Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Аймағамбетов Англияда құлпынай теріп жүрген қазақтардың құқығы туралы айтты

16:53, 14 қазан 2024 1038

Депутат Асхат Аймағамбетов Англияда құлпынай теріп жүрген отандастарымыздың құқығын қорғауды көтерді, деп хабарлайды Alash.KZ inform.kz-ке сілтеп. 

Қазақстан азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен, олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасалуы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты.

«Еңбек нарығы дегенде мигранттар факторы да маңызды. Релоканттарды айтпағанда, еңбек миграциясының өсуі – жаһандық трендтердің көрінісі. Бірақ біз еңбек миграциясын басқаруымыз керек, алайда қазір еш стратегия көрінбейді», - деді А.Аймағамбетов Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» атты Үкімет сағатында.

Оған қоса, депутат басқа елдерге жұмысқа шығатын азаматтардың құқықтарымен жеткілікті деңгейде айналыспайтынын айтуда.

«Алысқа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа енетін елдерді алайық. Әртүрлі мәлімет бойынша, осы одақта шамамен 200 мың қазақстандық жұмыс істеп жүр. Бұл іс жүзінде бүтін бір саламен тең. Көптеген отандастарымыз Оңтүстік Кореяда еңбек етуде, ол аздай соңғы кездері Англияда құлпынай теріп жүрген азаматтар көбейді. Олардың саны қанша және бұл факторлар біздің жұмыспен қамту статистикасында және басты саясатта ескеріле ме – оны білмейміз. 
Біздің елдің азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен, тіпті бір ғана отандасымыз жұмыс істейтін болса да, олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасалуы керек», - деді А. Аймағамбетов.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты елдегі жұмыспен қамту шараларының тиімді болмағанын сынаған еді. Сондай-ақ, Қазақстанда «жұмыс істейтін кедейлер» феномені белең алғанын айтуда.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?