Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Прокуратураның мәліметі бойынша, 2020 жылы ас тұзын өндіру бойынша келісім-шарт аясында жергілікті атқарушы органдар Теке көлін 21,5 мың гектар аумақтағы жер көлемімен пайдалануға берген. Кейіннен су қоймасының айдынында жер учаскесін жалға алу туралы келісім-шарт жасалған.
«Алайда, 2022 жылы пайдалы қазбаларды өндіру келісім-шартының мерзімі аяқталуына қарамастан, уәкілетті орган Жер кодексін бұза отырып, екі жыл бойы келісім-шартты біржақты түрде бұзу шараларын қабылдамады, бұл су қоры жерлерін мақсатсыз пайдалануға әкелді», – деп хабарлады прокуратура.
Сондай-ақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс талаптарына қарамастан, кәсіпкерлік субъектісі уәкілетті органның ресми сайтында әрекет етуші жер қойнауын пайдаланушылар тізімінен шығарылмаған.
«Мамандандырылған экологиялық прокурордың қабылдаған шараларымен жер учаскесін жалға беру келісім-шарты біржақты түрде бұзылды. Қышқыл-тұзды су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды. Құзыретті органның интернет-ресурстарындағы мәліметтер сәйкес келтірілді. Лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады прокуратура.