-Қоғамда суицидтік көңіл-күйді болдырмау, тіпті болмағанда азайту үшін қандай қарекет еткен жөн деп ойлайсыз?
- Суицид жас талғамайтын кесел. Зерттеулерге қарағанда суицидке (өз-өзіне қол жұмсау) баратындардың көпшілігі терең күйзелістің салдарынан туындайды. Мұндай жағдайды болдырмаудың алдын-алу үшін әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Себебі әр адамның әлеуметтік хал-ахуалы, тағдыры да әртүрлі. Адам жан ауруына ұшыраймын деп ойламайды, қиындыққа, сынаққа көндіге алмағанда амалсыз сол жолды таңдайды. Негізі, адамның ойына бір рет кірсе, одан құтылу өте қиын. Ондай адамдарға үлкен психологиялық қолдау қажет. Менің жеке пікірім, алдын-алудың бірден-бір жолы әрбір ата-ана баланың кішкентай күнінен жыр-дастанға, батырлық туралы ертегіге суындатып өсіруі тиіс. Ол баланың жадында сақталып тұратындықтан ертегі кейіпкерлері секілді кез-келген сынаққа төтеп бере алатын, өзі үшін күресе алатын мықтылыққа, табандылыққа жетелейді. Бала қиялы шексіз болуы тиіс. Әрі руханиятқа сусындап өскен бала ешуақытта өмірін құнсыздандырмайды. Қайта өз өміріне жауапкер ретінде күрескер болып шығады. Жасөспірім кезеңде ата-аналар балаларымен жақсы қарым-қатынас жасай отырып, баланың ортасын, ұстанымдарын, іс-әрекеттеріне қызығушылық танытып, тілектес, тілеулес жандар екенін білдіріп отыру керек. Балаға ата-анадан қолдау қанша жаста болса да өте қажет.
-Балалар мен жасөспірімдер психологы ретінде бай тәжірибеңіз бар. Өкінішке қарай осы буын арасында суицидке баратындардың қатары артып барады, бұған не себеп деп ойлайсыз?
- Әртүрлі мәселелерге байланысты туындауы мүмкін. Отбасындағы кикілжің, қысым көру, зорлық-зомбылық, әлеуметтік теңсіздік, өзін өзгелермен салыстыру т.б. Мұның себебі рухани әлсіздік. Әрине, туындағын мәселе әртүрлі болғанмен, баратын бір жол - өмірін қию. Ары қарай күресуге деген қауқарсыздық. Рухани әлсіздік өзін-өзі толық танымаудан, білмеуден болады. Көпшілік ата-аналардың басты қателігі баласының материалдық ахуалына көп көңіл бөліп кетеді. Бала ата-ана борышы, ар, ұят деген сезімдерімен оңаша қалып кетеді. Басына түскен қиындықты бөлісуге, айтуға қорқақтайды. Нәтижесінде, тығырықтан жол таппағандықтан өз-өзіне қол салуға даяр тұрады. Бала материалдық қиыншылыққа төзе алады. Ал, қандай да бір қиыншылық баланың рухани жан-дүниесінің күшті немесе әлсіздігін сынға алады. Тағы да бір себебі, ақпараттық ағымдардың ашық-шашық, оңды-солды жүйесіз көрсетілуі. Онсыз да рухани әлсіз балаға әлеуметтік желілердегі түрлі агрессиялық, провакациялық ақпараттар да психикасына салмақ салады.
-Қазіргі қоғамда ата-ана мен бала арасындағы байланыс қаншалықты?
- Қазіргі кезде ата-ана мен баланың арасында рухани байланыс жұтаң. Көбіне шағым жасап келетін ата-аналар баласының ашуланшақтығын немесе зейін тұрақсыздығы, тұйықтығы, әлеуметтік желілерге тәуелділігі, сабақ оқуға зауқының жоқтығын айтып жатады. Мұның бәрі ата-ана мен бала арасында мүлде байланыстың жоқтығын білдіреді. Себебі, қазіргі заманның балаларын әлеуметтік желілер тәрбиелеп жүр. Ол – шындық. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар. Жаһандану алқымнан алып тұрған заманда, тіршілік, дүниенің соңына түсіп кетпей, ең болмағанда күніне бір сағат балаға көңіл бөлу ешнәрсеге кедергі болмайды. Жұмысбастылық сылтау емес, баламен арасындағы алшақтық ертеңгі болашағына зиян әкелмесе, пайдасы жоқ. Осыны ата-аналар түсіну керек. Жылу мен жақындықты, мейірімді сезінбей өскен бала кінәмшіл, әлсіз болып келеді. Ата-ана мен баланың қарым-қатынасының жақсы болуы – бір-бірін түсіне алуы, сезіне алуы. Отбасылық жарастық, берекенің орнауы да, әлеуметтік хал-ахуалының тұрақтылығы да бала жанын ізгілікке жетелейді.
-Жасөспірімдер, оның ішінде өтпелі кезеңге келген балалар арасында суицидке қарсы қандай іс-шараларды қолға алған жөн?
- Бұл мемлекет деңгейінде көтерілуі тиіс мәселе. Себебі, бала қандай да бір қиыншылыққа әлеуметтік ортаның ықпалымен ұрынады. Балаларды қорғау іс-шаралары күшейтілу керек. Қиыншылыққа тап болған жасөспірім оны қолдайтын, қорғайтын ата-ана, жақындары, мамандар бар екенін жақсы білу мақсатында ата-аналарға балаларымен бірге психологиялық іс-шаралар жүргізіліп отыруы тиіс. Бала қандай жағдайда да ең алдымен көмекті ең жақын адамдарынан күтеді. Ол ата-анасы, бауырлары, туыстары. Осы орта баланың өміріне жауапкершілікті адамдар ретінде баланың жеке өмірін, ұстанымдары мен көзқарастары туралы жиі әңгімелесіп, сырласып отырғандары абзал.
-Мектепте ата-аналар мен мұғалімдер бірлесіп балаларға суицидке бармау жөніндегі жұмыстарды бірге атқару да қауіптің бетін қайтаруға септігін тигізе ме?
- Әрине. Қазіргі заманда ата-аналар да «өзгеріс, даму» деп өзалдына сабақтарға, тренингтерге қатысып, заманның көшінен қалмауға жанталаса әрекеттеніп жатыр. Сол секілді, менің де мақсатым - заманауи ата-аналар мектебін қалыптастыру. Себебі, баланың негізгі ортасы отбасы мен мектеп. Мұғалімдер мен ата-аналар бірлесе, күш салып жұмыс жасаса, көптеген қауіп-қатерді, қайғылы жағдайды болдырмауға болады. Мектепішілік шара ретінде, жасөспірімдерден түрлі тест жүргізу арқылы, өзіндік көзқарастары мен ұстанымдарын, араласатын ортасын анықтау да мәселені алдын-алуға көмектеседі.
Сұхбаттасқан Есім Көшім