Украина президенті Владимир Зеленский америкалық әріптесі Дональд Трамппен телефон арқылы не туралы сөйлескенін айтып берді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Deutsche Welle басылымы жазғандай, Трамп Зеленскийге Ресей президенті Владимир Путинмен болған келіссөз барысы туралы айтқан. Бұл туралы Украина басшысы Х әлеуметтік желісінде жазды. Қос тарап энергетика және азаматтық инфрақұрылымға соққы жасауды тоқтату жайын талқылады.
"Мен бұл қадамды қолдадым. Украина мұны жүзеге асыруға дайын екенін растады", - деді Украина президенті.
Айтуынша, Курск облысындағы жағдай, әскери тұтқындарды босату және украиндық балаларды қайтару мәселесі, сондай-ақ Украинаның әуе қорғанысының жай-күйі және оны күшейту мүмкіндігі де сөз болған.
"Біз өз командаларымызға атысты ішінара тоқтатуға қатысты техникалық мәселелерді шешуді тапсырдық. Украиналық және америкалық командалар бейбітшілікке жету қадамдарын үйлестіруді жалғастыру үшін жақын арада Сауд Арабиясында кездесуге әзір", - деді Владимир Зеленский.
АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленскиймен келіссөзді "өте жақсы" деп бағалады.
"Талқылаудың айтарлықтай бөлігі Ресей мен Украинаның талаптары мен қажеттіліктерін келісуге негізделген. Біз дұрыс жолда келе жатырмыз", - деді Трамп.
Sky News жазуынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц Дональд Трамптың Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін мәлімдеме таратты.
"Президент Зеленский президент Трампқа 11 наурызда Джиддада украиндық және америкалық командалардың жұмысы нәтижелі басталғаны үшін алғыс білдірді. Екі елдің делегацияларының кездесуі соғысты тоқтатуға қарай бағытталған қадам болды. Зеленский Трампқа АҚШ-тың қолдауы үшін, әсіресе Трамптың бірінші болып ұсынған Javelin зымырандары мен бейбітшілікке қол жеткізудегі күш-жігері үшін алғыс айтты. Көшбасшылар Украина мен Американың соғысты тоқтату үшін бірлесіп жұмыс істейтінін және президент Трамптың басшылығымен тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болады деп уағдаласты", - делінген мәлімдемеде.