Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

22 наурыз: Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурызға арналған үздік тілектер, құттықтаулар

16:50, 18 наурыз 2025 134

Alash.kz ұлттық порталы оқырман назарына Ұлыстың ұлы күні - әз-Наурызға арналған үздік тілектерді ұсынады.

Жер-ана жасарып, тұмса табиғат бусанып, Ақтың молаятын, Жарықтың ұзаратын, Нұрдың молығатын, Тіршіліктің жаңаратын, Өмірдің жаңғыратын, Пейілдің түзелетін, Көңілдің кеңитін кезеңі - әз-наурыз мейрамы құтты болсын! 

Ұлыстың ұлы күнінде көңіліңіз өсіп, мерей-мәртебеңіз биіктеп, жасай беріңіз! Отбасыңыз, туған-туыс тегіс аман болсын! 

*** 

Жұмыр жердің киесін ұғынып, Көктің тынысын тыңдап, тіршіліктің тамырын басқан, тұрмыс-тіршіліктің мән-мағынасын ұғынған дана халқымыз әз-Наурызды айрықша салтанатпен қарсы алып, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған.

Осынау ұлы күнде ырысыңыз тасып, көңіліңіз өсіп, бақ-берекеңіз артсын!

Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Тышқан жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!

*** 

Күн мен түн теңеліп, көктемнің алтын лебі ескен Ұлы күннің шапағаты мол болсын! Жерім жандарып, күнім көктей жайнасын!  Жасасын Наурыз мейрамы!

Ақ тілек бейбітшілік аман болсын!
Елім, жұртым қадірлі аман болсын!
Туғандай бір анадан жамағаттар
Достыққа берік, мықты адал болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлы халқым тоқ болсын!
Қайғы уайымы жоқ болсын!
Қуаныштары көп болсын!

***

Жер-дүниенің жаңарып, тіршілік біткеннің жасанатын шағы - көктем келді! әз-Наурыз келді! Жыл басының ұлы мерекесі –

Наурыз құтты болсын!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Пәле – жала жерге еніп,
Қайда барса жол болсын! – деп бұрынғы ата-бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен.

Бұдан артық қандай ақ тілеу болуы мүмкін!
Әр отбасына тыныштық, татулық, береке-бірлік, бақыт тілеймін!
Сіздерді келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

***

Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтынкүрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, жеттің бе, әз-Наурыз!

Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттанып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз-Наурыз!!!

*** *** *** ***

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.

Әр жыл сайын жасампаздығы мен қуаты артып келе жатқан Елордамыздың ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай бермек. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, бақыт әкелсін!

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.

Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз - көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол - өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.

Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

***

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын, бақыт әкелсін!

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.

Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз - көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол - өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.

Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

***

Шығыс халықтарына ортақ үлкен мейрам Наурыз – бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі саналады. Олай болса құрметті қауым, барлықтарыңызға татулық, береке-бірлік тілеймін. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!

***

ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ НАУРЫЗ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Наурыз мейрамының тарихы – тарихтың тереңінде жатыр. Бұл мейрам аңыз пайғамбар Заратұштың атына байланысты. Ол дәуір біздің дәуірден екі мың жыл бұрын болған. Наурыз мейрамы туралы халықтың аузында – аңыз әңгімелер көп. Наурыз мейрамының тарихын бірінші кітап бетіне түсірген Абай. Екінші Наурыз мейрамының тарихын зертеп, қағаз бетіне түсірген, Наурыз мейрамы туралы айтылатын мақал, өлең-жырды толық жазған Шәкәрім. Шәкәрімнің қолжазбасы біздің қолымызда. Осы күні Наурыз туралы әңгіме айтқанда, әңгіме қозғағанда, жазғанда Шәкәрімнің осы айтылғандардан ұзіп-жұлып пайдаланып жүр. Наурыз мейрамын соңғы рет Кеңес үкіметі тұсында, 1926 жылы, бұдан 69 тоғыз жыл бұрын соңғы рет өткізді біздің халық. Ол кезде мен Семейде 10 жаста, бастауыш мектепте шәкірт едім. Сол тойды бала күнде көрдім, есімнен кетпей. Туған жеріміз Семейде бұл мерекеге бүкіл отбасымен қатыстық.. Соңда Жүсіпбек Аймауытов сөз сөйлегені, Әміренің ән салғаны әлі де есімде. Еңді біз кәзір Нурыздың мейрамын Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлауымыз керек? Біздің ата-бабамыз Ұлыстың ұлы күнін, Наурыз мейрамын Алла тағаланың жер анамызға нұры жауған күні, күнмен-түннің тенескең күні 22 наурызда тойлаған екен. Біз сол ата-бабаларымыз дәстүрін сақтауымыз керек. «Қазақтелевидеофильм-студиясы»

1995 ж.

***

Әз-Наурыз босағамызға құтымен енсін. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

Көне парсы тілінен қазақша аударғанда «Жаңа күн» деген мағына беретін Наурыз – жыл басы. Қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын, табиғат-әлем көгеріп, көктейтін шақ.

Қыстың қыспағынан құтылып, арқа-бас кеңейетін, мейрам-шаттыққа кенелетін осынау жайдарман шаққа жеткен әрбір жанды шығыстың жаңа жылымен құттықтаймын!

Наурыздың өзіне тән салтына бағына отырып, әрбіріміз өткен жылғы өкпемізді ұмытып, татуласайық. Үлкендердің ақ батасын алып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық. Наурызда айтылған барлық жақсы тілек орындалады деп жатады ғой, Наурыз барлығыңызға құт әкелсін!

***

Наурыз бата


Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай!
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай!
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз!
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей!
Аллаһу акпар!

***

НАУРЫЗ БАТА

Жақсы атың дара таныла, 
Жүк болсын нар-атаныңа.
Жаратқан рақымын құйсын
Жайылған алақаныңа!
Алғаның ақылды болсын,
Ақылы татымды болсын.
Қонағың баладай шалқып,
Тамағың батымды болсын!
Ұлыңыз айдарлы болсын,
Дұшпанға айбарлы болсын.
Түлігі жайлаулы болсын,
Күлігі байлаулы болсын!
Қызыңыз бұрымды болсын,
Қылығы жұғымды болсын.
Ол-дағы қолдағы құс қой,
Құсыңыз тұғырлы болсын!
Келінің ибалы болсын,
Жүректе иманы болсын.
Басбілген текті жылқыдай
Дәстүрден жиғаны болсын!
Бесігің тербеулі болсын,
Несібең ернеулі болсын.
Жемісің өнгенді болсын,
Өрісің өргенді болсын!
Жабағың қазанат болсын!
Жаманың азамат болсын!
Алаштың айбыны тасып,
Жау алмас жамағат болсын!
Құламас Қағанат болсын!!!

Serik Seıitman

***

Жазушы, публицист, этнограф Төрехан Майбастан

НАУРЫЗБАТА

Еліміз бүтін болсын,
Тіккеніміз түтін болсын.
Жастарымызда қайрат болсын,
Қарттарымызда күтім болсын.
Наурыз кірген күні су ішейік,
Шыққан күні ақ ішейік.
Қуантқанға сүйіншіміз,
Тонын жаңалағанға байғазымыз,
Төл төгініне көгендігіміз,
Көгенкөз жетімге қолқайырымыз,
Жарымжанға садақамыз,
Қайғырғанға басуымыз,
Қуанғанға шашуымыз таусылмасын!
Көңіліміз Ақ болсын!
Аспанымыз Көк болсын!

***

НАУРЫЗДАҒЫ БАТА-ТІЛЕК

Жеттің – ау, ару көктем, кешігіп тым,
Сөгіліп самал өпкен төсі бұлттың.
Наурыз той жасап жатқан баршамызға,
Қарайды заңғар көктен тесіліп күн.

Көңілді дала бүгін құлпырады,
Өзендер арнасында бұлқынады
Бұл күні бар өнерін көрсетуге,
Аянбай өнерпаздар ұмтылады.

Келдің бе, наурыз сұлу, гүлдендіріп,
Маңайды қызыл-жасыл түрлендіріп.
Бөлеген шаттық күйге баршаңызды,
Наурыз құтты болсын келген күліп.

Тойларың құтты болсын қауым елім,
Қашанда биік болсын тауың елім.
Той жасап дүркіретіп жатырсыңдар.
Қайтадан дәстүріңді тауып елім.

Мерекең құтты болсын, мұсылман ел,
Ән салмай өте алмайды тұсыңнан ел.
Бүгінгі тойға келген барша жұртқа,
Наурыздың бал көжесін ұсынған ел.

Бұл наурыз – жылдың басы – ұлы мейрам,
Тойлайық, отырмайық жұртым бейқам.
Ақ мол боп, ұлыс оң боп, келген жылым,
Халқыңа шуағың төк құшақ жайған!

Нәр алып қазағымның дәстүрінен,
Жастарым өсе берсін ақыл – ойың.
Көгінде ән мен күйін шарықтатқан,
Қазағым, құтты болсын наурыз тойың.

Ұлдарың батыл болып өссін деймін,
Қыздарың мұратына жетсін деймін.
Биылғы келген жылым баршаңызға,
Береке, молшылығын төксін деймін.

Бой жетсін қыздарыңыз көрікті боп,
Ер жетсін ұлдарыңыз бөрікті боп.
Бір жасап қалдыңдар – ау, қайран халқым,
Өз салтың өздеріңе ерікті боп.

Алтыншаш Жақиянова

***

Келіндей күн де сәлемін салар көгіңнен
Қонақ боп ырыс жауады бата төріңнен
Ұлыстың ұлы күніне күн жоқ теңесер,
Тәңірдің нұры жүміле ғаламға төгілген.

Көтерген құрсақ әйелмен жер де теңбе тең,
Бусанып дала, бебеулеп бесік тербеген.
Табиғат түлеп іңгәләп жатыр сәбидей,
Таулардың әппақ самайы шып-шып терлеген.

Әз-Наурыз әрбір шаңыраққа ырыс жазады,
Қиқулап керім нәурізек қанат қағады,
Төрт түлік төлдеп, бәйшешек сұрар сүйінші,
Самаурын қайнап, бұрқылдап сорпа қазаны.

Берекең артып дәстүрін елдің сақтадың,
Төс қағыстырып көрісіп жылмен қарттарым,
Кимешек киген апалар қымыз сапырып,
Алтыбақанын тебеді жалын жастарым.

Шашбауын тағып, сәукеле киген арулар,
Сәйгілік мініп тасыған табақ бар ұлдар.
Киіз үй іші аламан айтыс әгугәй,
Қырдағы бәйге қозады үнмен «Шабыңдар!».

Әз-Наурыз құтты мереке бізге көнеден,
Дәм татар бәрі жиылып наурыз көжеден.
Жыл келді!
Нұры қосылып енсін төріңе Жылбасы құт бол!
Күн менен түнді теңеген.

Бауырсақ пісіп бақыттың әні шалқыған,
Домбыра үні әуеде, жерде қалқыған.
Самарқандағы көк тасты ерітіп жіберген
Мейрімін төккен айналдым ата салтынан.

Қайғыдан ада, қайырлы қылғай ғасырды
Адалын беріп сіңімді еткей асымды,
Алты Алашыма Алладан саулық сұраймын,
Құбылаға қарап сәждеге қойып басымды.

Жұлдыз БЕЙСЕК


Наурыз көженің әртүрлі дайындалу тәсілдері
https://alash.kz/kz/article/nauryz-kojenin-arturli-daiyndalu-tasilderi.html

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар