Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз!

21:52, 07 сәуір 2024 430

Журналымыздың бұл санына Түркістан ақындарының ең атақтыларының бірі Мағжан Жұмабайұлының "Алыстағы бауырыма" деген өлеңін жариялап отырмыз. Мағжанның "алыстағы бауыры" Анадолы түріктері екені кімге де болса белгілі.

Түркістандағы қазақ түріктер"Тар қолтықтан оқ тисе,

сүйекке шабар қарындас",- дейді.

Анадолыдағы түрік бауырларының тар қолтығынан оқ тиген шақта, Түркістандағы түрік ақыны "Сүйекке шапқан қарындас" болып, өзінің түрікшілдігін танытып осы өлеңді жазған еді. Бұл кезде Анадолы түріктері "қамаған қалың жауға (дұшпанға) қарсы тарихта бұрын болып көрілмеген сұрапыл тәуелсіздік күресін жүргізіп жатқан еді..."

Иншалла, "Жүректегі от сөнген жоқ", "Тамырдағы ата қаны да құрымаған". Халқымыздың бойындағы түрікшілдік рухының жандануы және күшеюі бұған ең жарқын дәлел бола алады.

Ақын: "Құл боп тұру біздің атымызға лайық па?",- дейді.

Жоқ, мүлде лайық емес!

Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз. Мәскеудің "азабынан" құтылып, ұлт азаттығымызға тезірек қол жеткізетін бірден-бір дұрыс жол - түрікшілік жолы. Міне, сондықтан да Мағжанның "Алыстағы бауырыма" деп аталатын өлеңі түрікшілдік идеясы үшін ең құнды және ең пайдалы өлең.

Бұл өлең Түркістан үкімет баспасы 1923 жылы Ташкентте басып шығарған "Мағжан Жұмабай өлеңдері" атты кітаптан көшірілді.

АЛЫСТАҒЫ БАУЫРЫМА

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым,
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

Алдыңда ауыр қайғы жатқан бауырым,
Өміріңше жапа шеккен жаттан бауырым.
Түксиген, жүрегі тас жауыз жандар,
Тірідей терің тонап жатқан бауырым.

Япырмай, емес пе еді алтын Алтай
Анамыз бізді тапқан, асау тайдай!
Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,
Жүзіміз емес пе еді жарқын Айдай!

Алалы алтын сақа атыспап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек?
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен
Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек?

Тұрмап па ед біздер үшін мөлдір бұлақ,
Сылдырап, сылқ-сылқ күліп таудан құлап?
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,
Тілеген бір-бір тұлпар бейне шырақ!

Алтайдың алтын күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп, жаңа ер жетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап,қалдың кетіп!

Мен қалдым - жас балапан қанат қақпай,
Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.
Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,
Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай?!

Қорғасын жас жүрекке оғы батты,
Күнәсіз таза қаным судай ақты.
Қансырап әлім құрып, естен тандым,
Қараңғы абақтыға берік жапты...

Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,
Күндіз - күн, түнде - күміс нұрлы Айды да!
Ардақтап, шын жібектей арайға орап,
Өсірген алтын анам Алтайды да.

Япырмай, айрылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан?!
Түріктің жолбарыстай жүрегінен,
Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан?!

Шарқ ұрып өрге ұмтылған түрік жаны
Шынымен ауырды ма, бітіп халы?!
От сөніп жүректегі, құрыды ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!

Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа
Лайық па құл боп тұру? Жүр, кетелік
Алтайға, ата мирас, алтын таққа!

Мұстафа Шоқай "Түркістан ақындарынан" атты мақаласынан

Дереккөз: Шоқай М. Таңдамалы.-Алматы, 1998

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар