Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

ҚҚС өсімі: Кәсіпкерлер үшін жаңа өзгерістер не әкеледі? (Видео)

17:06, 28 наурыз 2025 265

Қаржы саласының маманы Айбар Олжаев қосымша құн салығын өсірудің астарында бюджетті ақшамен толықтырудан гөрі салықтық әділеттілік бірінші орында тұрғанын айтады, деп хабарлайды Alash.kz

 

Оның айтуынша,бұған дейін Қазақстанда орта бизнестің өсуіне ешқандай мотивация болмаған. Керісінше, іріленсе, салық көбірек төлейді. Сол себепті біздегі орта бизнес иелері бірнеше жеке кәсіпкерлік ашып, табыстарын бөлшектеп ұстаған, сөйтіп белгілі бір деңгейде салықтан жалтарып келген. Жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілсе, осы жағдайға нүкте қойылмақ. 

"Бұл арада әңгіме қосымша құн салығы мөлшерлемесінде емес. Көбісі, 12-ден 16 пайызға арттырды деп ауыз толтыра цифрды зорайтып көрсетуде. Бірақ, мәселен есептей келсек, 12 пайыз кезінде 5, 17 трлн теңге жиналды ма, ал оған 4 пайызды қоссақ, 5,35 трлн болар ары кетсе. Бұл түк те емес. Әңгіме ҚҚС-ті жаппай төленетіндігінде. Бұған дейін үлкен бизнес табысын ЖК-ларға бөлшектеп, салықтан жалтарып келген болатын. Ал жаңа өзгерістерге сәйкес, бұл мүмкін емес. Кіші бол, орта бол, бәрібір сол салықты төлейсің. Сондықтан кәсіпкерлер енді жиған-тергенін анды-мында тықпыштамай, ашық есеп жүргізетін болады. Сөйтіп ірілене бастайды", - дейді Айбар Олжаев Ютубтағы "QASQA JOL" бағдарламасына берген сұқбатында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жаңа Салық кодексі қолданысқа берілген соң 4 пайыз мөлшерлемемен бөлшек салық төлейтіндер көбейеді.

"Бір сөзбен айтқанда, шағын бизнес қарыштайды. Оның бәрі шамамен есептелген. Қанша кәсіпкердің бөлшек салыққа өтетінін Үкімет әзірден байқастап отыр", - дейді ол.

Сарапшы өз сөзінде қосымша құн салығы мөлшерлемесін өсірмеске болмайтын жағдайға қалай тап болғанымызды да тәмпіштеп түсіндіріп өтіпті.

"Пандемияда біз қолда бар экономиканы сақтап қалу үшін жанталастық. Ешқандай жоспар, тағысын тағы деп бас қатыруға ол кезде мұршамыз болған жоқ. Расында, экономикамыз 2,6 пайызға кері кетті. Бірақ, түбегейлі құртып алғанымыз жоқ. Ол кездегі үкіметтің басты мақсаты да сол еді. Өте көп шығын шықты. 2021-2022 жылдары соның салдарымен күресуге бар күш жұмсалды. Алдындағы, яғни Әлихан Смайыловтың басшылығындағы Үкімет осындай қиын-қыстау кезеңде үлкен жұмыстар атқарды. Ал қосымша құн салығын көтеру мәселесі, оның бүткіл сценарийі Ұлттық экономика институты әлдеқашан әзірлеп, даярлап қойған. Ол құжат күйінде жатты. Өйткені алда бізді бюджеттік дағдарыс күтіп тұрды. Тек бұл туралы ашық айтылмады, әйтпесе билік тығырыққа жақындап келе жатқанымызды білді. Тек 2023-2024 жылдары экономист мамандардың айтуы арқылы ол халыққа жол тарта бастады. Сол кезде ғана бюджеттік дағдарыс барын жұрт білді. Мұны 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да айтты. Содан бастап бұл тақырыпта қоғамдық талқы басталды. Әйтпесе, бұл - білікті орта үшін 2018-2019 жылдардан бастап аян еді. Яғни, мемлекет кәсіпкерлерге аямай көп ақша бөле бастады, ипотекалық жеңілдіктер жасады. Ал бұл ақшалардың Ұлттық қордан алынып жатқаны, түптің түбінде ол белгілі бір проблемалар тудыратыны анық еді", - дейді Олжаев.

Маман бұл арада мынандай екі жағдай барын айтады. Бірінші - Үкіметтің мақсаты экономикалық өсімді арттыру. Екіншіден, Ұлттық банктің міндеті – қатты инфляцияны болдырмау.

"Үкімет өз мақсатына жету үшін экономикаға аямай ақша құюы керек. Ал ақша құйыла бастаса, бағалар өседі, инфляцияға қысым күшейеді. Әлбетте, Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтереді. Ал базалық мөлшерлеме өссе, кредит қымбаттайды. Ал Үкімет экономикаға ақша құя түсу үшін қарызға облигациялар шығарады. Базалық мөлшерлеме өскенде 18-20 пайызбен ол инвесторға сатылады. Үкімет қарыз жабуға келгенде осы пайызды да өтеуі тиіс болады. Бұл ақыры резервтердің таусылып, қарызға бату жағдайын тудырады. Қазір біздегі жағдай, өте дүрсің күйде сипаттағанда осындай", - дейді ол.

Әлбетте, бюджет дағдарысына түрткі тағы бір жайт - бюджеттік тәртіптің өрескел бұзылуы. Бұған ақшаны оңды-солды шашу, дұрыс игермеу, қарпып қалу және т.т. жатады. Мұндайда қайтпек керек?

"Бюджетті есептеу, ондағы былық-шылықты реттеу үшін қазір жасанды интеллектіні тарту көзделіп отыр. Яғни, ақша дұрыс есептеліп, дұрыс жұмсалып жатыр ма, соны анықтайтын белгілі бір мөлшерлемелерді бекітіп, сынап көрмек.  Сөйтіп болашақтағы виртуальды үкіметке қарай қадам жасалмақ", - дейді ол. 

Ол жаңа Салық кодексі, логикалық тұрғыдан, келесі жылы 1 қаңтарда іске қосылып қалады деп бажайлайды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар