Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бүгін - алаштанушы, қазақтың біртуар жазушы-ғалымы Тұрсын Жұртбайдың туған күні

16:18, 15 тамыз 2024 326

Бүгін қазақтың біртуар жазушысы, ғалым Тұрсын Жұртбай атамыздың туған күні. 73 жасқа толды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы. 

Естеріңізде болса, жазушының 70 жас мерей тойында Еуразия ұлттық университеті “Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізген еді.  Шараға президент баспасөз қызметінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ел президентінің бас хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында:

“Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының атақты өлеңін баршаңыз білесіздер.

Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,

Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, - деп елжірей толғанады.

Бұл ақынның «Таныстыру» поэмасы. Қарапайым қазаққа заманның бағдарын нұсқай отырып, сол бағдарда шырақ болатын азаматтарды таныстырады. Сол поэманың үш арысымыз Әлихан, Ахмет, Міржақып туралы айтқан шумақтарында:

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын, - деп жүрегіңді солқ еткізетін тұсы жетерлік.

Мен мұны неге айтып отырмын? Бүгінгі біз үшін де «жүрек майын шам қылған» алаштың аяулы азаматтары бар. Солардың ең биік тұғырында тұрғаны, бүгін біз жеті бел асқан мерейлі тойына келіп отырған қазақтың эрудит ғалымы, біздің ұстазымыз – Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай. Тәуелсіздік тұсында тұлғаланған бірнеше буынның тарихи санасының қалыптасуына, әдеби түсінігінің толығуына,мемлекетшілдік танымның орнығуына Тұрсын ағамыздың атқарған еңбегі, қосқан үлесі орасан.

Ғалым үшін ең басты қасиеттердің бірі – жанкештілік. Ғылымға адалдық та, принципшілдік те, бәрі осыдан шығады. Сонау студент кезімізде Тұрсын ағамыздың екі томдық «Дулыға» еңбегін жастанып оқығанымыз есімде. Сонау Тарғытай заманынан яғни қола дәуірінен бері тартып, тарихтың мұнарасындай қадау-қадау тұлғаларды белгі етіп, уақыттың желісімен біздің заманымызға қарай тартқан сол еңбек біздің ұлттық «МЕНІМІЗДІ» оятса, одан кейінгі үш томдық «Ұраным – Алаш» сол санамызды ұшар биікке көтерді. Ал ағамыздың Абайтану, Әуезовтану тарапындағы ұланғайыр еңбегі өз алдына бір әлем. «Құнанбай», «Қалибек Қуанышбаев» еңбектері де артынан ерген кейінгі өскіннің қолынан түспей оқылып келе жатқан сүбелі зерттеу, сүйекті шығармалар екенін уақыт өзі көрсетті.

Жеті бел асып, ел ақсақалы болған бүгінгі кезде де ағамыздың қаламы қолдан түскен жоқ. Керісінше, бұрынғыдан да беки түскендей әсер қалдырады. Өзі айтқандай, бүгінде ағамыздың «Күн мен түні – Абайдың тұтқыны» болып өтіп жатыр. Абайдың текстологиясымен түбегейлі айналысып жүр. Көптеген мықты шәкірттер тәрбиелді. Ол шәкірттерінің алды өзі де ұстаз болып өзінен кейінгі буынға тәлім бере бастады. Сол тұрғыдан келгенде Тұрсын ағамыз ғылымнан немере сүйіп отырған бақытты ғалым. Бақуатты қаламгер.

Тұрсын Жұртбай ғылымда ғана емес, қарапайым өміде де бізге қамқор аға, жанашыр жақын адам. Бұл кісі шығармашылығыңды ғана қадағалап, өміріңнің не болып жатқанына бас ауыртпайтын адам емес. Артынан ерген барша шәкіртінің жағдайына алаңдап, үнемі қамқорлап жүретін мейірімді, шуағы айналасын жылытып жүретін кісі.Сөздің орайында айта кетейін, Шымкентте қызметтер жүрген кезімде 2013 жылы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай, Ағамызды жергілікті зиялылар мен жастармен кездесуге шақырдым. Сол күні кішкентайлы болдық. Қуанышты хабарды естіген Тұрсын ағамыз «Мына бала өз атын сұрап туған бала екен. Атын Әлихан деп қою керек. Егер Әлихан қоймасаң, осы күнге дейін алаш туралы айтып, жазып жүргеніңнің бәрі өтірік» деп кесіп айтты. Сөйтіп, біздің дайындап жүрген атымызды қалдырып, ұлдың атын Әлихан қойды. Уақыт деген аққан су ғой, сол кішкентай Әлихан да сегізден асып барады...

Тұрсын Жұртбай туралы таңды-таңға ұрып сөйлеуге де, том-том кітаптар жазуға да болады. Әлі талай өскін ағамыздың басқан ізін зерттеумен ғалым болары сөзсіз. Әзірге тек ағамызға зор денсаулық, шалқар шабыт тілейміз. Жеті белден асқаныңызбен алдыңызда әлі сеңгір бар. Сол тойда осылай жарқын жүздесуге жазсын! Аман болыңыз асыл аға!” деп жазды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар