Бүгін Қазақстан төл теңгесінің айналымға енгеніне – 30 жыл. Теңгенің шығуы, шынайы тәуелсіздіктің көрінісі еді. Алайда ұлы тұлғаларымыз бейнеленген сол алғашқы ұлттық валютамыздан өте тез айырылып қалдық. Ал қазақтың алғашқы ұлттық валютасы Теңгенің авторы, суретші, сәулетші Хайролла Ғабжалилов ұлттық валюта шығарудың оңай шаруа болмағанын, қаншама айтыс-тартыстармен, қиындықтармен жасалған жұмыс екенін айтады. Қоғам қайраткері бүгінгі әңгімесінде тарихқа айналып үлгерген сол теңге тарихы туралы ескірмейтін естеліктермен бөлісті.
1993 жылдың 15 қарашасы айналымға енген қазақтың ұлттық төл валютасы Теңгемізге, міне, бүгін 30 жыл толып отыр биыл. Теңге қазақ тарихындағы тұңғыш қағаз ақша. Бұл тәуелсіздіктің айқын көрінісі еді. Отыз жыл бұрынғы сол уақыт тарих қазір. Әрбір дербес мемлекеттің атрибуттары: жалауы, елтаңбасы, әнұраны болуы шарт. Соған конкурс жарияланып, ел абыр-сабыр болып жатқан. Менің Қазақстан дизайн орталығын ашып, бас директоры болып тағайындалған кезім. Біраз жыл бірге істеген, сол кезде жоғарғы кеңестің депутаты болған Тимур Сүлейменов екеуміз жаңа құрылып жатқан ұлттық банкке барып, жаңадан тағайындалған басшыларымен танысып, теңгенің эскиздерін жасап жатқанымызды айттық. «Тапсырма бергендер кімдер?» деп таңғалды олар. Ары қарай бірге жұмыс істеп кеттік. Ол кезде барлық сала қайта құрылып жатқан уақыт қой. Мемлекет ең қиын кезеңді басынан кешіріп жатты.
Эскизімізді президентке көрсетіп, сол кездегі ұлттық банктің басқармасында бекіткен соң, алдын ала таңдалған Ұлыбританиядағы банкнот фабрикасына кетуіміз керек болды. Мемлекет өз ақшамызды басуға әлі қаулы шығармаған. Ұлттық банкпен де келісімшартқа отырмағанбыз. Визаның өзін Мәскеуден алуымыз керек. Ол да ұзақ уақытқа созылатын әңгіме. Сыртқы істер министрлігінде де қат кезек. Осындай қиындықтарға қарамастан, бәрін өзім ұйымдастырып, бәріне шетелге шығатын қызыл паспорттарын, визасын алып, өз қаражатыма ұшақ билеттерін алып, 1992 жылдың қыркүйек айының басында Лондонға ұшып кеттік. Сырт көз бізді мықты топ екен деп ойласын деген оймен, қазіргі дизайнер Меңдібай Алин мен Ағымсалы Дүзелханов деген суретшілерді жұмысқа алған едім.
Дүзелханов бірінші рет шетелге шығып бара жатқандығынан ба, ұшақтағы тегін ішімдікті «көтере» алмай, делегациямызды күтіп алып жатқанда, қатты ұятқа қалдырды. Банкке жеткеннен кейін, ол «ауруына» байланысты жұмыс тобынан шығып қалды. Сүлейменов жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылымының депутаты болғандықтан, ол елімізде тек айқайлап жүргені болмаса, депутаттығын сурет салуға айырбастамай, осында қалып, жұмысты Алин екеуміз ғана аяғына дейін жалғастырдық. Банкнот ақша шығару – бұл жеңіл жұмыс емес, ұзақ уақыт, үлкен қаржы талап ететін өте күрделі, тек білікті мамандардың ғана қолынан келетін шаруа. Ал біздің уақытымыз тығыз, ақшаны тез шығаруымыз керек. Осындай талаптарымыздың бәрін ескере отырып, ағылшындар бізге банкноттарды тез арада шығарудың қыры мен сырын, құпиясын оқытып, таныстырып, қалғандарын жұмыс барысында үйрете бастады. Ол жақта тынымсыз жұмыс болды. Айына бірнеше рет, тіпті аптасына ары-бері ұшып, құпия құжаттарды тасуға тура келді. Мәскеу арқылы ұшатынбыз, кейін Түрік авиа компаниясы келген соң, Ыстамбұл арқылы қатынайтын болдық. Маған сол кездегі сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов құпия құжаттарды қорғау мақсатында дипломаттық паспорт жасап берген. Кейін екінші дипломаттық паспортты Тоқаев министр болып тұрғанда өзі берді.
Қазір қолма-қол ақша банкноттарды пайдалану азайып барады, банкнот шығару да жеңілдеген. Ол кездері Англияның банкнотын жасауға 6 жыл, немістің маркасына 2 жыл кетті дейтін. Көптеген жұмыс әлемдік деңгейдегі санаулы мамандардың қолымен жасалады, олар банкнотты темірден ойып жасайды, сондықтан біздің жеті банкнотымызды жасауға ұзақ уақыт кететін болды. Желтоқсан айының басында болса керек, ұлттық банк төрағасының кабинетінде отырғанымызда, телефон арқылы президент қоңырау шалды. «Теңгеміз март айының аяғында Қазақстанда болсын» деген тапсырма алдық. Сол күні таң ата мен Лондонға ұшып кеттім. Бүкіл фабрикадағы мамандармен ақылдасып, басқа да фабрикадағы мамандарды жинап, түсіндіріп, өтініш жасап, жұмысты бөліп бердік. Қалай да ақшаны өте қысқа уақытта шығарудың қамын, жоспарын жасадым. «Асыққан сайтанның ісі» деген рас-ау. Асығыстықтың шикілігі де болды. Оны да реттеп, абыроймен шықтық қой.
128 жигулидің ақшасын банкнот шығару үшін жұмсадым
Ұлттық банк Лондондағы «Харрисон және оның ұлдары» деген банкнот шығаратын фабрикамен келісімшартқа отыратын болды. Сол кезде бізге әрбір банкноттан қанша дана керектігін, жалпы көлемі қанша болу керек деген сұрақ тұрды. Алайда оған бізден ешкім жауап бере алмады. Олар өздерінің экономисін ұсынды, ол халқымыздың санын, экономикамыздың әлеуетін есептеп отырып, санап шықты. Теңгеміздің құнын белгілеу керек. Сол кезде әлемдегі ең тұрақты деген валюта неміс маркасы болатын. Содан не керек, 1 теңге 1 маркаға тең болсын деген шешім қабылдап, жаңа шығатын теңгеміздің жалпы көлемі соның негізінде есептелді. Олардың есебіне күмәнданған біздің адамдар Назаров деген банкирге тексеріп шығуға тапсырма береді. Ол Кеңес өкіметінің 1961 жылы ауысқан ақшасының 1991 жылға дейінгі Қазақстандағы айналымын зерттеп, салыстырып, ағылшындар есебінің дұрыс екендігіне көз жеткізді. Ол кезде кеудемізді керген патриотизмді айтып сұрамаңыз. Шаршауды, дүние табуды ойламадық. Керісінше, бірнеше жыл бұрын бизнесте жүріп тапқан қаржымды сол банкнот шығарудың жолына жұмсап жібердім. Сол кездегі бағамен есептегенде, шамамен 128 жигулидің ақшасы кетіпті.
Теңгеміз әлемдік деңгейдегі ең соңғы технологиялық жаңалықтар енгізілген, алдыңғы қатардағы банкнот болып шықты. Төл теңгенің шығуы – мемлекетіміздің шынайы тәуелсіздігінің айғағы болды. Теңге ұлттың рухын көтерді, идеология құралына айналды. Оны басып шығарған «Хариссион және оның ұлдары» фабрикасы Қазақстан мен Англияның экономикалық қарым-қатынасын жақындатып қана қоймай, соңғы технологиямен шығарған банкноттары үшін Англия Королевасының «алтын белгісімен» марапатталды. Фабриканың бас дизайнерінің айтуынша, жаңа шыққан теңгенің үлгісі мен біздің суретімізді Британия музейі сұратып алыпты. Қазақстанның төл ақшасы айналымға енген кезде, теңгені қолына ұстаған халықтың қуанышында шек болмады! Шынын айту керек, қазір бәрін өткен шақпен айтып отырмыз ғой. Сол кезде қазақтың рухы шынайы көтеріліп еді. Көзіне жас алмаған қазақ болмаған?!
Ол кезде бізге «теңге шығардық» деп айтуға тыйым салынатын. Кейін Ресейдің «Труд» газеті жазған соң ғана банкирлеріміздің аузы жабылды. Кеңес өкіметінің құлауы үлкен жоба. Горбачевтің қолымен жасалса да, Чубайс, Гайдар, Шохин, Барбулис сияқты жастарды Америкаға оқуға жіберіп, кейін оларды жоғары қызметтерге тағайындады. Бұлардың міндеті – Кеңес өкіметін ыдыратумен бірге республикаларды бөліп жіберу еді. Соның бірі – Шохин, ол экономика саласында қызмет етті. Қазақстанға ақша бермей, біздің бөлініп кетуімізге бар күшін салды. Алайда біздің президентіміз рубльдік аймақтан шықпаймыз деп жанталасты. Олар «кеткілерің келмейді екен, онда 1 бір рубльді 65 пайызбен аласыңдар» деді. Ресейден ажырасақ қайыр тілеп қалатындай, соған көніп, ақша алғанымызға мәз болдық. Неткен бейшаралық?!
Басқа республикалар бөлінуден бұрын өз купондарын, зайчиктерін шығарып жатты. Ал біз болсақ, Совет одағына адалдығымызды дәлелдегендей болып, рубльдік аймақтан шықпаймыз деп әбден әлек болдық қой. Біздің Ресейден бөлініп, өз дербес экономикамызды құрып кететін қолайлы мүмкіндіктер көп болса да, соны пайдалана алмадық. Тіпті пайдалану деген ниетіміз де болмады...
Теңгеміз жеті банкноттан тұрды. «Жеті» қазақ халқы үшін киелі сан. Басқа дамыған мемлекеттердің валюталарымен салыстырғанда, банкнот көп. Мысалы, Англияда бар-жоғы төрт банкнот. 1 теңгеде Әл-Фараби, 3 теңгеде Сүйінбай, 5 теңгеде Құрманғазы, 10 теңгеде Әбілхайырдың, 50 теңгеде Назарбаевтың суреті болған еді. Сол уақытта дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтіп жатқан, әлемнің төрт бұрышынан қазақтар келді. Олар ұшақтан түсе сала топырақты сүйді. Соны көрген Назарбаев халықтан сескенді ме, банкнотқа өз суретін бастыруды кейінге қалдырды. Сөйтіп, 10 теңгеге Шоқанның, 20 теңгеге Абайдың, 50 теңгеге Әбілхайырдың, 100 теңгеге Абылай ханның суретін салдық. Сонымен, осы 7 банкнот теңгеміздің негізі болды. Оған қоса, инфляциялық ақша ретінде 200 теңге шығару жоспарланған болатын. Кейін біздің қаржыгерлердің әлсіздігінен инфляцияға ұшырап, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000, 20 000 теңгелік қағаз ақшалар шығып кетті ғой.
Теңгеміздің алғашқы нұсқасында ежелгі дәуірдегі құрылыстар, табиғат көріністері, «қызыл кітапқа» енген аң-құстар болған. Сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаев, Сауық Тәкежанов, Серікболсын Әбділдин сияқты тұлғалардан тұрған комиссия мүшелері портреттік нұсқаға тоқтап, сол жеті тұлғаны анықтап берді. Алғашқы атауы «Сом» болатын, кейін «Теңге» дегенге тоқтадық. «Теңге» ежелгі түрік сөзі: тең, тепе-тең дегенді білдіреді. Орыстың «деньгиі» де біздің тілден шыққаны айтылып жүр қазір.
Ұшақпен алтын апарып, теңге тасыдық
Сонымен, президентке берген уәде айтқан уақытында орындалды. Март айының аяғында дайын болған банкноттарымызды тасу проблемалары тұрды. Шымкенттің жүк таситын ұшағын жалдады. Басшысы Узифулла Әжмолдаев деген жігіт, ол өзі басқарып жүрді. Алматыдан ұшатын ұшақтың жанармайы Лондонға дейін жетпейді. Ресейдің территориясына қонып, жанармайын құйып, ары ұшуы керек. Ал қайтқан кезде ондай жүкпен басқа елдің аумағына қонуға болмайды. Не істеу керек? Содан ақылдасып отырып жердің ары қарай айналатынын, 40 тонна жүкпен әуеге көтерілген ұшақтың артынан жел соғып, ұшаққа көп ауырлық түспейтінін, құйылған жанармайдың Лондоннан Орал қаласына дейін жететінін есептеп шығарып, ақша тасу науқаны басталды да кетті. Мен Қазақстаннан сом-сом алтын тиелген ұшақпен Лондонға ары бір ұшсам, бума-бума ақша тиелген ұшақпен бері ұшып, екі араны жол қылдым.
Теңге тасу жобасын басқарған адам – банктің орынбасары Мірсұлтан Тұрсынов. Ол мойнына ауыр автомат іліп алып, бір ай көкте жүріп, ауырлықты көтере алмай бет-аузы ісіп кеткен. Ешнәрсе оңай болған жоқ.
Теңге айналымға енген соң, банктің басшылары ауысып, орынбасар болып жастар келді. Мірсұлтан сияқты мамандарды шеттетіп, ақырында жұмыстан шығарып жіберді. 1994 жыл. Теңге айналымға енгеннен кейінгі екінші ай. Қаңтардың 16-сы, әлде 23-ме? Жексенбі болатын. Ұлттық банкке шақырды. Бардым. Мірсұлтан Тұрсынов пен бірінші орынбасары Ораз Жандосов және бірнеше орынбасары отыр екен. Олар «Теңгені орысша шығару керек» деді. Мен «Онда өздерің шығарыңдар, мен істемеймін» дедім. Бәрі үнсіз қалды. «Сендер бәрібір қарсы тұра алмайсыңдар, сондықтан сендерге түсінік хат жазайын. Теңгені қайта жасау үшін жүздеген миллион доллар, үш жылдай уақыт керек, соны берсеңдер, біз қайта жасауға кірісеміз. Ал сендер үстіне өз жауаптарыңды жазып жібересіңдер» дедім. Олар солай істеді. Бірақ оларда ондай қаражат та, уақыт та жоқ болатын. 1994 жылдың 17 март күні президенттің делегация құрамында Лондонға іссапармен ұшатын болдық. Сол сапардағы көп кездесулердің бірінде банкнот фабрикасының басшыларымен жолықтық. Біздің басшылар «Алматыдағы банкнот фабрикасының құрылысын беремін» деген уәде беріп, теңгені орысша шығаруды тапсырды. Олар айтқандарын орындаса да, біздің адамдар уәдесін ұмытып кетті.
Мен басқарып отырған «Қазақстан дизайн орталығы» теңгемен қатар, темір тиындарды да, қазақтың көк паспортының да үлгілерін жасады. 1992 жылы қазан айында болса керек, «Қазақстанның паспорт столы» деуші ме еді, сол мекемеге Өмірбай Мұсаев деген полковник келді. Кейін танысып, көп жоспар жасап, көк паспортымызды Англияда теңгемен бірге басылатын болды. Солай жасаса, бағасы арзанға түсіп, тасымалдауға да жеңіл болатын еді. Тіпті алғашқы үлгісін Англияда басып әкелдім. Мен келсем, мына жақта қалған Тимур Сүлейменов барлық жерге барып мақтанып, «Біз паспорт шығарып жатырмыз» депті, оның арты айқай-шуға айналып кетіпті, сөйтіп жобамыз іске аспай қалды. Алғаш қағаз ақша Англияда, тиын Германияда басылатын болған. Қағаз ақша шығаруды мен Англияға өзім алып кеттім. Англия мен Германияның арасында шапқылау қиын болды. Содан тиын шығаруға басқа адам кетіп, басылып шығады деген тиындарымыз өз уақытында шықпай қалды.
1993 жылдың тамыз айында Ресей өз ақшасын шығарды. Бізге рубль бермей қойды. Қоймада бірнеше айдан бері жатқан теңгемізді тез арада айналымға енгізу туралы баяндаманы үкімет жиналысында мен жасадым. Сол кездегі премьер-министр Терещенко да, басқалары да қашқалақтады баяндама жасаудан. Тиындарымыз болмағандықтан, уақытша қағаз тиындар шығардық. Екі айда шығады деген тиынымыз 3-4 жылдан кейін шығып, эшолонымен келген тиынның түкке пайдасы болмай қалды, бәрі тікелей қоймаға кетіп жатты.
Теңге айналымға енер кезде Жандосов, Шөкеев, Ізтілеуов, Мыңбаев, Марченко сияқты комиссия мүшелері «Неміс маркасының не керегі бар, бізге Ресейдің рублі керек» деп, 1 теңгемізді Ресейдің 500 рубліне теңестіріп, теңгені айналымға енгізді. Теңге айналымға енген алғашқы күні 1 доллар 4 теңге 50 тиын болатын, қазір 1 доллардың құны 500 теңгеге дейін жақындап қалды. Теңгемізді Ресейдің рубліне байлаған комиссия мүшелерінің қателігінен ақшамыз әу бастан инфляцияға ұшырап құлдырап кетті.
Банкке басшы болып келгендердің бәрі өз қолын қойған жаңа теңге шығарып, тарихта қалғылары келді. Алдыңғы төрағалардың қол қойған банкноттарын жоғалтып, жаңа банкноттар шығарып жатты әрқайсысы. Себебі ұлттық банкті тексеру үшін тек президенттің рұқсаты керек! Бір жолы маған халықаралық сарапшы қоңырау шалды. «Марко Полоның сізге қандай қатысы бар?» деп сұрады. Сөйтсек, ұлттық банктің басшысы Марко Полоның суретін салып теңге шығарыпты ғой. Ондай «ойыншықтары» көп...
Теңгедегі ұлылар бейнесін алып тастап, карта мен Назарбаевты салған - Марченко
Марченконың біз шығарған алғашқы төл теңгені тиынға айналдырып жіберуінің астарында үлкен саяси сыр бар. 12 жылдан кейін Ұлттық банктің төрағасы Сәйденов – Әбілхайыр хан, Абылай хан, Абайдың суреттерін алып тастап, Қазақстанның картасын, Назарбаевтың алақанын салып, жаңа теңге шығарды. Сәйденовтың артында Назарбаев тұр. Назарбаев өз портретін басты. Оған халық қарсы болды. Ол жаңа ақшаларды Мальтаға апарып басып, оны самолетпен тасып, арты қып-қызыл дауға айналды ғой. Алайда Назарбаев бүкіл теңгені өзгертіп, бәріне өзінің портретін сала алмады. Жиырма мың теңгеге салды, оның сапасы да, дизайны да нашар.
Ұлттық банкі екі рет госпремияға ұсынды. Екеуіндеде Ермек Аманшаевтың "қамқорлығының" арқасында өтпей қалды. Екінші рет ұсынғанда Ұлттық банктің төрағасы Дәулет Сембаев қол қойып, мөрін басып госпремияға ұсынған, ал анау жай ғана бөлім бастығы өзі қол қойып, қайтарып жіберіпті. «Вы действительно подтверждаете» деп жазыпты. Банктегілер «мынаның есі дұрыс па?» деп күліп, қайта жазып жүрген, бірақ уақытты созып, ақыры өткізбеді. Кейін менің өзім «Еңбегі сіңген қайраткер» деген атаққа сегіз рет ұсынылып, жоғарыға жетеді де, із-түзсіз жоқ болып отырды. Кейін еңбегімді халқым елесе болды деп, қолымды бір сілтедім.
Осындайда еске түседі. Біз шығарған алғашқы теңгеге ағылшындар Әл-Фарабиді салдырғылары келмеді. Ол кезде оның себебін түсінбедік. 15 жылдан кейін теледидардан Назарбаевтың «Маған арабтар Қазақстаннан Ислам мемлекетін жасайық, бүкіл қаржыны мойнымызға аламыз деді» дегенін естігенімде, ағылшындардың сәлделі Әл-Фарабиге қарсылығының сырын түсіндім.
Міне, теңгеміздің шыққанына да отыз жыл болды. Көп естелік ескіріп, ұмытылып барады. Осы шаруаға араласқан көп адам дүниеден өтті. Оның үстіне, теңге туралы әңгіме біреуге қызық, біреуге еш мәні жоқ қазір. Теңгенің тарихы туралы әңгімені осы соңғы рет айтып отырған болуым мүмкін, бұдан кейін ешкімге қызық болмайтын сияқты. Теңгенің қысқаша тарихы осындай. Ұлттық банктің төрағасы болған Дәулет Сембаев бір сұхбатында айтқанындай, үлкен жұмыс істеліп еді, бірақ теңге мемлекетіміз тарапынан елеусіз болып қалды. Ешкім рақмет айтпады.
Жазып алған Жарас КЕМЕЛЖАН