Алмасбек Садырбай ұсталды. Бұл туралы ҚМА хабарлады.
Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі.
"Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінген", - делінген хабарда.
Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.
Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылған.
Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.
"А.Садырбай ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды", - делінген хабарда.