Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

60 жастағы ана 2 мүгедек баласымен өртеніп кеткен үйді паналап жүр

09:45, 17 қыркүйек 2024 796

Өскеменде өртеніп кеткен үйде 60 жастағы әйел мүгедектігі бар балаларымен тұрып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

60 жастағы Рысқайша Молдаханованың өрттен кейін күл боп қалған үйде тұрып жатқанына бір жылдай уақыт болды. Туа біткен ауытқулары бар балалар өзі жоқта электроплитаға киім түсіріп алған. Үйдің бәрі жанып кетті. Ана екі баласымен қатты зақымдалмаған бір бөлмені паналап отыр. Әйелдің айтуынша, ұлдары 19,20 жасқа келсе де өз бетінше тамақтанып, жүріп-тұра алмайды. Әйел өзінің де мүгедектігі барын жасырмады.

“Қалалық әкімдікке де, облыстық әкімдікке де бірнеше рет бардым. Тіпті, қабылдауда болдым. Жағдайымды, осындай үйде тұратынымды айттым. Көмектесетінін айтты, бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ”, – дейді Рысқайша Молдаханова.

Бұған дейін азық-түлік сатып, саудамен айналысқан әйел соңғы үш жылда жұмыс істемейді. Әкімдіктегілер мемлекет тарапынан отбасыға мүгедектік және ерекше балалардың күтіміне қатысты қажетті көмек көрсетілгенін атап өтті. Әйелдің өтініштері де қарастырылып жатқанын айтты. 

“Бірнеше рет материалдық көмек көрсетілді. Балалардың сырқатына байланысты және  өміріндегі қиын жағдайға байланысты тұрақты жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ өрттен кейін мемлекет аясында біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Комиссияның шешімімен 250 мың теңге жәрдемақы берілді”, – дейді Өскемен қаласы әкімнің орынбасары Ирина Смит.

Қазір отбасының кірісі белгіленген нормадан асып кеткенін алға тартқан әкімдіктегілер отбасының бір реттік және атаулы әлеуметтік көмек ала алмайтынына деп айтты. Олардың сөзінше, тегін уақытша баспана жоқ. Әйел екі баласымен зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығында тұруға келіскен еді. Алайда онда ерекше күтімді қажет ететін балаларға жағдай жасалмаған. Ал анасы балаларын мамандандырылған мектеп-интернатқа бергісі келмейді. Ол жанашыр жандардан баспана алуға көмектесуді сұрайды.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар