Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Астанада «Таста сақталған тарих» атты танымдық-деректі фильмнің тұсаукесері өтті

23:19, 27 маусым 2024 752

Астанада Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның кіші залында «Таста сақталған тарих» атты танымдық-деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ALASH.KZ ұлттық порталы.

Алаштың үш бірдей арысы – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Әбеуұлы, Жақып Ақбайұлы дүниеге келген киелі де қасиетті Сарыарқаның төрі - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының археологиялық тарихи ескерткіштері мен табиғат құбылыстары жайлы сыр шертетін тың кинотуынды Әлиханның шырақшысы атанған белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның режиссерлігімен шығарылған.

Фильмнің тұсаукесер рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қалалық мәслихат депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, алаштанушы ғалымдар, БАҚ өкілдері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Тұңғышбай МҰҚАН, фильмнің авторы, өлкетанушы:

- Қазақстанның ЮНЕСКО-ның жанындағы Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып қабылдануы туған жеріміздің бай мұраларын тереңірек танып-біліп, оны ұрпақтарға аманаттауды мақсат етіп қоя бастады. Биыл Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі» деген ұстанымы ой салып, туған жеріміз – Сарыарқаның өн бойында сақталған тарихи ескерткіштерді, археологиялық кешендерді, табиғаттың ғажайып құбылыстарын жинақтап, ұрпақтардың өз туған жерін танып-білуіне әліппе ретіндегі құрал болса екен деген ізгі ниетпен осы фильм шығарылды. Фильмді түсіру барысында бұрын анықталған тарихи ескерткіштер қатары толықтырылып, соның нәтижесінде мүсін тастардың саны 70-тен асты. Бұл фильм Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда тарихи ескерткіштерді қорғап, сақтау жөнінде берген тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған ең алғашқы рухани іс-шаралардың бірі ретінде қоғамда лайықты қолдау тапса екен деген ниеттемін.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙҰЛЫ, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары, академик ғалым:

- Мынадай керемет көріністі көптен бері көрмей жүр едік. Арқаның төсі - қазақтың байтақ жерін халықтың көз алдына әкеліп, дәл көрсете білдіңіз. Сіз «Тынымсыз Тұңғышбай» деген атты толық ақтаған азаматсыз. Астанада сақылдаған сары аязда Әлиханның туған күнін атап өтеміз деп елорда халқын жинадыңыз. Әлихан туралы деректі фильм шығарып, Музыкалық жас көрермен театрында көрсеттіңіз. Бүгін міне, осы төңіректегі ағайынның бәрі осы жерге жиналып жатыр. Бұның барлығы да қыруар еңбек. Бұл тек нағыз патриоттың туған жерін сүйіп, сол жердің барлық қасиетін келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыруды өзіне нысана еткен азаматтың қолынан келетін іс. Сіз сол елдің үлкен тұлғасысыз, азаматысыз! Өзім де сізді жиі-жиі көріп, Ақтоғайдың патриотына айналдым. Ақтоғайда бірнеше рет болдым. Менің бір сезгенім, Ақтоғайда керемет аура бар. Ол кез-келген жерде жоқ. Бүгінгі кинотуындыдан бүкіл Қазақстанға үлгі болған Әлекеңдердің зерттеп, қағазға түсірген қасиетті жерлердің барлығын көрдік. Ол тек қана кеше пайда болған өркениет ғана емес,  ар жағында үлкен өркениеттен басталған көштің бір жалғасы. Бұл танымдық-деректі фильмді жас ұрпақ міндетті түрде көру керек. Бізден бұрын бастау алған ұлы оқиғаларға, сол адамдардың қолымен жасалған дүниелерге таңғаласыз... Бүгінгі кран көтере алмайтын неше метрлік гранит тастар... Соларды ата-бабаларымыз сол кезде қалай әкелген? Ал енді өркениет болмаса, осындай мұра қала ма? Сондықтан бұл өркениет бүгін ғана пайда болған жоқ, бүгінгі өлшеммен ғана өлшенетін нәрсе емес. Бұл ата-бабадан келе жатқан ұлы жол, үлкен даму процесі. Біз соның бүгінгі буынымыз. Кинотуындыдан өте керемет әсер алдық. Танымдық-деректі фильмде жергілікті әкімдер де тарихи ескерткіштермен жіті таныстырды. Бұл қадамдарыңыз өте орынды. Себебі, осы жердің иесі, сол ескерткішті қорғайтын да, насихаттайтын да, ұйымдастыратын да сол кісілер. Вандализмге жол бермейтін де осы кісілер. Бұл бастама өте дұрыс. Фильмде ғалымдардың пікірі де өте жақсы пайдаланылған. Енді осы бастаманы ары қарай жалғастырып, үш тілде үлкен фотоальбом шығарып, әлемнің жетекші археолог мамандарына осы тарихи ескерткіштерді көрсетіп, олардың назарын бұрсақ, бізде үлкен мүмкіндік бар. Сонда Ақтоғай бүгінгі жарқырап тұрғанынан одан бетер жарқырайды. Бұл - басталған ұлы жұмыстың басы. Мына ертеректе француздар былай деп айтқан екен: «Халықтың ұлы адамдары тірі кезінде өзіне орнатылатын ескерткіштің тұғырын салып кетеді. Ал одан кейін ескерткішті халық өзі тұрғызады». Тұңғышбай бауырым ескерткіштен де биік өзіне осындай белгі салдырып жатыр. Мына қасиетті елде ата-бабамыздың мұра қылып қалдырған дүниенің барлығын жарқыратып, халыққа насихаттауда. Талабың оң болсын!

Құдайберген БЕКСҰЛТАНҰЛЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында: «Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек», - деп атап өткендей, біз, алдыңғы толқын аға буын өкілдері бүгінгі қоғамдағы жағдайға, елдің ертеңіне жауаптымыз. Осыған орай, өскелең ұрпақтың туған жер тарихын тереңірек танып-білуіне жол ашып, осындай үлгілі істі қолына алған фильм авторы Тұңғышбай Ағаның зор еңбегіне басымды иіп, алғысымды білдіремін. Сарыарқаның таңғажайып табиғаты мен тарих қойнауында жатқан жәдігерлерінің әлі де ашылмаған сыр-құпияларымен осы кинотуынды арқылы кеңінен танысып, күні бүгінге  дейін естімеген, көрмеген тарихи ескерткіштер жайлы тың мағлұматтарға қанық болдық. Осындай танымдық-деректі фильмдер еліміздің ертеңгі тірегі, үкілі үмітіміз - жастарымызға өте қажет. Кинотуынды авторына ұрпақ үшін айрықша мәні бар мазмұнды фильм шығарғанына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы болып қызмет етіп жүрген жылдары Тұңғышбай Ағамыздың Алаш мұрасын танытуда атқарған талай игі бастамаларына өзім куә болдым. Оқушылар мен студенттерге Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Әбеуұлының өмір жолы мен саяси қызметі жайлы ауыз толтырып айтып, лекция оқыған кездерінде Тұңғышбай Ағаның қасында өзім шәкірт болып, сүйсіне тыңдап отыратынмын. «Алыстан «Алаш» десе - аттанамын, Қазақпын - «Қазақ» десе мақтанамын», - демекші, Қарағандыдағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан бабамыздың есімі берілген тарихи сәтте де Ағамыз қасымнан табылып, Алашқа қатысты атқарылған игі жұмыстарға өлшеусіз еңбегі сіңді. «Ер жігітке жарасар, Қолына алған найзасы. Би жігітке жарасар, Халқына тиген пайдасы», - деп Бұхар жырау бабамыз айтпақшы, Тұңғышбай Ағаның халыққа пайдасы тиді, әлі де тиіп жатыр. Аман болыңыз, бай-қуатты болыңыз!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кинотуындыдан керемет әсер алып, үлкен бір тарихтың тереңіне сүңгіп қайттық. Тұңғышбай Ағамызбен 2021 жылы Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылдық округінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіш бюстінің ашылу рәсімінде алғаш танысқанбыз. Киноның қызығына кіріп, Арқа еліндегі 500-ден астам таңбалы тасты түгел көріп, он шақты үңгірдің ішіне кіріп шыққандай болдық. Ақтоғай өңірі өте керемет табиғи байлыққа бай тарихи жер екен. Мәселен, біз кезінде тарихтан, баспасөз бетінен оқыған, белгілі археолог Әлкей Марғұлан ашқан Беғазы-Дәндібай мәдениетін кинодан түгел көріп шықтық. Қазақтың табиғаты деген қандай керемет! Таулы тастар, өзінің бояулары қандай керемет! Суларының өзі көкпенкөк, ғажап! Ақтоғай өңірі асықпай, бір-екі апта жүріп, аралайтындай жер екен. Киноның ізімен жүріп, баратын жолымызды, қай жерде не бар екенін өз көзімізбен көріп алдық. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды» деп осы археология саласындағы өзекті мәселені көтерген еді. Қарақшы археологтар біздің баға жетпес байлығымызды тонап, асыл қазынамызды ұрлап жатыр. Біз оларды тоқтатуымыз керек. Халықтың байлығын қорғау мәселесінде бұл танымдық-деректі фильм осыған үлкен бір себеп болып тұр. Археология деген ұлттық байлығымыз ғой... Тарихи ескерткіштердің барлығының паспорты болуы керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 357 таңбалы тас бар. Соның 50-ден астамы Ақтоғайда екен. Ақтоғай қазақтың үш көсемі Әлихан, Әлімхан, Жақып Ағаларымыздың тарихи жері ғой. Ақтоғайдың дархан даласында әрбір тасы сөйлеп тұр. Тарихтың түбіне кіріп кеттік. Үлкен туынды деп білеміз, алғысымыз шексіз!

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның авторлығымен 2019 жылы "Ақтоғай - тарихтың тас сандығы", 2022 жылы "Әлихан Бөкейхан - ұлт азаттық күрескері" атты танымдық-деректі фильмдері көрермендерге жол тартып, қалың көпшіліктің қошеметіне бөленген еді.

Зарина ӘШІРБЕК

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар