Ресей мен Беларусь басшылығының мәлімдемесіне сенсек, үшінші дүниежүзілік соғыстың ауылы алыс еместей көрінеді.
Әлемге осындай алапат қауіп төніп тұрғаны рас па? Қазақстандық әскери сарапшы Аман Мәмбетәлиев NEGE-ге берген сұхбатында осы сауалға нақты жауап беріпті.
– Ресейдің Мемлекеттік Думасы «үлкен соғысқа дайындық» туралы сөз қозғай бастады. Бұдан былай 30 жасқа дейінгі адамдар әскерге шақырылатын болды. Көптеген сарапшы Ресейде мобилизацияның екінші толқыны басталады деген ұйғарымда. Бұл жайында сіздің пікіріңіз қандай?
– Меніңше, мұның бәрі бекер емес. Бұлар кезекті мобилизацияның заңдық іргетасын жасап жатыр. Әскерге адам жинау үшін осы заң жобасын қабылдап отыр. Жақын арада мобилизация болуы әбден мүмкін. Бұған әсер ететін бірнеше фактор бар.
Біріншісі, Украинаның қарсы шабуылы майдан шебін екіге бөлсе, мәселен, Мариупольді қайтарып, Донбас пен Қырым арасына сына қағылса, Ресейге көбірек әскер керек болады.
Екіншіден, өздері қарсы шабуылға шығуы үшін де тың резерв қажет. Бірақ оның нақты қашан жүзеге асатынын дөп басып айту қиын. Бұған әсер ететін факторлар өте көп. Мысалы, Украинаның қарсы шабуылы, «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының (әрі қарай ЖӘК) лаңы және тағысын тағылар.
Соңғысына егжей-тегжейлі тоқтала кетейік. Қалай десек те, ЖӘК тұрақты әскердің қызметін орындай алмайтынына, лоялды құрылым емес екеніне Ресей басшылығының көзі жетті деп ойлаймын.
– ЖӘК-тің дені – түрмеден жасақталған сарбаздар. Олар қылмыстық әлемнің түсінігімен өмір сүреді. Үкіметке тікелей бағынғысы келмейді. «Қызыл» болуға арланады. Мұның бір себебі осы жағдай ма?
– Түрме түсінігі ерекше екені рас. Бірақ бұл жерде басқа да гәп бар. «Вагнер» жорығы алдында Ресейдің қорғаныс министрлігі жалдамалы әскермен келісімшартқа отырмақшы болды. Бұл ЖӘК сарбаздарына ұнамай, қарсы шықты.
«Кім ақша төлейді, талапты сол қояды». Бұл – жалдамалылардың негізгі ұстанымы. ЖӘК ақша төлеп тұрған соң, қорғаныс министрлігінің бұйрығы жүрмейді. Екі құрылымның арасындағы коммуникация өте нашар.
Оның үстіне, үнемі от пен оққа айдап, қиын бағыттарға жібере бастағанда, жалдамалылар бас көтерді. Оларды арнайы операцияларға ғана шақырмаса, ірі соғысқа қолдану тиімсіз екені байқалды.
Сондықтан, ресейлік әскер сапында адам ресурсының жетіспеушілігі білініп отыр. Соның орнын жаңа әскерге алынғандармен, рекруттармен толтыру керек.
– Үлкен соғыстың лебі бар екенін Беларусь президенті Александр Лукашенко да мәлімдеді. Беларусьтегі жалдамалылардың Польша мен Литва жеріне өтіп, соғысу ниеті бар екенін айтты. Бұл қаншалықты мүмкін нәрсе?
– Геосаясат дегеніміз – ымыралардың жиынтығы. Лукашенко көрші елдерге – Польша, Литва және басқа да Балтық жағалауы елдеріне жиі қоқан-лоқы жасап тұрады. Бұған ешкім аса мән бермейді.
Польша – мықты мемлекет. Әскері де, соғысқа қабілеті де сақадай сай. Оның үстіне, НАТО ұйымына мүше.
Беларусьтегі жалдамалылар Польшаға емес, Украинаға қауіп төндіреді. Өйткені, «Вагнер» ЖӘК-тің базасы Украина астанасы Киев түбіндегі Беларусь шекарасында орналаспақ. Украина енді астанасын қорғау үшін біраз әскерін оңтүстік-шығыс майданға жібере алмай, Киев маңында ұстауға тура келеді.
– Сонда, Ресейде жиі айтылып жатқан «үлкен соғыс» болмай ма?
– Меніңше, бұл – үгіт-насихаттың терминологиясы. Оны дәл қазір мән беріп қарауға болмайды.
– «Вагнер» ЖӘК қызметі туралы сан алуан пікір бар. Бұл ұйым құрдымға кетеді дейді. Десе де, Африка құрлығында әлі де белсенді қызмет атқарады деген де сөз айтылып жатыр. Кремльдің құтын қашырған жорықтан соң, бұл ұйымның болашағы бар ма?
– Бұл ЖӘК-тің Африкадағы кейс тізімі көп. Кешегі Нигердегі әскери төңкерістің бір ұшы осыған келіп тіреледі. Тақтан тайған Нигер президенті өте батысшыл саясаткер болды.
Батыс елдерінің Африка құрлығындағы ең жақын досы деп те айтуға болады. Бірақ Нигер әскерилерінің дені Мәскеуде оқыған. Осы ЖӘК-пен де тығыз қарым-қатынасы бар көрінеді.
– Нигердегі төңкерісте Мәскеудің қолтаңбасы бар болғаны ма?
– Бұған нақты дерек жоқ. Бірақ күдік бар. Ресей мен Африка елдерінің саммитіне Нигер елінің президенті барған жоқ. Осы аймақта «Вагнер» көрші елдерімен өте жақын жұмыс істеген. Кейбір мемлекеттермен әлі де қарым-қатынаста. Болашағына келсек, басқаша болатын шығар. Қайта құрылымдалуы мүмкін. Десе де, бұл әскери компания қара құрлықта қаланатын тесігін тапты.
– Украинаның қарсы шабуылы аса сәтті шықпаған тәрізді. Ірі жеңістерді көре алмай отырмыз. Жұрт қарсы шабуылдың екінші кезеңі туралы сөз етіп жатыр. Украинаның мүмкіндігіне қандай баға берер едіңіз?
– Қарсы шабуылдан тез әрі күшті нәтиже күту қажет емес. Өйткені, екі қарсылас күштер шегіне келіп қалды. Қорғаныс линиялары да өте мығым жасалған. Бұған көп уақыт жұмсалды.
Екі тарап та уақытты бекер өткізбеді. Украина ресурс жағынын қысылып тұр. Бұларда бір немесе екі ғана мүмкіндік болады. Олар осы мүмкіндікті қалт жібермесі үшін аңысын аңдып отыр. Әр қадамын есеппен басып жатыр.
Мәселен, Батыс елдерінің барлау деректерін күтеді. Барлау ақпараттарына көп нәрсе байланысты. Мысалы, мина алаңдары, офицерлік құрам, коммуникация, ресурстар және резерв базасы туралы нақты деректер ауадай қажет.
Осы жағы нақты айқындалмайынша, қарсы шабуыл туралы бірдеңе деу қиын.
– Пригожиннің жорығы, Гиркиннің тұтқындалуы, кейбір генералдардың жоғары басшылықты сынап, қызметінен кетуі нені көрсетеді? Бұл ырың-жырыңның аяғына неге әкеліп соғуы мүмкін? Қалай шешіледі?
– Бұл Ресейдің үгіт-насихат машинасындағы дағдарысты көрсетеді. Гиркин өз орнын таба алмай, оппозицияға кетті. Донбастағы бүлікке де, Украинаның шығысындағы майданда да оның қажеті болмай қалды. Сондықтан ол қолдаусыз, қаражатсыз қалды. Сондықтан оппозицияға кетуге мәжбүр болды. Өзіне назар аударту үшін Ресей билігін қатты сынға алып, шектен асып кетті. Бұл да – дағдарыстың дәлелі.
Мұндай жағдай бірінші рет болып жатқан жоқ. Ресейде иерархия бойынша жүйелі шешім жоқ. «Новороссияның» басшыларының дені жұмбақ жағдайда өлді.
– Бұл соғыс әлі де ұзаққа созылатын тәрізді. Мұнымен келісесіз бе?
– Екі тараптың да соғысты жалғастыруға мүмкіндігі бар. Ресурстары да, ниеті де жеткілікті. Яғни, соғыс әлі де ұзаққа созылады деп топшылауға болады.