Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ескі Қазақстанның астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр" - Ермұрат БАПИ

15:40, 19 наурыз 2025 634

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі жүйемен күрес әлі жалғасып жатқанын айтты, - деп жазады Alash.kz сайты Dalanews.kz порталына сілтеме беріп.   

Депутат өзгерістер нәтижесінде Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде мажоритарлық мандатпен келген депутаттардың бір шоғыры пайда болғанын да айтты.

"Қоғам мен мемлекеттік билік арасына дәнекер көпір салуға әрекет қылып жүрген бұл депутаттардың дәрменді дауысы барған сайын батыл шыға бастағанын құлағында «саяси мүкісі» жоқ қауым естіп отырғаны айдан анық. "Кібіртік» демекші, Қазақстанның жаңа тарихында «реформалар кезеңі» деген таңбамен қалатын дәуірдің барысында түрлі себептерге байланысты кідірістер барын да жоққа шығаруға болмайды. Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның «мұрнын бұзып», қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз", - деді депутат.

Оның сөзінше, ескі Қазақстанның әлегі әлі бітпеген.

"Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің «Жаңа Қазақстанға» қарай атқан тасы «ескілердің» есесін күйттейтіне куә болып жүрміз.  

Жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті. Бұл дерттің дәрмені аппараттық вертикалды дендеп алғанын депутаттық сауалдары мен қоғамдық мүдде тұрғысындағы азаматтық талаптарына тиісті жауап ала алмай жүрген әріптестерімнің де көзі жетті деп білемін

«Протестік қауым» дегенде ең алдымен кез-келген өзгеріс өздігінен келмейтінін, реформаның оңайлықпен жасалмайтынын, өкілетті биліктің бір пұшпағында жүрген менің пікірім арқылы, қоғам да түйсінуге тырысса деп ойлаймын. Бірінші кезекте реформаның жедел жүруіне мемлекеттік органдардың аппараттары ғана емес, ескі режимнің қыспағында қалып, демократиялық даму формациясы кенделеп қалған қоғамның өзі де дайын болмағаны жасырын емес", - деді ол.

Депутат билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, «Жаңа Қазақстан» идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес екенін мәлімдеді.

"Елдегі өзгерістерді қоғамның тікелей қатысынсыз билік жеке дара жасай алмайды. Өзгерістер ұлттық, елдік, мемлекеттік идеяға айналуы үшін жарқын өмірге бастайтын ортақ мүдде жолында қос тараптың мәмілелі түйісу нүктелерінің болғаны ауадай қажет!" - деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар