Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Адвокаттар Қаңтар қырғынын тергеуге халықаралық сарапшыларды тартуға шақырды

11:17, 21 сәуір 2022 418
[ad_1]



21 сәуірде "QANTAR құқықтық қолдау орталығы" қорының заңгерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Қаңтар қырғынын зерттеуге халықаралық сарапшыларды тартуға үндеді. Олар бұған қоса, құқық қорғау органдарын ай сайын қаңтар оқиғасы бойынша ашылған әрбір іс бойынша есеп беруге міндеттеуді сұрады. Қаңтар қырғыны бойынша әрбір азаптау, жаралану және адам өлімі фактісін ашық, әділ, жылдам тергеуді сұрады. Бұл жөнінде Vlast сайты хабарлады.

Жиын барысында заңгерлер Қаңтар қырғыны тиісті дәрежеде тәуелсіз әрі ашық зерттелмей отырғанын алға тартып, азаптау фактілері баяу жүріп жатқанын жеткізді. Кемінде 238 адамның өмірін қиған қанды қырғын кезінде бейбіт азаматтарға оқ атқандардың әлі күнге дейін жауапқа тартылмағаны айтылды.

"Қор жұмыс істеген үш айға жуық уақыт ішінде адвокаттар оқиғалардың жалпы сипатын анықтады. Құқық қорғау және сот органдары Қаңтар оқиғасына қажетті дәрежеде реакция білдірді деп айта алмаймыз. Адвокаттар қылмыстық істердің тиісті дәрежеде тергелмегенін айтып отыр. Оқ жарақатымен байланысты істерді мемлекеттік органдардың бір-біріне сілтегені туралы фактілер бар. Іс бір органнан екінші органға жеткенше дәлелдер жоғалады" деді адвокаттар тобының үйлестірушісі Данияр Қанафин.

Заңгерлер Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестерін созбауды, баяу жүріп жатқан азаптау істерін тергеуді жылдамдатуды талап етті.

Талдықорғанда бір отбасынан үш адамның оққа ұшуы және отбасымен бірге көлікте отырғанда атқылауға ұшыраған ер адамның ісін жүргізіп жатқан адвокат Ринат Байболда қылмыстық істе қаза болғандар мен жәбірленушілер бар болғанмен, әлі күнге дейін күдікті жоқ екенін айтты.

– Әскери-тергеу басқармасы істі тергеп жатқанмен олармен бұрынғы әдіспен байланыс орнатып отырмыз, себебі олар тіпті электронды үкімет порталында да жоқ. Көп шағымға қарамастан бізде жәбірленушілер мен қаза болғандар бар да, әлі күнге дейін күдікті жоқ. Қылмыс жасалды, ал кінәлі жазалана ма? Зардап шеккендер, қаза болғандар, оның ішінде кішкентай бала қандай да бір қауіп төндірді ме? - деді адвокат Ринат Баймолда.

Жиын барысында Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жараланып, ауруханаға түскен, ізінше ауруханадан ұстап әкетілген Қосай Маханбаев есімді ер адам сөйледі. Ол 37 күн бойы тергеу изоляторында көрген азабын баяндады.

"Менің азапталуым бойынша істі жасырғысы келеді. Тергеу изоляторының тіркеу журналында 13 қаңтарға дейінгі жазбалардың бірі де жоқ, абыр-сабыр кезде тіркелмей қалған деп айтылады. Қазір барлық аурухананың камераларынан видеолардың өшірілгені анықталды. Себебі олар тек 15 күн ғана сақталады дейді. Бізді ауруханадан алып кеткеннен кейін дүмбімен ұрып-соқты, тепті, алты орындық автозакқа бірден 16 адамды тықты. СИ-18 тергеу изоляторында бетонда жаттық. Екінші қабаттағы медбикелер бізді тексеріп, қандай ауыр хәлде жатқанымызды көрді. Бірақ қазір олар ештеңе көрмедік деп жалған куәлік беріп отыр. Үш күн ас-су бермей, аштықпен қинады, азаптап тергеді. Жеті күн бойы суық еденде матрассыз, жамылғысыз далада жатқандай жаттық. Бізге моральдық қысым көрсетті. "Террорист, зорлықшы" деп атады", - деді Маханбаев.

Жиыннан Телеграмда блогер Әлішер Елікбаев трансляция жасады. Ол кәсіпкер Болат Әбіловтің сөзінен үзінді келтіреді.

"Қаңтардағы 200 адамның өліміне байланысты бірде-бір күдікті жоқ. Олар тағы да қанішерлерді жасырғысы келеді, ұстап бергісі келмейді. Адамдарды тиреден атқандай атқан. Қаза болған қыздың әкесі республикалық бес арнаға сұхбат берген, бірақ ешқайсында шықпаған" деді кәсіпкер.

Ақпаратқа қарағанда, "Qantar құқықтық қолдау орталығы" қорын қазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері құрған. Қор аясында 26 адвокат қаңтар оқиғасына байланысты 55 істі жүргізіп жатыр.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.




[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар