Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Біз жұртқа Еуропа-Еуропа дей беруші едік. Ұялдық-ау!

22:57, 30 сәуір 2024 457

Екі Балқан соғысынан бұрын түрік патшалары Шыңғыс хан, Ақсақ Темірлердің адам баласына істемегені жоқ дейтін едік. Бұлар адам дәрежесіне таза жетпеген, тағы өскен надан, азияшылық дейтін едік; бұларда адамшылық, мейірімшілік жоқ, қастық болмаса адам баласын адам қалпында сүю, құрметтеу деген бұларда жоқ дейтін едік.

Екі Балқан соғысында өздері "еуропалық", әрі "христиан" серб, балғар, гірек адам баласына істеген қастығы, қаталдығымен Шыңғыс хан, Ақсақ Темірлерді ұялтты. Бұлар шаңына ере алмай қалды. Өнерлері 20-сыншы ғасыр жұртына надан олар қайдан жетсін! Мынау Еуропа соғысы бұ жағына келгенде Балқан соғысында ұрып байланды. Мәдениет аты мәдениет те!

Белгия өтінуі бойынша "Таймс" газетасы мынаны жазады.

"Немістер Белгияны алғанда, рухани адамдар өзгеше жамандық көрді. Шіркеулерді түрме, атқора, дәретхана қылды, қиратты. Шіркеу бұйымдарын ұрлады. Поптардың көбін атып өлтірді, асып өлтірді. Өлтірмегенін Германияға мал есебінде айдап апарып, адам баласына істемейтін қорлықты көрсетіп, сорлатып отыр".

21-інші ауғуста Поген [?] шаһарының 83 жастағы Айклерк деген попын: - сен әскерге оқ аттың, - деп абақтыға салып, көп қорлық көрсетіп, ақырында атып өлтірді.

Айклерк ол кезде ауруханада отырған поп. Шаффин [?] деген қаланы алғанда 15-інші ауғуста 170 үйді өртеп, 27 кісіні жазықсыз атып өлтірді. Сол қаланың попын ұстап алып, атамыз деп қорқытып-қорқытып, ақырында енді көзіңді жоғалт, кет-кет деп босатып, қашып шыға бергенде мылтық атқан. Поп жығылып, өтірік өлген болып айламен тірі қалған. Маленде 26, Льежде 30 попты маткаға асып өлтірген.

Еуропа адамшылығымыз мол, мәдени жұртпыз, жетілдік, артылдық деп айтатыны құр мақтаныш болмаса, әлі тағылықтан айрылған жоқ-ау!

"Орыстың сыртын қырсаң, іші татар шығады, орыстың төресін қырсаң, іші жандарм шығады" дегендей, Еуропаның мәдени жұртының сыртын қырсаң, іші қаскүнем, ақсақ болып шығады-ау!

Біз жұртқа Еуропа-Еуропа дей беруші едік. Ұялдық-ау!

Қыр баласы.

"Қазақ" газеті, 1915 жыл, №99.

Орынбор қаласы.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. IX том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар