ҚМА Бас прокуратураның үйлестіруімен «Асар Баспана» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Alash.kz ҚР ҚМА Баспасөз қызметіне сілтеп.
Ол тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.
Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.
Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.
Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып«Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.
2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.
Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні «Asar Baspana» сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.
Алайда, тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген.
«Platina» бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген.
2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.