Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өкінішті: Көлік жүргізушілерін жаппай жылатып, көңілдерін түсіретін жаңалық шықты

13:00, 01 сәуір 2025 858

Ақпан айында бір топ Сенат депутаты жол қозғалысы ережелерін көп рет бұзған жүргізушілердің жауапкершілігін қатайтуды және оларға қолданылатын жаза түрлерін кеңейтуді сұрап, Үкіметке жүгінген болатын. Бұл туралы Alash.kz Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ол ұсыныстарды Үкіметтің қолдағаны енді белгілі болды. Бұл туралы сенаторларға Премьер-министр Олжас Бектенов жариялады.

"Жол жүрісі туралы заңнаманы жүйелі түрде бұзу үшін жаза шараларын кеңейтуге қатысты сұрау қаралды. Жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру және жол-көлік оқиғаларымен байланысты теріс салдарлардың алдын алу – меморгандардың басымдықты бір міндеті. Жолдағы ахуалды тұрақтандыру және жол апаттарының санын азайту мақсатында жол жүрісі қағидаларын (ЖЖҚ) жүйелі бұзу үшін жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру қажеттігі туралы сіздердің ұстанымдарыңыз біздің тарапымыздан толығымен қолдау тапты!" – деді Олжас Бектенов.

Мұны аз десеңіз, аталған бастама тез арада заңға айналмақ.

Үкімет басшысы сенаторлардың жоғарыдан сұрап отырғаны төменнен табылғанын, төменгі палатадағы әріптестері оны жүзеге асырып та жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, Премьердің мәліметінше, Мәжіліс депутаттары бір емес, бірден екі заң жобасына бастамашы болып, әзірлеп те қойды.  

Олар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көліктің жаңа түрлерінің қозғалысын реттеу және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне көліктің жаңа түрлерінің қозғалысын реттеу және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Үкімет басшысы бұл заңдарда қарастырылатын жазалардың бәріне болмағанымен, бірнешеуіне тоқтала кетті.

Біріншіден, күнтізбелік 1 жыл ішінде көлік пен жол шаруашылығы саласында 10 және одан көп құқық бұзушылық жасаған тұлғалар:

  • жол жүрісі қағидаларына (ЖЖҚ) қатысты білімін тексеруге бағытталады,
  • тиісті емтихандарды толық тапсырмайынша, оған көлік жүргізу құқығын беретін куәлігінің күші тоқтатыла тұрады,
  • сондай-ақ, оны бұзғаны үшін жүргізушілер емтихан тапсыруға мәжбүрлі түрде бағытталатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі баптарының тізімі күрт кеңейтіледі,
  • олардың қатарына "жол қауіпсіздігіне тікелей ықтал ететін" жаңа құқық бұзушылықтар қосылады.

Екіншіден, күнтізбелік 1 жыл ішінде көлік және жол шаруашылығы саласында 10 және одан көп құқық бұзушылық жасаған тұлғалар әкімшілік өндірістің қысқартылған тәртібін пайдалану, яғни, салынған айыппұлды жылдамдатып 50%-ын ғана төлеу құқығынан айрылады.

Үшіншіден, көлікті басқару құқығының күшін уақытша тоқтатудың негіздерінің тізбесі кеңейтіледі және заңмен нақтыланады. Қазіргі уақытта бұл тетік тек жүргізушіні медициналық тексеруге мерзімінен бұрын бағыттаған кезде ғана қолданылады.

Енді жүргізушілерді басқа да бұзушылықтар үшін уақытша куәлігінен айыруға жаңа сылтаулар табылады. Оның бірі – әлгінде айтылғандай, алған айыппұлдарының саны 10-ға жеткен жүргізушілердің бәрі ЖЖҚ емтиханын тапсыруға жіберіледі де, тиісті рәсімдерден толық өтпейінше, жүргізуші куәлігінен айрылады.

Ұсынылып отырған депутаттық заңнамалық түзетулерге сәйкес, сондай-ақ:

  • егер денсаулық сақтау органдарының ақпараттық жүйелерінен әлдебір жүргізушінің диспансерлік есепке қойылғаны туралы,
  • немесе онда көлік басқаруға кедергі келтіретін қандай да бір медициналық қарсы көрсетілімдердің бары туралы ақпарат алынса,
  • медициналық тексерудің теріс қорытындысы шықса және басқа жаңа негіздер туындаса, ол адамның көлік жүргізу құқығы дереу доғарылады.  

Төртіншіден, бұдан былай кез келген адамды автокөлік жүргізу құқығынан айыру үшін тіпті соттың да қажеті болмайды.

Бұл саладағы тағы бір "сұрапыл" тарихи бетбұрыс болғалы тұр. Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобалары көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату құзырын сот органдарынан алып қойып, ішкі істер органдарына береді.

Премьердің түсіндіруінше, бұл жағдайда ішкі істер органдары:

  • жүргізуші куәлігінің қолданыс мерзімінің бітуін,
  • жүргізушіде медициналық қарсы көрсетілімдердің табылуын,
  • жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру жөніндегі емтиханды тапсыра алмауын,
  • жүргізушілерді даярлау қағидаларын бұза отырып жүргізуші куәлігін беру фактісін және басқасын негізге алады.

"Бұл тәсілдемелер ЖЖҚ-ны жүйелі бұзатын жүргізушілердің дербес жауапкершілігін жоғарылатудың кепілі болып табылады. Қазіргі уақытта аталған түзетулер Үкіметтің қорытындысы аясында келісу рәсімдерінен өтуде. Тұтастай алғанда, депутаттар көтеріп отырған мәселелер Үкіметтің де, уәкілетті органдардың да тұрақты бақылауында", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Бұл жаңашылдықтар еліміздегі жүргізушілердің үлкен бір бөлігіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінің мәліметінше, 2024 жылы бір ғана Алматыда жол жүрісі қағидаларын бұзды деп, 4 203 240 айыппұл салынған. Осылайша, жазалау саны 2023 жылға қарағанда бірден 92,8%-ға артты.

"Бұл түсінікті де. Өйткені бұзушылықтың негізгі ауқымын полицейлер емес, техникалық құралдар автоматты режимде тіркейді. Алматыдағы жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтың 3 708 084-ін видеотіркегіштер тіркеген. Көшелер мен жолдарда орнатылған объективті фиксация құралдары санының өсуі сөзсіз, әшкереленген бұзушылықтар санының да өсуіне әкеледі. Бұл құқық бұзушылықтарға нөлдік төзбеушілік қағидаты аясында осы шаралардың тиімді екенін растайды", – деді сенаторлар.

Көлік рөліне жаңа ғана отырған, сондықтан жолда өзін сенімді ұстауға бой үйрете қоймаған жүргізушілерге бәрінен қиын болуы мүмкін, олар бір жыл ішінде 10 айыппұл жинаса, мектептен шыға сала мектепке кері қуылады, куәлігінен айрылады.

Сонымен қатар, қазіргі кезде әлеуметтік желіде бағдаршам алдында тоқтау-сызығын ("стоп-линия") басып өткені үшін жаппай айыппұл салуға қатысты жүргізушілер наразылық білдіруде. Өйткені автомобилистердің шағымдануынша, ешқандай тоқтау-сызығы жоқ, олар еріген қармен бірге жойылып кеткен. Алайда видеофиксаторлар экранда оны өз бетінше айқындап, айыппұл жаза салады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар