқ заңгер мен қаржыгерге барып тиетін болды. Ал елімізде жол саласының мамандары тапшы. Еуропа мен Азияны жалғайтын, жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алатын Қазақстанның транзиттік ахуалын арттыру үшін мыңдаған шақырым жол салынуы тиіс. Бұл ауқымды жұмысқа шетелден маман шақыртпай-ақ, өз жастарымызды жол саласына баулыған әлдеқайда тиімді. Сондықтан «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» қызметкерлері мектептерді аралап, жастарға кәсіби бағдар беруді бастады.



Жыл соңына дейін еліміздің әр түпкіріндегі, алыс-шалғай ауылдардағы екі мыңға жуық білім ошағын аралау жоспарда бар. Осы аптада «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облыстық филиалының басшысы шекара шебінде жатқан Кеген ауданына ат басын бұрды. Бұл лауазымға жаңадан тағайындалған Мәулен Әліпов алғашқы сапарын өзінің туған ауылынан бастауды жөн санаған. Жалаңаш, Тоғызбұлақ, Ақай Нүсіпбеков ауылдарындағы төрт мектепке барып, оқушылармен кездесу ұйымдастырды. Оқушыларға жол саласы туралы жан-жақты мағлұмат беріп, сұрақтарына жауап берді. Бұл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басатын жастардың мамандық таңдауына мол мүмкіндік. Өйткені әрбір оқушы өзінің икемі мен қабілетіне қарай болашақ бағдарын қазірден айқындауы тиіс. Сондықтан келелі кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Оқушылардың ынта-ықыласы мен жол саласына деген қызығушылығы басым екені байқалды. Мәселен болашақта жолшы боламын дегендері қай пәнді тереңдетіп оқу керектігін, қызметкерлердің айлығы, жолдардың сапасы қалай бақыланатыны туралы сан сауал қойып, тұщымды жауап алды.


Бұл сапар барысында Алматы облысындағы жолдардың да сапасы тексерілді. Мәселен, Алматы-Шелек-Қорғас тас жолының бойындағы қоршаулар бүлінген екен. Сондай-ақ туристер көп келетін Көлсай көлдеріне баратын жолдар жыртық-жамау. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облыстық филиалының мамандары бұл кемшіліктердің бәрін тіркеп, «ҚазАвтоЖол» мекемесіне жолдады. Жол бойындағы шұрық-тесіктер мен қираған қоршаулар тез арада қалпына келтірілетін болады.

«Жол активтері» ҰСО,

Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар