Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Биылғы талапкерлер дауынан кейінгі дағдару. Енді ҰБТ тапсырған түлектер арасында грант басқаша бөлінеді

15:20, 03 қыркүйек 2024 247

Қазақстанда жоғары оқу орындарын білім сапасына қарай лигаларға бөліп, білім гранттарын бөлу әдісін өзгерту жоспарланды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

Енді отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілетін күшейтуге баса назар аударылады:

«Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылмақ. Бағалау критерийлері ОЭСР елдерінің тәжірибесіне негізделеді. Бағалау нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары жоғары, орташа және мақсатты лигаларға жіктеледі», - деді Дүйсенова үкімет отырысында.

Бұған қоса білім гранттарына да қатысты өзгерістер болады. Дүйсенованың айтуынша, алдағы жылдары гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ҰБТ-да жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады.

Сонымен қатар, осы өзгерістер аясында университеттерге түсуге мүмкіндік беретін шекті бал межесі де қайта қарастырылады.

Бұдан бөлек Қазақстанда өз филиалын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысы біріздендіріледі. Қазан айының соңына дейін министрлік Бірыңғай талаптар қабылдайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайтынын ескерткен еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар