Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нұр-Мүбарак университеті журналистерге арнап баспасөз-тур өткізді

17:18, 19 наурыз 2025 136

Елімізде діни мамандықтарға деген қызығушылықпен қатар сұраныс та артып келеді. Бұл туралы Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар журналистермен кездескенде айты, деп жазады Alash.KZ. 

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған ашық есік күнінде журналистер отандық діни білім мен мамандарды даярлауға қатысты көп ақпараттарға қанық болды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылтайшылығымен құрылған Нұр-Мүбарак университетінде бүгінде исламтану, дінтану, теология, шетел филологиясы, аударма ісі мамандықтары бойынша 2409 адам білім алуда.

Дін мамандары үш сатылы деңгейде (бакалавриат, магистратура, докторантура) даярланса, екінші жоғары білім (ЕЖБ) бөлімінің де сұранысы артып отыр.

2019 жылы ашылған бөлімді осы кезге дейін 166 түлек тәмамдап, қазір 138 студент білім алуда. ЕЖБ ерекшелігі – жоғары білімі бар азаматтар екі жылда теология, дінтану, исламтану мамандықтарын қосымша меңгеріп шығады.

Ал жалпы, отандық жалғыз ислами жоғары оқу орнын 24 жылда 2543 түлек бітірген (88%-ы жұмыспен қамтылған). Олар ҚМДБ-дан бөлек, аймақтық Дін істері басқармалары, діни зерттеу орталықтары, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі, мемлекеттік және түзету мекемелері, білім беру салаларында қызмет етуде.

Қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық рейтингте 2018 жылдан бері қатысып, ТОП-20 қатарына енген НМУ шетелдік 22 әріптес университеттермен ынтымақта. Ал оқытушы-профессорлық құрамда отандық білікті ғалымдармен қатар Мысыр мен Түркиядан келген 24 ғалым дәріс береді. Олардың арасында көне қолжазбалар мен каллиграфиялық өнерді де үйрету үшін шақырылған маман да бар.

Нұр-Мүбарак университеті тек мамандар даярлап қана қоймай, отандық діни ғылым саласына да қарқынды үлес қосуда. Қазақ жерінен шыққан ислам ғалымдарының көне мұраларын зерттеумен бірге, мемлекеттік және ішкі жобалар арқылы қоғам үшін өзекті тақырыптарды да зерделеп, сүбелі нәтижелерін ұсынып келеді. Сондай-ақ жат діни ағымдар мен олардан зардап шеккендерді оңалту саласында, еліміздегі діни тұрақтылықты сақтауда елеулі рөл атқаруда. Отандық дін мамандарын қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағытындағы тұрақты курстар мен семинарлардың нәтижесі де айтарлықтай.

Проректор Ершат Ағыбайұлының айтуынша, дін мамандарының жетіспеушілігін әлеуметтік желілерде дінді жеке мүдделеріне пайдаланушылардың көбеюінен де байқауға болады. Киберкеңістіктегі кәсіби діни психологияның әлеуетін арттырып, қоғамның сауаттылығын күшейтуге атсалысу мақсатында университет жанынан Діни психологтар ассоциациясы құрылды. 

Журналистерге ашықтық танытқан Нұр-Мүбарак университеті басшылығының кездесуінде БАҚ өкілдері әлеуметтік желідегі түйткілдер мен отандық діни насихаттың ішкі мәселелеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік алды. Басқосу берекелі ауызашар дастарханымен жалғасты.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар