Шардарада шопан Нартай Хужановтың басына пакет кигізіп, аузын байлап, жыныс мүшесін бұрап қорлық көрсеткен полицейлер әлі сотталған жоқ, деп хабарлайды Alash.kz Azattyq Rýhy сілтеме жасап.
Былтыр қыркүйек айында қазақ-өзбек шекарасында шопан болып жүрген Нартай Хужановты полицейлер ұрып-соққан.
Өзінің сөзінше, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жәрменов пен тағы екі полицей ұстап алып, оған таңға дейін зорлық-зомбылық көрсеткен.
«Нұрлан Жәрменов маған «сен менің 8 ешкімді сатып жібердің» деді. Мені ұрып-соғып, басыма пакет кигізді, аузымды скотчтады. Жыныс мүшемді бұрап, маған зорлық-зомбылық көрсетті», - деген болатын шопан.
Осы жағдайға байланысты Түркістан облысы полиция департаменті Шардара АПБ-нің қызметкерлерінің үстінен ҚР ҚК-нің 362-бабы 1-бөлігі - билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған. Бірақ одан бері жарты жылдан артық уақыт өтті.
Полиция тергеу амалдарын әлі аяқтаған жоқ.
«Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жариялауға жатпайды», - деп жауап берді редакция сауалына ІІМ баспасөз қызметі.