Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

МИГРАЦИЯ САЯСАТЫН ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ БЕРУ ШАРТТАРЫН ҚАТАҢДАТУ КЕРЕК!

10:00, 31 шілде 2023 178
Миграция, бұл – қазіргі әлем елдері тап болып отырған ең үлкен әлеуметтік мәселенің бірі.

Батыс Европадағы соғыстан көз ашпаған Таяу Шығыстық босқындардың европалық мәдениетке сіңіспей қарсы шығуы соған айқын дәлел болады.

Егер қазіргі халықаралық миграция толқынының табиғатына үңілсек, көші-қон ағыны бұрынғы дамыған елдерден көрі орташа дамыған немесе даму үстіндегі елдерге де қарай ойысқанын байқаймыз.

Бір кездері Орта Азия оңтүстіктен солтүстікке бағытталған халықаралық миграция үрдісінде тек транзиттік рөл атқарып келген.

Алайда, кейінгі геосаяси жағдайлардың әсерінен бұл жағдай өзгеруі әбден ықтимал.

Тіпті, Орталық Азия болашақта Оңтүстік Азиядан келетін миграцияның негізгі нысанына айналуы мүмкін деген болжамдар бар.

Жасырары жоқ, соңғы жылда Қазақстан халықаралық миграцияның жаңа сын-қатеріне тап болды. Ресейде жартылай мобилизация жарияланған тұста, еліміздің солтүстік және батыс шекараларынан жүз мыңдаған ресейлік және өзге ТМД елдерінің азаматтары кірді.

Ал, Қытай Халық Республикасының азаматтарына Қазақстан территориясына 14.... күндік визасыз кіруіне берілген мүмкіндік биыл еліміздің шығыс шекарасында үлкен миграция толқынына жол ашты.

Ең қауіптісі, ресми органдар осы екі реткі ауқымды трансшекаралық қозғалыстар туралы анық мәліметтерді қоғамнан жасыруға тырысты.

Қазір Қазақстан Республикасының азаматтығы түрлі жолдармен шетелдік тұлғаларға сатылып жатқаны жайында мәліметтер тарап, қоғамды алаңдатып отыр.

Өз кезінде, Ресей азаматтары ел шекарасына ағылғанда және Қытай азаматтарына визасыз кіруге рұқсат беру мәселесінде азаматтық қоғам наразылық танытқан еді.

Бірақ, билік тарапынан бұл наразылықтар ескерусіз қалдырылды.

Мысалы жақында Павлодар облысында қазақстандық құжатымен қоса,

Ресей паспорты бар ерлі-зайыптылар ұсталыпты.

Тек, соңғы екі айдағы тексеру кезінде Павлодар облысында қос азаматтық алған 890 адам анықталған.

Ал Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, бұл елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi.

Дегенмен, осындай бiр тықырдың таяп келе жатқанын Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi – қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр тасиды.

Сонда, ол қалай қарай құйылады? Қазақстанмен бiрге әлемдi де мазасыздандырып отырған осы мәселе. Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн.

Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Қаруына сенген Ресейдi есептемегенде, қытайлар үшiн тек Қазақстанға (Орталық Азия) қарай ғана ағылуларына мүмкiндiк қалады.

Егер тек ұлты қытайлар үшiн Қытай үкiметi жеке куәлiгi мен тiркелген мекен жайы туралы анықтамасы болса болды паспорт жасатып беру арқылы сыртқа кететiн азаматтарының құжат рәсiмдерiн барынша жеңiлдеткенiн және қаржыландыратынын ескерсек, азаматтарының шетелге кетуiне мүдделi екендiгiн бiлдiредi.

Айтпақшы, Қытайдағы ерлер мен әйелдер арасындағы табиғи тепе-теңдiктiң бұзылу процесiн қосыңыз. «Бiр отбасыға – бiр бала» саясатына 25 жылдай уақыт болды. Ендi қазiр сол кездегi реформа перзенттерi отбасы құратын уақыт келгенде үйленетiн әйел таппай әлек. Сондықтан әйел затын сырттан iздеуге мәжбүр.

Сондай-ақ Батысты игеру саясаты шеңберiнде Шыңжаңға iшкi Қытайдан 20 жылда 250 миллион адамды көшiру жоспарын бастап кеткенiн ескерсек, Қазақстанда 20 миллион қытайдың пайда болуы ертегi емес сияқты.

Шынтуайтында қоғам белсенділері “Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтардың бәрінің қолында паспорт жоқ. Яғни, ол жақтағы қазақтар Қазақстанға емін-еркін келе алмайды. Бұл – тек ұлты қытай азаматтар үшін жасалып жатқан жағдай. Ал биліктің айтып отырған "екі жақтағы қазақтардың арасындағы барыс-келіс жақсарады" деген сөз – елді құр алдау ғана” дейді.

Сондағы наразылықтар түптеп келгенде еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне деген алаңдаушылықтан туған болатын.

Әбден асқынған жемқорлықты жеңе алмай тұрып, ұлттық мүддемізге қайшы келетін қадамдарды жасау мемлекет алдындағы үлкен жауапсыздық деп білемін .

Бұл күнде жұртшылықтың осы алаңдаушылығы расқа айналып жатыр.

Осыған байланысты, мемлекеттік барлық билік органдары (атқарушы және заң шығарушы) мынадай шараларды қабылдауы тиіс:

Ең алдымен Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны туралы заңға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, миграцияның, әсіресе сыртқы миграцияның келтіретін қауіптерін алдын алу мәселелері қарастырылуы керек.

Бұл арада, аталмыш заңның 2-тарауында қарастырылған Қазақстан Республикасында Халықтың көші-қоны процесін басқарудың мемлекеттік жүйесі қайта қаралуы, ел азаматтығын берудің шарттары қатаңдастырылуы қажет.

Себебі, әлемде шетелдіктер кіріп еңбек ететін БАӘ, Сингапур секілді бизнес орталығына айналған елдердің өзінде шетелдік тұлғаның ел азаматтығын алуы біздікіндей оңай емес.

Аталған саладағы жемқорлықты жою үшін аталмыш заңның 9-,10-11-ші баптарында қарастырылған ҚР Ішкі істер органдарының, Сыртқы істер министрлігі және ҚР-ның шетелдердегі мекемелерінің құзыреттері қайта қаралуы маңызды деп білеміз.

Сонымен қатар олардың көші-қон мәселесі бойынша қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен үйлестірілгені жөн.

Тағы бір мәселе, ұлттық қауіпсіздікке саятын бұндай маңызды мәселеге (ішкі-сыртқы көші-қон) қатысты нақты статистикалық мәліметтер қоғам өкілдеріне қолжетімді болуы және жыл сайын қанша шетелдіктің елге кіріп, оның қаншауы елде қалғаны туралы мәліметтер ашық болуы тиіс.

Бұл аталмыш құзырлы мекемелердің қызмет сапасын жоғарлатуға да тиімді болады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы қажетті жағдайда болмаса, халықаралық миграция мәселесінде бұрынғы ТМД елдерімен ортақ реттеу дейтін өнімсіз бірлестіктерден бас тартып, ішкі және сыртқы көші-қонды барынша дербес реттеу қабілетін арттыруын талап етеміз.

Біздің елде «кең-байтақ жер, аз халық» деген түсінік сыртқы тараптан енгізілген аса қауіпті түсінік.

Бір елдің қуатты болып тұруы үшін 20 миллионға жуық халық ешқашан аздық етпейді. Аустралия, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия секілді дамыған елдердегі халық саны бұның анық дәлелі.

Сондықтан, экономикалық қауіпсіздік үшін халқымыздың саны аз деген жалған ұраннан арылып, керісінше қазіргі бар халықтың сапалы, қауіпсіз өмір сүрін қамтамасыз етуіміз қажет.

Құрметті Отандастар!

Халқымыздың жарқын болашағына байланысты көтеріліп отырған аталмыш түйткіл мәселеге орай сіздерден жалпыхалықтық қолдау күтеміз.

Ұлт болашағы тек сіз бен біздің қолымызда екенін ұмытпағайсыздар дегіміз келеді.

Құрметпен: Желтоқсаншы және қоғам белсенділері:

Талғат Тұрысбаев, Нұрлыбек Қуаңбаев

 

 

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар