Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дариға Назарбаева саясатқа қайтып келе ме?

05:39, 01 тамыз 2023 160



Dala Inside Телеграм-арнасы Дариға Назарбаеваның КТК телеарнасын сатуға оқталғаны жайында жазды. Басты себеп, телеарнаға жарнама берушілердің саны азайып, табысы күрт төмендеп кеткені себеп болған деседі.

Үлкен қыздың саяси салмағы хақында

Иә, Назарбаев режимі құлағалы бері отбасына қатысты бизнестердің табысы азайып, мәні кете бастағаны жасырын емес. КТК арнасы мұнай сорып, газ айдап еселеп табыс табатын актив емес. Шығыны көп медиа саласын саясаттан үміті бар апайтөс олигархтарға қолдан жемдеп, ұстайтыны белгілі.

Дариға Назарбаеваның КТК арнасын сатуға оқталғанынан оның саясаттан кетуінің басы ма деп болжам жасап, ой түйгендей болдық.

Бірақ бұлай деп пікір айтып, жауырын ашардың алдында ескі Қазақстанда Дариға ханымның қаншалықты саяси салмағы болды деген сұраққа аз-кем жауап бере кетуде артықтық етпесі анық.

Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып, дәуірлеп тұрған кезеңде отбасының белді мүшесі болған Дариға ханымның саясаттағы абырой-беделі біршама қалыптасқаны анық.


Бұл ретте Дариға ханым тас жарып, тау қопарды деп ешкім айта алмасы анық. Бар болғаны отбасының мүшесі болғандықтан, оның елімізде саяси салмағы болды.

Керек десеңіз, атамыздың үш қызының арасында тақ мұрагері ретінде Дариғаның есімі жиі аталғанын да білеміз.

Дариға тақ мұрагері деген мәртебелі атаққа ие болуы үшін елге еңбек сіңіріп, Қазақстанды гүлдендіріп жібермегені анық.

Дариға-Рахат тандемі саясаттың катализаторы болды

Дариғаның саясаттағы белсенді әрекетке көшуі марқұм жұбайы Рахат Әлиевпен бірге «Асар» партиясын құрып, өзі қатарлас жас түркілермен ашық күреске шығуымен байланыстыруға болады.

Бұл күресте әкесіне арқа сүйеген Дариға мен Рахат Әлиев Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының жетекшілері Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновты түрмеге тоғытты. Ал соңында Рахат Әлиев қайын атасына саяси амбициясын көрсетіп, шетелге бас сауғалағанын білеміз.

Осылайша, Дариға Назарбаева мен жұбайының үлкен саясатта жасаған қадамы сәтсіздікке ұшырады.

Дәл осы ретте Дариға мен Рахат саясатта асығыс қадам жасады ма деген сұрақ туындары анық. Бір қызығы – автократиялық жүйенің қазығын Қазақстанға батыра қаққан Назарбаев режимі кезінде оқыстан туындаған саяси дағдарыс уақытында не болмаса ерте басталды деп дәл бағалаудың өзі қате екенін ескерсек, Дариға мен Рахаттың билікті қолына алуға әрекеттенуі ерте-кеш деп кесіп айтудың қиын екенін кімде болса түсінері анық

Тартысқа түскен тарап үшін бұл уақыты келгенде орын алған жайт болып саналатыны анық. Осы ретте Дариға-Рахат тандемімен тіреске түскен Әблязов-Жақиянов тобы да өздерін уақытында қимылдадық деп есеп қылатыны анық.


Ал билікті ұзақ жыл уысынан шығармаған Нұрсұлтан Назарбаев қана саяси жүйенің өзгеруі ерте (ол кісіге салсаңыз жүйені аяқталатын мерзімі болмады ғой) деп есептегені анық.

Осы жайттарды ескерсек, Дариға-Рахат тандемі еліміздегі билік басында процесстердің жүруіне белгілі көлемде катализатор болғанын мойындауымыз керек. Ал бұл кезеңде екінші күйеубала Тимур Құлыбаевыңыз түйеқұс секілді басын құмға тығып, тыныш отырғанын білеміз.

Саясатта ашылып қойылған карта

КТК арнасын «распродажаға» қойған Дариға Назарбаева алдағы уақытта өзге де активтерін сатылымға шығаруы бек мүмкін.

Өйткені ол күйеубаласы Тимур Құлыбаев секілді саясатта компрамиске келетін адам емес екенін әлденеше рет дәлелдеген. Атамыздың үлкен қызы жүрген жерде конфликті болды емес пе?

Сондықтан Назарбаеваның алдағы уақытта активтерін сатылымға шығарып, тыныш өмірді таңдауы бек мүмкін. Себебі отбасы мүшелері арасында саясатта тартысқа түсіп, саяси қарсыластарын көбейтуде Дариғадай көзге түскен адам жоқ. Сондықтан Назарбаева саясаттан кетіп жатса, оған таңғалмас едік.

Осыдан 10 жыл бұрын саяси келешегін ойлаған бес адам болса, соның бел ортасында Дариға Назарбаева тұрушы еді.

Сол кездің өзінде экс-президенттің үлкен қызы еліміздегі медиа активтердің басым бөлігін қол астына шоғырландырып, кез келген саяси күреске дайын болды. Тек әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың тізгіндеп ұстауының арқасында ғана өзінің саяси амбициясын шектеуге мәжбүр болғанын білеміз.


Әйтпесе, Дариға мен Рахат саясаттың сахнасында біраз адаммен тіреске түсіп, өздерінің болашақ қарсыластарын қоғам алдында сүйкіміз қылып көрсетуде барынша күш салды емес пе?

Билік үшін күресте Дариға мен Рахат оппозицияның белді өкілдері Сәрсенбаев, Әблязов, Жақияновтармен ғана ұстасқан жоқ. Сонымен қатар атамыздың сенімді адамдарының бірі болған, «сұр кардинал» деген лақап атқа ие болған Нұртай Әбіқаевпен де ашық күреске түскенін білеміз.

Осындай жайттарды ескерсек, Дариғаның саясатпен айналысуына Жаңа Қазақстан да, Назарбаев режимінің белді мүшелері де жол бермейтінін байқауға болады. Олар үшін Дариға саясатта мінезі мәлім, ашылып қойылған карта. Ешқандай компромиске келмейтін үлкен қыздың адуынды мінезін ешкім жаратпайтыны анық.

Нұрлан ЖҰМАХАН 

https://dalanews.kz/

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар