Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

700 млн теңге қарыз: Құлсары тұрғындары 2 айдан бері лас су тұтынып отыр

17:31, 28 маусым 2024 255

Жылыой ауданы Құлсары қаласы және Жаңа Қаратон ауылы тұрғындары ауызсу сапасы төмендеп кеткенін айтып, екі ай бұрын дабыл қақты, - деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов мамыр мен маусым аралығына дейін төлемақыны 50 пайызға дейін төмендету жөнінде тапсырма берді.

Алайда тұрғындар ауызсу сапасы дұрысталғанын да қалайды, өйткені ауызсу әлі де сарғайып тұр. Тиісті мекеме өкілдері "судың түсіндегі өзгеріс "Қиғаш-Маңғышлақ" магистралды су құбырының кейбір құбырлары жаңартылғанынан, кейін бәрі қалыпқа келеді" деген. Алайда бұл тұрғындардың көңілін көншітпейді.

"Бір жарым айдан бері өзгерген жоқ, әлі сары қалпы. Мұндай сап-сары суды қалай пайдаланамыз? Не ішуге, не болмаса кір жууға да жарамайды. Қашанғы дүкеннің суын сатып алып отырамыз, кейбірінің бұған мүмкіндігі де жете бермейді. Ең болмаса балаларды аясаңдаршы, мынадай сапасыз суды тұтынғаннан кейін олардың ішкі құрылысына зақым келмей ме?! Ауданның мүмкіндігі келмесе, облыс басшылары бір шара қабылдамай ма?" - дейді тұрғындар. 

Жергілікті тұрғындар тек әжетханаға жарайтын лас судың бірнеше суреттерін де жолдаған. 

"Техникалық су Қиғаш өзенінен "Магистральдық суағызғысы" ЖШС арқылы тазаланып, "Жылыойсу" МКК-ның су айдау станциялары арқылы халыққа тарайды. Жалпы бес мың текше метрлік екі резервуарға бөлек жиналып алынады. Бірақ келген суда әлі өзгеріс бар, бізде су тазарту қондырғысы жоқ. Осы себептен таза су бере алмай отырмыз. Жалпы тәулігіне 11 мың текше метр су таратамыз. Мекеменің экономикалық ахуалы да ақсап тұр, 700 миллион теңгеден аса қарызымыз бар. "Магстральдық суағызғысы" ЖШС-іне 400 миллион қарыз болсақ, ал облыстық экология департаменті салған 272 миллион теңге айыппұлды өтей алмай отырмыз", - дейді "Жылыойсу" МКК директорының міндетін атқарушы Батыр Шәкірұлы.  

Басылым мәліметінше, Жылыой өңіріне не су тазарту қондырғысы, не лас суды тазартатын станция осы күнге дейін салынбаған.

"Оларға тек мұнай шығарса болды, адам маңызды емес", - дейді ашынған жылыойлықтар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар