«Ол кісіге қатысты менің бір күмәнім бар. Шетелде жүргеннен кейін кішкене жүйкесі сыр бере бастаған тәрізді. Көшенің жаргондарын көп пайдаланатын болыпты. Сондықтан жүйкесі сыр беріп жүр деп ойлаймын», – дейді Ринат Зайытов «Adal Adam» бағдарламасына берген сұхбатында.
Ол өзінің Бекболат Тілеуханның деңгейіне түскісі келмейтінін, сондықтан әңгіме көбейте беруді қаламайтынын айтып қалды.
«Жалпы мен өзім Бекболат Тілеухан туралы әңгіме айтудан қашамын. Өйткені, ол кісі әңгімені әрі қарай әкете береді. Ол кісімен әлеуметтік желіде айқайласып жүруден нәтиже шығады деп ойламаймын. Халықтың көкейінде жүрген сұрақты Үкіметке жеткізгенімнің қай жері популизм екенін түсінбедім. Онда бәріміздің сондай болғанымыз ғой. Содан кейін популизмді адамдар танымалдығын арттыру үшін жасайды. Ал маған оның дымға да керегі жоқ. Айлық 300 мың ешқашан болмайды дегенімен келіспеймін. Өйткені, нақты цифрға келетін болсақ, айлықты жыл сайын 15, 20, 30 пайызға дейін көбейтеді», – дейді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Бекболат Тілеухан журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Ринат Зайытов, Ермұрат Бәпи мен Нартай Аралбайұлын популист деп атаған болатын.