Отбасылық психолог, “Айдана ред” атымен танылған коуч Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, өз өмірі туралы сыр шертті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол өз сұхбатында сәтсіз аяқталған некесін баяндады.
Біз қыздар әкемізге ұқсайтын жігіт іздейміз. Оның есімі Сәкен, менің әкемнің де есімі Сәкен болды. Әкеме ұқсаса жаман болмайды, мен бақытты боламын деп сөйлесуді бастап кеттім. Ол мені сөзбен өзінің қармағына ілді. Біз қыздар құлақпен жақсы көреміз ғой. Ол екеуміз шет елде тұрамыз десе мәзбін, жағдайыңды жасап бақытты етемін дегеніне сеніп отырмын. Іс әрекетпен жасау керек деп өзім де талап еткен жоқпын. Бір-ақ рет кездестім. Әдемі костюм шалбармен келді. Мен үшін Алматыдан Таразға келгеніне таң қалып, басым айналып қалды ғой. Оған жақсы болып көріну үшін тамақ жасай алатынымды, инабатты-ибалы екенімді көрсетуге тырыстым. Керісінше одан ештеңе талап етпедім. Сөзге сеніп тұрмысқа шығып кеттім. Менің қателігім осы болды.
Тұрмысқа шыққан соң өміріңіз қалай өзгерді, бақытты болдыңыз ба?
Тұрмысқа танымай шыққанымнан оның маскүнем болғанын аңғармағанмын. Сынақтар сол үйге бара сала басталып кетті. Бірінші маған қойған талабы – жұмысқа шықпайсың деді. Мен мақұл ер азаматымды тыңдайын дедім. Бізді солай үйретеді ғой. Кейін арамызға мамасы араласып, жұмысқа шықтым. Бірақ менің киіміме, бояуыма тиісе бастады. Жұмысқа үйде нан жайған киімдерімді киіп баратынмын. Бұл жағдайды анама айтқанда “шыда, тыңда ер азаматың” деді. Қайта-қайта хабарласып, мазамды алатын. Мен өз өмірімді емес, оның маған лайық деп берген өмірін сүріп жүргенімді аңғардым. Телефон алмасам ұрыс-керіс басталады. Тойымыз өткеннен кейін екінші айда үйге ішімдік алып келіп, сенің туған күніңді тойлаймыз деді. Мен ашуланып “тойлайық, бірақ сыртқа шығайық, ішімдік ішіп отырмайтын шығарсың” дедім. Алғаш қол көтеруі осыдан басталды. Шашымды жұлып, қылғындырды. Айқайлап жатсам да ешкім көмекке келмеді. Мен осы күннен бастап төрт жыл өмірім тозаққа айналды.
Неге ажырасып кетпедіңіз?
Біздің қоғамда ажырасқан қыздың артынан жаман сөздер ереді. Байынан ажырасып кетсе, бірден жүргіш қыз деп атайды. Көп келіншек жаман атқа қалмау үшін түрлі қорлыққа шыдап жүреді. Менде де сондай болған. Ол ішімдік ішуін тоқтатпады. Күнде көше кезіп, үйі жоқтармен де іше беретін. Мен оның астын тазалап, жуындырып, шашын қырқатынмын. Бір күні түнде шаршап ұйықтап жатқанмын. Ертеңіне ақша табу үшін таңғы 5-те тұрып қас жасауым керек. Ол үйге келіп есікті тарсылдатып тұрды. Ашпасаң көршілерден ұят. Есікті аша беріп едім ұрып-соғу, қорлау, мазақ ету басталады. Күнделікті өмір осы. Бұл жолы үстіме түкіріп, тіпті кіші дәретке отырды. Мен өзімді қорғау үшін қолыма пышақ алып, қорғана бастадым. Бірақ байқаусызда оның иығына тиіп кетіп, қан болды. Үстімнен арыз жазып, құзырлы органдарға шағымданды. Менің ер азаматым деп осы күнге дейін көтеріп жүрген жан, көз алдымда абыройы түсіп кетті. Мен депрессияға кіріп кеттім. Шашымды тақырлатып алып тастап, қызымды асырау үшін өмір сүрдім.