Алматы тұрғыны аулада ер адам әйелін сүйрелеп, жұлқып жатқан видеоны желіге жүктеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Krisp.Almaty аккаунтына тұрғын осы видеоны жолдап, оқиға туралы баяндап берді.
Оқиға Жұлдыз-1 шағынауданындағы үйлердің бірінің ауласында болған.
“Аулада қыздың айғайлаған даусын естідім де, бірден көмек көрсету үшін жүгіріп шықтым. Бір жігіт оны бір жаққа сүйреп бара жатыр екен, ал қыз қарсылық танытып жатты. Бірден көмек ұсынып, полиция шақырайын ба деп сұрадым. Бірақ күтпеген жерден қыз маған айқайлап, араласпауымды талап етті. Жігіт те агрессивті мінез көрсетті, бұл менің шаруам емес екенін айтып, кетуімді сұрады,” – дейді оқиғаның куәгері.
Алайда оны ең қатты таңғалдырған жағдайдың өзі емес, айналасындағылардың реакциясы болды. Аулада адамдар жүр, көліктер өтіп жатыр, жас жігіттер мен қыздар жанынан өтіп барады – бірақ ешкім тоқтап, не болып жатқанын сұрамаған, көмек ұсынбаған.
“Айғайды естіп, тек мен ғана тоқтадым, бірақ соңында ‘жәбірленушінің’ өзінен дөрекі сөз естідім. Әрине, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін, бірақ осындай оқиғалардан кейін адамдар өзгелердің қиындықтарына бей-жай қарай бастайды. Келесі жолы біреуге шын мәнінде көмек қажет болғанда, айналасындағылар бұрылып та қарамай, бұл өз шаруамыз емес деп өте шығуы мүмкін. Шынымды айтсам, енді мен де араласу керек пе, жоқ па деп ойланып қалатын болдым,” – дейді алматылық тұрғын.