Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан астығын неге өткізе алмай отыр?

10:22, 05 қазан 2024 798
 

Өткен айда нарығы үлкен Қытай тарапы қазақстандық бидайды белгіленген мөлшерден артық алмайтынын аңғартса, таяуда бұл қатарға Ресей де қосылды. Қос алпауыттың қыспағы енді диқандардың еңбегін далаға шашқызуы мүмкін. Салаға жауаптылар не істемек, Қазақстан астығына басқа нарықтар табыла ма деген сұрақтар өте маңызды деп хабарлайды Alash.KZ.

Себеп пен сылтау көбейді

Алдымен Қазақстан астығының биыл қаншалықты көп болғалы тұрғанын бағамдап көрейік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына жүгінсек, биыл көктемде 16,6 млн гектар жерге дән себілген. Қазір орта есеппен әр гектардан 14,9 центнер өнім жиналуда. Болжап қарасақ, 23-24 млн тонна астық алуға мүмкіндік бар. Ал былтыр өнімділік аз болған еді, диқандар орта есеппен әр гектардан 11 центнерден артық өнім ала алмады.

Қазақстандық диқандарды әуреге салатын бір проблема жол тосып шыға келді. Ресей тарапы Қазақстаннан тасымалданатын өнімдерге фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатты. Бұған байланысты Ауыл шарушылығы министрлігі "Россельхознадзорға" сұрау жіберген. Министрлік хатта Қазақстаннан экспортталатын өнімдерден қандай фитосанитариялық бұзушылықтар анықталғанын нақтылауды сұраған екен. Өйткені ресейлік тараптың бұл әрекеті нақты дәлелден гөрі, сылтауға қаттырақ ұқсайтындай.

– Расымен, қыркүйек айының ортасында "Россельхознадзордан" мұндай хабарлама келді. Онда көрші елдің құзырлы органы түрлі қауіпті дерттің анықталуына байланысты фитосанитарлық сертификаттар беруді тоқтататыны туралы хабарлаған. Олардың ішінде дәнді дақылдар мен көкөніс түрлері бар. Бұл хабарламаға жауап ретінде біз анықталған бұзушылықтар туралы нақты фактілер келтіруді сұрап, хат жолдадық, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы ведомствосы.

Дегенмен көрші ел өнімдерден нақты қандай қауіпті бактариялар немесе ауру түрлері анықталғанын нақты айтпай отыр. Ешбір зертхана қорытындысы ұсынылмаған.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан тарапы шетелге экспортталатын барлық өніміне тиісті зерттеулер жүргізіп отырады. Талдау нәтижесінде ешқандай кемшілік анықталмаған. Сонымен бірге, елдегі зертханалар халықаралық стандарттарға сай екені, онда үнемі қажетті тексеріс жұмыстары жүргізіліп отыратыны айтылды.

Негізі бұл Ресей тарапының Қазақстан үкіметіне ерегісе отырып қатқан жауабына қаттырақ ұқсайды. Мысалы, бұның алдында еліміз Ресейден келетін астық көлемі ішкі және сыртқы нарығымызға қысым көрсете бастауына байланысты бидай импортына тыйым салған болатын.  Бұл тыйымнан кейін Қазақстанның астық экспорттаушылары Ресей тарапынан өздеріне қысым көрсетіле бастағанын мәлімдеді. Астық одағының басшысы Нұрлан Оспановтың айтуынша, Ресей аумағы арқылы Еуропаға бидай тасымалдайтын кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Экспорттаушылар "Россельхознадзор"-дың негізсіз талаптарына байланысты шекарадан өте алмай, станцияларда қаңтарылып тұрған вагондар үшін үлкен көлемде айыппұл төлеп, тапсырыс берушілерге уақытылы өнімді жеткізе алмағаны үшін шығындалған. 

Ресей Орталық Азия нарығын тұншықтырып жатыр

Бұған дейін біз "Қазақстан фермерлері қауымдастығы" басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленовпен жеке сөйлесіп, мәселені талқылап көрген едік. Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы расымен де Ресей астығы біздегі дәстүрлі астық нарығын тұншықтырып бара жатқанын айтты.

– Себебі белгілі, біріншіден, көрші ел геосаяси қақтығысқа түсіп, санкцияларға ілігуіне байланысты экспорттық бағытын кәрі құрлықтан Азияға қарай бұрды. Екіншіден, оларда өнімділік жоғары, 1 гектардан шамамен 25-30 центнер астық алып жатса, біздегі көрсеткіш 15 центнерден аспай жатыр. Өнімділік жоғары болғаны үшін олар астық бағасын да арзандата алады. Мәселен, ашық дереккөздерде былтыр ресейлік бидайдың бір тоннасы 68 мың теңгеден (13 200 рубль), ал қазақстандық бидай сортына қарай 80-91 мың теңге аралығында саудаланған. Баға айырмашылығы анық аңғарылады, тұтынушы қай кезде де қолайлы бағаға келісетіні жасырын емес. Сондықтан Қазақстан астық экспорты проблемасымен ғана емес, өнімділікті көтеру мәселесімен де айналысқаны жөн. Бұл ретте елдегі қолайсыз ауа райы да кедергі етіп жүр, – деді ол.

Қазақстан қазір Қытай нарығына да астық асыра жеткізе алмай, қиналып отырғанын бұған дейін айтқан едік. Себебі олар жылына 2,2 млн тоннадан артық бидай алғысы келмейді. Есесіне шикізат құмар. Бұл тек астықты Қытайға экспорттайтын кездегі мәселе емес, оңтүстіктегі шекарадан Өзбекстанға өткізер кезде де тап осы проблемаға ұрынамыз. Диқандардың бәрі өнімін өткізгісі келеді, алайда шектеу бар.

Мәуленовтің айтуынша, ел үкіметі бұған дейін салаға жауапты ведомство басшыларымен, мамандармен және диқандармен кеңесіп, басқа нарықтарды іздеуді тапсырған. Шынын айтқанда, логистика нашар деңгейде тұр, автомобиль жолдарының өзі аса дамымаған. Еуропаға бет бұру үшін астықты алдымен Каспий теңізіне жеткізу қажет, бірақ оған дейінгі процестер шығынды талап етеді. Сайып келгенде өзге нарықтар табылған күннің өзінде жеткізу оңай шаруа емес. Керісінше шығынға ұшырауымыз мүмкін.

– Дәнді дақылдың барлық түрін есепке алғанда Қазақстанның жылдық өнімі шамамен 20-23 млн тонна десек, еліміз ай сайын кемі 1 млн тонна дәнді дақыл экспорттап отыруға тиіс. Бірақ оған шама келмейді, артылған өнімді сақтауға қоймалар қажет. Биыл дән кеш себілді, сондықтан бидай сапасы төмен болуы мүмкін. Ол кезде өнімнің бағасын төмендетуге тура келеді. Әрине, Қытай нарығы өте үлкен, диқандар соны ескеріп өнімін өткізіп, пайда табуды көздейді. Алайда Қытай тарапының талабы қатты, лимит белгілеп, түрлі сертификат талап етеді. Себебі оларға біз ғана астық жеткізбейміз. Теңіз арқылы басқа да елдерден өнім алдыртады, ал кемемен жеткізу арзанға түседі. Егер Қазақстан белгіленген лимитті өзгертіп, көбірек астық жеткізгісі келсе, келіссөзге шақырғаны абзал. Алайда Қытай дипломаттарымен байланыс орнату оңай шаруа емес, – деп толықтырды Ақпар Мәуленов.

Міне, Қазақстан млрд-тан астам халқы бар Қытайға бар болғаны ай сайын 150-200 мың тоннадан аспайтын бидай экспорттайды. ҚХР меморгандары мол астықты кіргізуге құлықты емес. Ресейдің жайы тағы белгілі, өзге нарықтарға логистикалық шама жетпейді. Сондықтан өнімділік мол болғанына қарамастан биыл диқандар шығынға ұшыраумен әбігерге түсе беретін секілді, деп жазды inbusiness.kz.

Хақназар Жалғас

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?