Арсен Томскийдің «Inner Drive: Андердогтен жаһандық компанияға дейін» кітабы қазақ тілінде де жарық көрді.
Алматыда Арсен Томскийдің «Inner Drive: Андердогтен жаһандық компанияға дейін» кітабының қазақша нұсқасы таныстырылды. Бұл еңбекте әділетсіздікпен күрес миссиясына негізделген халықаралық технологиялық компанияны құру мен оны жаһандық деңгейге шығарудың стратегиясы егжей-тегжейлі баяндалады. Кітап бизнеске деген ерекше көзқарастың нарық шектеулерін еңсеруге мүмкіндік беріп, шектеулі ресурстармен әлемдік деңгейдегі компания құруға қалай жол ашқанын көрсетеді.
Қазақстанның алты облысының оқушылары кітапты алғашқылардың бірі болып алады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы, сондай-ақ Семей, Атырау және Астана қалаларындағы білім беру мекемелерінің кітапханалары кітаптың мұқабасы қатты даналарымен толығады.
1000 данадан тұратын тиражды inDrive компаниясы арнайы сатып алып, оны еліміздің өңірлердегі мектептеріне табыстауды қолға алды. Кітаптарды сыйға беруді «Мазмұндама» баспасы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады. Сондай-ақ, кітаптардың бір бөлігі inDrive-тың білім беру саласындағы Beginit жобасына және Satbayev University жанынан ашылатын inVision U факультетіне беріледі. Бұл факультет жұмысын 2025 жылдың қыркүйегінде foundation бағдарламасынан бастайды.
Кітаптың қазақ тіліне аударылуы – жергілікті кітап басу ісін дамыту мен шынайы табыс тарихын кеңінен тарату жолындағы маңызды қадам. Қазақстанда 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан inDrive үшін бұл кітап – отандық ІТ-компанияның шынайы мысалға негізделген даму жолын егжей-тегжейлі сипаттайтын сирек еңбектердің бірі.
«Мазмұндама» баспасының негізін қалаушы және директоры Шыңғыс Мұқан: «Соңғы жылдары қазақ тілінде отандық компаниялардың, әсіресе ІТ-сектордағы бизнес тарихына арналған кітаптар әлі де аз. “Inner Drive: Андердогтен жаһандық компанияға дейін” кітабының жарық көруі – жаңа буын кәсіпкерлері мен жаңашыл жандарды шабыттандыратын маңызды оқиға», – деп атап өтті.
Кітапты бизнес, командамен жұмыс және қиындықты еңсеру туралы шынайы әрі мотивациялық баяндау стилі үшін оқырмандар мен сарапшылар жоғары бағалады. Онда компанияның қалыптасу кезеңдері, соның ішінде Қазақстанда іске қосылуы мен дамуы кеңінен баяндалған. Енді бұл басылым қазақтілді оқырмандарға жол тауып, елдегі кәсіпкерлер мен стартап өкілдеріне баға жетпес тәжірибе ұсынады.
Кітап авторы, inDrive компаниясының CEO-сы Арсен Томский: «Мен inDrive тарихының қазақ тілінде жарық көргеніне қуаныштымын. Бұл жай ғана аударма емес, бұл – Қазақстан жастарына, елдің және әлемнің болашақ көшбасшылары мен жаңашылдарына арналған мүмкіндік. Бұл кітап олардың қандай қиын жағдай болмасын, өз қағидалары мен идеяларына адал бола отырып, кез келген биікті бағындырып, әлемге ықпал ете алатынына дәлел», – деді.
Соңғы жылдары Қазақстанда кітап шығару ісіне қызығушылық артып келеді: 2024 жылы Франкфурт кітап жәрмеңкесінде қазақ тіліндегі кітаптар таныстырылды, ал Алматыда халықаралық бестселлерлердің аудармалары шығып, кітап жәрмеңкелері белсенді түрде өтіп жүр.
Мазмұндама – қазақ тілінде маңызды кітаптарды аудару және басып шығару ісімен айналысатын қазақстандық баспа. Компания іскерлік, білім беру және көркем әдебиетті кеңінен насихаттап, білімді көпшілікке ұсынуға ұмтылады. Мазмұндама жетекші авторлармен және халықаралық баспалармен серіктестік орнатып, Қазақстандағы оқу мәдениетінің дамуына ықпал етеді. Толығырақ ақпарат: www.mazmundama.kz.
inDrive – әлеуметтік әділетсіздікпен күресуді миссиясы етіп алған жаһандық мобильдік және қалалық қызметтер платформасы. Компанияның мақсаты – 2030 жылға дейін бір миллиардтан астам адамның өміріне оң әсер ету. Бұл мақсатқа inDrive әділ баға белгілеу моделіне негізделген негізгі қызметі арқылы, сондай-ақ өзінің коммерциялық емес inVision ұйымы арқылы жетеді. inVision бастамалары білім беру, спорт, өнер, ғылым, гендерлік теңдік және басқа да маңызды әлеуметтік жобаларды дамытуға бағытталған.
inDrive бүгінде 48 елдегі 888-ден астам қалада жұмыс істейді. Кітаптың қазақша нұсқасы шыққанға дейін inDrive қосымшасы 300 миллион рет жүктеліп, 2024 жылы көлік шақыру бойынша ең танымал екінші мобильді қосымша болды. inDrive такси қызметінен бөлек, қалааралық тасымал, жүк жеткізу, курьерлік қызмет, қаржылық шешімдер және e-grocery сияқты кең ауқымды қалалық қызметтерді ұсынады. Толығырақ ақпарат: www.inDrive.com.